Мәдениет

Өнерлі елдің өрісі кең

Өнерлі елдің өрісі кең

13Мемлекет басшысы Театр қайраткерлері одағының төрағасы Тұңғышбай Жаманқұловты қабылдады. Кездесуде театр өнерін дамытудың негізгі аспектілері, театрлардың репертуар саясаты және олардың шығармашылық деңгейін одан әрі көтеру мәселелері қаралды. Нұрсұлтан Назарбаев елдегі мәдениет пен өнер саласының жүйелі дамуын атай келе, тарихи тақырыптарға арналған қойылымдардың маңыздылығын айтты. Т.Жаманқұлов өзі басқаратын одақтың қызметі, сондай-ақ, отандық театрлардың, соның ішінде өңірдегі театрлардың жұмысы туралы баяндады. Елбасы Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ президенті Ермек Аманшаевты да қабылдады. Кездесуде отандық кинематографияның жағдайы мен даму перспективалары, киностудияның қазіргі жұмысы, алдағы кезеңге арналған жоспарлары талқыланды. Мемлекет басшысы бүгінде киностудия қазақстандықтардың мәдени дамуында айрықша рөл атқаратынына назар аударды. Осы саланың нығаюы үшін мемлекет тарапынан барлық қажетті жағдайлар жасалуда. Киностудия жоғары дәрежелі жабдықтармен және заманауи түсіру алаңдарымен қамтамасыз етілген. Нұрсұлтан Назарбаев өскелең ұрпақтың тәрбиесіне оң ықпалын тигізуі тиіс патриоттық тақырыптағы фильмдер өндірісі қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, Қазақ хандығының түрлі тарихи кезеңдеріне және сол заманның айтулы тұлғаларына арналған кинолар түсірудің өзектілігіне тоқталды. Жас ұрпақты адамгершілік рухта тәрбиелеуге бағытталған анимациялық фильмдер жасаудың маңыздылығын да айтты. Өз кезегінде Е. Аманшаев кино­студияның жыл соңына дейін прокатқа түрлі тақырыптағы 8 фильм шығаруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Сондай-ақ, қазақстандық кинофильмдер былтыр 1 миллионнан астам көрермен жинағанын атап өтті.