Экономика

Шу өзенінің жағасы нығайтылуда

Шу өзенінің жағасы нығайтылуда

Шу өзені – Қордай ауданының аумағында 170 шақырымға жуық жерде ағады. Асау өзен жауын-шашын мол жылдары көктемде тасып, жағалауын опырып, арнасын бірқатар тұстарда 100-150 метрге дейін өзгертеді. Арнасынан асып-тасқан су бұрын өзен бойына жақын орналасқан елді мекендерге де қауіп төндіріп келді. Аудан тұрғындарының жағалауды нығайту жөніндегі өтініштерін жүзеге асырудың сәті 2004 жылы түсті. Республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға өзеннің жағасын ірі әрі ұсақ жұмыр тастармен нығайту қолға алынды. Осы мерзімде 100 шақырымға жуық жерде қауіпсіздік шаралары жүзеге асырылды. Бұл істі мемлекеттік сатып алу конкурсында ұтып алған «Сұңқар-2002» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп келеді. Серіктестік үстіміздегі жылы да Сортөбеден Қайнар ауылына дейін 35 шақырымда жағалауды жұмыр таспен бекіту жұмысын ұтып алды. Құрылыс келесі жылдың қазан айында аяқталуы тиіс. Бұл мақсатқа 5 миллиардтан астам теңге қарастырылған.

Нысан Сортөбеден Чумыш су желісіне және Қайнар ауылына дейін екі телімге бөлінген. Үстіміздегі жылы Сортөбеден Чумыш су желісіне дейін 7 шақырым 960 метрде атқарылатын жұмысқа 996 миллион 476 мың теңге, екінші телімдегі 10 шақырым 700 метр жерге 1 миллиард 621 миллион теңге жұмсалады. Серіктестік екі телімде жұмысты қатар жүргізуде. Құрылысшылар уақытпен санаспай жұмыс істеудің нәтижесінде бөлінген қаржының 70 пайыздан астамын игерген. Келісім-шартта белгіленген міндет үстіміздегі жылдың қазан айында толық орындалады. – Құрылысқа кілең қуатты техника тартылған. Біз іске өзеннің суы азайған кезде кірісеміз. Жағалау ені 3-4 және 3 метр тереңдікте экскаваторлармен қазылып, олар ірі және ұсақ жұмыр тастармен толтырылады. Биіктігі су деңгейінен бір метрге дейін көтеріледі. Бұл жұмысқа қуатты 10 экскаватор жегілген. Жетпіс «КамАЗ» және «Коба» жүк автомобильдері үздіксіз тас тасымалдайды. Құрылысшылар вахталық әдіспен жұмыс істейді. Оларға нысан басында жылжымалы вагон, асхана және монша қызмет көрсетеді, барлық тұрмыстық жағдай жасалған. Республикалық бюджеттен қажетті қаржы да уақтылы бөлінуде, – дейді «Сұңқар-2002» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Данабек Жұмабеков. Мемлекеттің бұл қамқорлығына қордайлықтардың алғысы шексіз. Жағасы нығайтылған өзен бойында орналасқан елді мекендердің тұрғындары енді «көктем және күз айларында үйімізді су шаяды» деп алаңдамайды. Бұл жұмыс келешекте де кезең-кезеңмен біртіндеп жүзеге асырылады.

Ақылжан Мамыт, «Ақ жол».

Қордай ауданы Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.