Нашақорлардың қатары азайған
Нашақорлардың қатары азайған
Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде мәлім болған ресми дерекке сүйенсек, елімізде соңғы 5 жылдың ішінде денсаулық жүйесінің есебінде тұрған нашақорлардың саны 10 пайызға қысқарған. Бір дәтке қуат ететіні, есірткіге еліткен жастардың, балалар мен әйелдердің саны азайып келеді. Бұған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасында нақтыланған профилактикалық міндеттердің көп көмегі тиді деп есептейді нашақорлықтың медицина-әлеуметтік проблемалары республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Алтынай Есқалиева.
Десек те, бұл нашақорлық секілді ғасыр дертінен жасөспірімдер толық арылды деген сөз емес. Мамандардың айтуынша, республикада есірткі тұтынатын 36 мыңға жуық тұрғынның 353-і кәмелеттік жасқа толмаған жеткіншек екен. А. Есқалиева нашақорлықтың медициналық қана емес, әлеуметтік-құқықтық салдары болатындықтан әрқашан өзекті болып қала береді дейді. Себебі, есірткіні тұтынудың кең тараған түрі инфекциялық жол болып табылады. Ал ине арқылы нашақорлардың 60 пайызы ЖҚТБ (ВИЧ) инфекциясын жұқтыруға бейім және олар туберкулез, В және С гепатитіне жиі шалдығатын көрінеді. Орталық директоры жұқпалы аурулардың таралуының алдын алу үшін нашақорлармен үлкен емдік-диагностикалық жұмыстар жүргізілетінін айтты. Ресми ақпарат бойынша, ағымдағы жылдың 1 маусымына дейін 187 науқас апиынды алмастыру терапиясын қабылдаған. Олардың 48-і – ЖҚТБ ауруына позитивті науқастар.
Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».