Мәдениет

ИКОМ Қазақстанға есік ашты

ИКОМ Қазақстанға есік ашты

Отандық «ИКОМ (International Council of Museums – Халықаралық музейлер Кеңесі) Қазақстан. Халықаралық мұражайлар одағы» былтыр Астана қаласы мұражайларының бастамасымен құрылған болатын. Енді ғана жұмысын бастаған бұл ұйым халықаралық ИКОМ кеңесінің Бас ассамблеясының отырысына қатысып, көненің көзіндей болған жәдігерлерімізді шетелге таныстыруға мүмкіндік алды. Қуаныштысы сол, бүгінде әлемнің ең озық мұражайлары еліміздегі мұражайлармен тәжірибе алмасуға дайын. Жақсы жаңалықты өңірлік мұражайлармен бөлісуді көздеген «Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешенінің ғылыми қызметкері Дамира Маханова өңірімізге арнайы келді.

– Қазақстан музейлері халықаралық ИКОМ ұйымына мүшелікке қабылдануын еліміздегі музейлер қызметінің үлкен жетістігі деп қарауымызға әбден болады. Халықаралық ұйым біздің қызметімізге тиімді. Бұл әрі музейлер қызметінің халықаралық стандарттарға сай болуын қамтамасыз етеді. Алдағы уақытта ұйымның әлем елдері қолданып отырған тәжірибелерін еліміздің барлық музейлеріне таратамыз. Сіздер де осы бағыттағы өз ұсыныстарыңызды ортаға сала аласыздар, – деді Д.Ерболқызы. – Облыстық тарихи өлкетану мұражайында өткізілген кездесуге мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсен Бықыбаев қатысып, «ИКОМ Қазақстан» қоғамының маңызына ерекше тоқталып өтті. «Біздің еліміздің «ИКОМ» кеңесіне мүшелікке қабылдануының өзінде үлкен мән жатыр. Кез-келгенді мүшелікке қабылдай салмайды. Біз бұған мәдени құндылықтарымыздың молдығы мен ұлттық байлығымыздың жеткілікті екендігінің арқасында жетіп отырмыз. Бүгінде әлемде Еуропа мұражайлары қарқынды түрде дамуда. Енді біз де олармен тәжірибе алмасып, өзімізді көрсете білуіміз керек. Шығыс пен Батыстың арасын жалғаған, әлемдік өркениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосқан «Ұлы Жібек жолының» бойындағы ортағасырлық қалалалардың бірі Тараздың да мол мұрасы бұған лайық» деді Д.Дыбысалыұлы. Бұл мәселеде, әсіресе, тарихы тым тереңде жатқан Тараз жері шет қалмауы қажет. Тасын түртсең, тарихтан сыр шертетін тағылымға бай ежелгі қала шет елдіктердің назарын қай кезде де өзіне аударумен келеді. Сондай-ақ, музей мамандары қатысқан отырыста тарихымыз бен мәдениетімізді насихаттап, туризмді дамыту ісі де кеңінен талқыланды.

Гүлжан РАХМАН, «Ақ жол».