Экономика

Кәсіпкерлік: оны дамытуға не кедергі?

Кәсіпкерлік: оны дамытуға не кедергі?

Кәсіпкерлерге мемлекеттік бағдарла­маларға қатысу ережелерін түсіндіру және насихаттау мақсатында құрылған арнайы жұмыс тобы аудандарды аралауда. Жақында топ мүшелері Жамбыл ауданының әкімдігінде болып, кезекті жиындарын өткізді.

Оған облыс әкімінің орынбасары Қалижан Әбдірайымов, аудан әкімі Рүстем Дәулет, облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Досан Рымтаев, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Асан Қошмамбетов, облыс бойынша «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ директоры Руслан Жайшаев, «Қазагроқаржы» АҚ Жамбыл филиалының қызметкері Нұрдәулет Тлеубаев, аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Жолдығұл Тоғанбаев, ауыл әкімдері, мемлекеттік орган, облыстағы екінші деңгейлі банк және қаржы институттарының өкілдері, жергілікті кәсіпкерлер қатысты. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша сөз алған облыс әкімінің орынбасары Қалижан Серікұлы облыс әкімінің тапсырмасы бойынша құрылған арнайы жұмыс тобы аудандардағы кәсіпкерлердің жай-күйімен танысып, оларға қолдау білдіру мақсатын көздейтіндіктерін айтты. Кәсібін жаңадан бастауға ниетті жандардың жолында кездескен кедергілерді шешудің бағыттарын көрсетуді мақсат тұтқандарын жеткізді. Мұнан кейін аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Ж.Тоғанбаев аудан орталығында 4 айдан бері жұмыс істеп келе жатқан палатада 7 түрлі қызмет көрсетілетінін айтып, оларға жекелей тоқталды. Кәсіпкерлердің қазіргі таңдағы ең негізгі проблемасы – екінші деңгейлі банктерден несие алу кезінде кепілге қоятын мүлік екенін баса айтты. Палата директорының сөзін Досан Рымтаев та қуаттады. Келесі кезекте «Бірлік» шаруа қожалығының төрағасы Жаңабек Сұлтанбаев бизнес-жоспар жасауға облыстық кәсіпкерлер палатасына барғанын, алайда ондағы қызметкерлер «бізге қаражат бөлінген жоқ» деп шығарып салғанын және «Қазагроқаржы» АҚ Жамбыл филиалына жүз бас сүт тауарлы фермасын ашуға құжаттар жинап, өткізгенін, бірақ, әлі күнге дейін жауап ала алмай жүргенін қынжылыспен жеткізді. Бұл сұраққа «Қазагроқаржы» АҚ Жамбыл филиалының бас маманы Н. Тлеубаев Ж.Сұлтанбаевтың құжаттарын қабылдап алғанын бірақ, қазіргі кезде қаржы институттарының талаптарына сәйкес, тек 130 бастан асқан жағдайда ғана тауарлы сүт фермасына сервистік қызмет көрсету бағытындағы жобаларға қаржы бөле алатынын айтты. Жоба «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның Жамбыл филиалы арқылы өтуі тиіс екенін алға тартты. Ал Ж.Сұлтанбаев: – Менде қазіргі кезде 130 бас ірі қараға арналған мал бордақылау алаңы жұмыс істеп тұр. Газ, су жүргізіліп жатыр. Бірақ, бұрын осы мал бордақылау алаңына да несие алуға ниет білдіргенімде, ондағылар мал басы талап бойынша 400 бастан асса ғана қаржы бөлініп, субсидия беріледі деген болатын. Мұны қалай түсінуге болады?! Мен ашқалы отырған 100 басқа арналған тауарлы сүт фермасының өзін ұстап отыру үлкен жұмыс, білген адамға. «Артық дәулет, басқа бейнет» деген. Мен өз мүмкіндігіме қарай мал санын көбейтемін. Мүмкіндігім жетпейтін малды қалай асырамақпын? Мен сонда қаншама айлар бойы жинаған бүкіл құжаттарымды алып, қайтадан басқа есікті қағуым керек пе, түсініксіз? Меніңше, осы жөніндегі қаржы институттарының ұстап отырған бағыттары дұрыс емес, – деді кейіп. Келесі кезекте Р.Жайшаев «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында банктік несиенің үстеме пайыздық ставкаларын субсидиялауды сөз етсе, одан әрі «Банк Центр Кредит» АҚ директоры Қарлығаш Аралбекова кәсіпкерлерде өте көп идея болатынын, бірақ соны жүзеге асыру үшін нақты жоспар болмайтынын, жоспардың қаржылық айналымы мен несиені қайтару механизмі ойластырылмайтынын, бизнесті жүзеге асыруда бухгалтерлік есеп жүргізілмейтінін, қысқасы, кәсіпкер идеямен ғана келіп, оларды қалай іске асыру механизмдерін дәлелдей алмайтынын баса айтты. Несиеге берілетін қаржы мемлекеттікі болғандықтан өте мұқият қаралған соң ғана шешім шығарылатынын түсіндірді. Жиын соңында аудан басшылығы жұмыс тобының қызметіне табыс тілеп, алғыс білдірді.

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА,

"Ақ жол". Жамбыл ауданы.