ҰБТ жеңісі – ұстаз еңбегінің жемісі
ҰБТ жеңісі – ұстаз еңбегінің жемісі
Білім беру жүйесін тиімді құра білген елдің еңсесі де биік, абыройы да жоғары. Бұл уақыт ағымы дәлелдеген шындық. Білім сапасы педагог кадрлар әлеуетіне тікелей байланысты десек, сапа өлшемі – бәсекеге қабілеттілік. Нақтырақ айтсақ, жастардың білім-ғылым биігін еркін бағындыра алуы, қоғамда сұранысы жоғары маманға айналуы. Ал осы межеге жеткізер жол бүгінде ұлттық бірыңғай тестілеу болып отыр. Өткен оқу жылында аудандағы 28 орта мектепті 705 түлек бітірген болса, соның 83,6 пайызы ҰБТ-ға қатысты. Аудан оқушыларының тестілеу қорытындысы бойынша орташа көрсеткіші – 80,57 балл.
Соңғы сынақта үміт артқан озат оқушыларымыз жерге қаратқан жоқ. «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткер 30 мектеп бітірушінің 17-сі өз білімдерін дәлелдеді. Бес шәкіртіміз үздік аттестат иегері атанды. Былтыр ҰБТ нәтижесі бойынша екінші орын алсақ, шәкірттеріміздің жоғары көрсеткішінің арқасында биыл облыста алға шықтық. ҰБТ негізгі білім сапасын көрсететін өлшем емес десек те, оқу жылының қорытындысы осы сынақтың нәтижесіне қарай сараланатыны шындық. Мұғалімдер еңбегін бір ғана тестілеуге қарап бағалауға болмайды, әрине. Бірақ, он бір жылғы білім жүйесінің деңгейін саралайтын көрсеткіш болып отырғанын да жоққа шығара алмаймыз. Себебі, бүгінгі өскелең ұрпақтың бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын бірден-бір фактор әзірге, осы. Жалпы орта білім беру жүйесінің жұмысы сан салалы. Соның барлығының жиынтығы – сапа. Осы тұрғыдан алғанда, өткен оқу жылын сала қызметкерлері табысты аяқтады деуге де болады. Аудан бойынша білім сапасы – 71,5, жалпы үлгерім 98 пайызды құрауы – мұның айқын дәлелі. Бұл – шәкірттеріміздің табысы ғана емес, сала қызметкерлерінің, ұстаздарымыздың еңбегінің жемісі. Ауданымызда 1602 педагог жұмыс атқарса, оның 92 пайызы жоғары білімді мамандар. 286 жоғары санатты ұстаз бар, бірінші санаттыларының қатары 32 пайызды құрайды. Десек те, ауылды жерлерде білікті маманға деген сұраныс жоғары. Кейбір пәндер бойынша маман тапшылығы әлі де сезілуде. Саралау жұмыстарының нәтижесінде бүгінгі күні ауданға әлі 17 мұғалім керек екендігі анықталып отыр. Қазіргі таңда осы мәселенің шешімін табу үшін қандай мамандықтарға қажеттілік барын нақтылап, облыстық білім басқармасына хат жолдадық. Өңіріміздегі мұғалім мәртебесін көтеру бағытында атқарылып жатқан іс-шаралар да сала жұмысының ілгерілеуіне өз ықпалын тигізе бастады. Республикалық «Үздік педагог» байқауының алғашқы жеңімпаздарының бірі осы ауданнан шыққаны – сөзімізді нақтылай алады. Бұл жетістік өзге мамандардың ынталанып, алға ұмтылуына жол ашып берді. Сөйтіп, былтыр үздік ұстаз Базарбай Дүйсенбаевтың жетістігін Д. Қонаев атындағы мектеп гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі М. Абдукодирова қайталап, 1 735 000 ақшалай сыйлыққа ие болды. Бұдан өзге облыс көлемінде ұйымдастырылатын конкурстарда да топ жарып жүргендер де баршылық. Солардың арасында Жанар Қожакерімова, Эльвира Сейтбекова, Зейнеп Дәуренова, Бану Шоева сынды мамандарды атап өткім келеді. Жалпы білім сапасының артуына мектептердегі материалдық жағдайдың тікелей ықпалы көп. Сондықтан, ауданда осы бағыттағы жұмыстар жалғастырыла бермек. Аудандағы 39 білім мекемесінің барлығы компьютерлендірілген, 11 оқушыға бір компьютерден келеді. Мектептер жүз пайыз телефон және интернет байланысымен қамтамасыз етілген. Оның ішінде кең арналы интернет желісіне қосылғаны – 37. Он үш білім ошағының кітапханаларында интернет желісі жұмыс істеп тұр. Аудан мектептерінде 71 интерактивті тақта бар. 15 биология, 19 химия, 21 физика кабинеті арнайы жабдықталған. Ертеңгі елдің тұтқасы – жастардың заманауи технологияны меңгергені дұрыс. Әйтсе де, білім тәрбие арқылы берілетінін ұмытпау керек. Өскелең ұрпаққа сапалы білім беріп, саналы тәрбие беру – біздің елімізде қашан да өзекті мәселелердің бірі болып қала беретіні анық. Себебі, білім – дамудың негізгі жолы.
Сағындық Әбілдаев, аудандық білім бөлімінің басшысы.
Жуалы ауданы.