«Қарлығашқа» қамқорлық керек-ақ
«Қарлығашқа» қамқорлық керек-ақ
Аудан орталығындағы «Қарлығаш» балабақшасының іргесінің қаланғанына келер жылы тура отыз жыл толады екен. Екі қабатты еңселі ғимарат жиырма тоғыз жылдан бері күрделі жөндеу көрмепті. Әйтеуір, айналасында тал-дарақ көп болған соң ба, қабырғаларының тозығы жеткені сырт көзге аса білінбейді. Мектепке дейінгі мекеменің меңгерушісі Назира Дүйсебаеваның айтуынша, балабақша қиын-қыстау кезеңде де жұмысын тоқтатпапты. Бірақ, бүлдіршіндер тек орыс топтарында тәрбиеленген екен.
Тоқырау жылдарында елімізде, әсіресе, ауылдық жерлерде көптеген балабақшалар жабылып қалғаны белгілі. Ал «Қарлығаш» сол кездегі мекеме басшысы Ваккерттің табандылығының арқасында жабылмай, «аман» қалған көрінеді. Содан бері еш үзіліссіз бүлдіршіндердің жылы ұясы болып келеді. Қазір бұл мекемеде бес топта 120 балғын тәрбиеленуде. «Бізді алаңдатып жүрген жайт жылыту жүйесі болатын. Биыл аудан әкімінің қолдауымен Руслан Каримовтың фирмасы жүйені жаңарту жұмыстарын жүргізуді қолға алды. Құрылысшылар бірі газбен, бірі көмірмен жылытылатын екі қазандық қойып, ескі жылу құбырларын ауыстырып бермекші», - дейді Н. Дүйсебаева. Балабақша қызметкерлері үшін бұрын қыс айларында балғындардың киімін жуатын және асхана мен жуыну бөлмелерінде суды жылыту қиыншылық туғызып келген екен. Енді құрылысшылар бұл бөлмелерге де газбен жылытатын колонка орнатып бермекші. «Бәрін айт та бірін айт» демекші, ендігі шешімін күткен бір-ақ, мәселе бар. Ол –балабақша ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу. Өйткені, ғимарат тозып барады. Бір сөзбен айтқанда, «Қарлығашқа» қамқорлық керек-ақ.
Сейсен Қожеке, «Ақ жол».
Меркі ауданы.