Экономика

Кедендік одақ жамбылдық дихандарға көмек көрсетуде

Кедендік одақ жамбылдық дихандарға көмек көрсетуде

Жамбыл облысындағы Талас ауданының дихандары Кедендік одақтан келер көмекті жақсы сезіне бастады. 500 тонна дәмі тіл үйіретін қарбызды Ресейдің кәсіпкерлері өздері сатып алып кетіпті. Тағы осынша өнім енді бірер күнде көлікке тиелмек. Ал күздік қауын піскен бойда, келісім-шартқа сәйкес ресейлік тұтынушыларға жол тартады. Сұраныс артқан соң, дихандар келесі жылы егіс көлемін арттырмақ. Талас өзенінің аяқталар жағындағы, шөлейтті саналатын өңірдің қауын-қарбызы тек Жамбыл облысы емес, айналаға дәмімен танымал. Астана мен Алматыда тәтті дәмі үшін тапсырыспен алдыртатын арнайы сауда орталықтары бар. Биыл олардың қатарына Ресей кәсіпкерлері қосылды. - Ресейден келген жігіттер көріп, қарбызымызды ұнатып, алып кетті. Осындағы 2-3 ұжым 500 тоннадай жібердік. Енді келесі жылы тағы да аламыз деп отыр. Соған орай қарбыз егетін көлемді ұлғайтпақшымыз, - дейді дихан Нұрмахан Жамашев. Жергілікті биліктің көмегімен канал тартып, су алып отырған «Қойшыбай ата» шаруа қожалығы нарық заманының ыңғайын дұрыс түсіне біліпті. Соның арқасында табысы артқан. - Біз жылдан жылға тәжірибе жинап, осы күздік қауынға көштік. Оның себептері біз қауындарымызды тасымалдамаймыз. Келісім-шарт жасаған фирма осы жерден алып кетеді. Бұл Ресейге, Қырғызстанға кетеді, деді  шаруа қожалығының жетекшісі Ақынбек Бектаев. Талас ауданының дихандары өнімдеріне сұраныстың артқанын шаруашылықты ұтымды жүргізе білгендіктен деп түсіндіреді. - Қазір Кедендік одақ пен Еуразиялық экономикалық одақтың дихандар үшін пайдасы зор болып тұр. Дихандар осы одақтың арқасында Ресей мемлекетіне өнімдерін көптеп шығарып жатыр, - деп атап өтті  Талас ауданы әкімінің орынбасары Серік Дадабаев. Ал ауданның мал баққан шаруалары болса, асылтұқымды қойдың санын көбейтіп жатыр. «Шалқар» шаруа қожалығы қазақтың қылшық жүнді, құйрықты қойын көбейтіп, пайда таба бастапты. Шаруа қожалығының жетекшісі Жаңабек Шалқарбаевтың айтуынша,  мемлекеттен субсидия қарастырылған, соны алып отыр. Былтыр 4 миллион теңгедей ақша берілген.  1200 аналық саулықтың басына 1500 теңгеден ақша, селекциялық жұмысқа бөлінді. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы шаруалар қолдағы бар малдың қатарын еселеп көбейтпекші.

Ақпарат көзі: www.kazinform.kz