Мәдениет

Достықты ту еткен неміс қоғамы 25 жылдығын атап өтті

Достықты ту еткен неміс қоғамы 25 жылдығын атап өтті

Облысымыздағы неміс қауымдастығының құрылғанына 25 жыл толып отыр. Осыған орай бірлестікке алыстағы Алманиядан мәртебелі меймандар келіп, қандастарының қуанышына ортақтасты. Бұл өнерпаздар делегациясын бастап келген музыка маманы Якоб Фишер алдымен қаламыздағы білім ошақтарына бас сұғып, кездесулер өткізді. Бұдан соң, облыстық тарихи өлкетану мұражайына да ат басын бұрып, тағылымға толы Тараздың бай тарихымен танысты. Мерекелік шара қалалық мәдениет үйіндегі концертпен жалғасты.

– Қазақстан өзінің тәуел-сіздік алған уақытынан бастап, өзге ұлт өкілдеріне қорған бола білді. Тіпті, өзінің жергілікті халқынан кем көрген жоқ. Әрине, мұның барлығы қазақ халқының санасында қалыптасқан қонақжайлылық пен кеңпейілділіктің бір көрінісі дер едім. Бүгінде мұндағы неміс диаспорасы қазақ халқымен тығыз және бейбіт өмір сүріп, өз кезегінде олар да тәуелсіз Қазақстанның гүлденуіне зор үлестерін қосуда, – деген Якоб Фишер Германия мен Қазақстан арасындағы достыққа ерекше тоқталып, ол елде 1 миллион 200 мың қазақстандықтар тұратынын, германиялықтардың Қазақ елін жақсы құрметтейтінін жеткізді. Сондай-ақ, Қазақстан халқы ассамблеясы облыстық хатшылығының басшысы Лариса Лысова мен облыстық неміс этномәдени бірлестігінің төрағасы Александр Гибнер сөз сөйлеп, бұл мерекенің мәні мен мазмұнына, жергілікті ұлт өкілдерінің барша ұлт өкілдеріне көрсетіп отырған қамқорлығына кеңінен тоқталып, алғыстарын айтты. Концерттік бағдарламада «Жас дәурен» би ансамблі өнер көрсетіп, тараздық әнші, неміс қызы Анна Вундер қандастарының алдында әуелетіп ән шырқады. Германиядан келген өнерпаздар да аянып қалған жоқ. Достықта шекараның болмайтындығын дәлелдеген кеш әсерлі өтті.

Гүлжан РАХМАН, «Ақ жол».

 Тараз қаласы.

Суретті түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.