Әдебиет

«Кешірім де керексіз, Өкпелеу де орынсыз»

«Кешірім де керексіз, Өкпелеу де орынсыз»

Жанғазы АХМЕТСен кеткен соң...

Ақшам артын жапқанда қара барқыт... Сен кеткенсің налаңды маған артып. Соны ұғуға түйсігім тар боп тегі... Жолығуға жазбады жорамал түк. «Жазбады һәм пешене сызықтары...» Үмітімді еһ солай үзіп бәрі. Қара барқыт бүркеніп жыр жазам кіл, Сенсіз күндер тізбегін тізіп тағы. Жанардан жас, жастан нұр тасаланды, (Айыптауға жоқпын мен Жасағанды.) Көп ертегің көкке ұшты, нүктесі боп, Көгертемін дегенің босағамды. Тілегіміз түрілсе түнеу түнгі, Өзекті етпек өткенді тілеу кімді. Маған ұқсас болған соң сыр ашып ем, Саған ұқсас назданып біреу күлді. Жүк боп құлап жүрекке мидан мұңым, Қалай сол мұң санама сиған бұрын. «Ай-ыр-ма-сын...» деп әлі қайталаймын, Қайырмасыз бір әнді илан, гүлім. Сезімдердің сорған соң іңір нәрін, Құптан сәттен құлаққа күбір мәлім. Күбірімнің өңінде өлең өргем, Өлеңімді сен ғана ұғынбадың. Ақпар артып жүретін саған менен, Құрбан болса, құсымнан обал дер ем. Ібілістің ізінен шырақ алсам... Сол жақтағы сорымды содан көрем. Тағдыр солай тартуын талғап беріп, Елесіңмен жүргенім әр баққа еріп... Жұртқа жалған жымиып... жұтам сосын, Ұртта қалған уыңды шәрбат көріп. Ауылды аңсау Парығымның пайымы ауыр, Паршаланған ес бүтін. Ұқса ұғар жайымды ауыл, Ескі әрі есті тым. Сол ауылда бал шақ қалған, Балғын бақыт бейнесі. Сол ауылға алшақ қалған Тартқым келед кейде осы... Түсін әке, ұғын ана, Керім қала—кем көңіл. Қоғам қалай құбылады, ә, Құлпыртып еді немді өмір? Үміт үрлеп үзілмеген, Жауабы жоқ сұрақпен Әлдекімше кіжінген ем, Әлсіз екем бірақ мен... Кертіп жатыр кім керегін... Мен бе мұңға батар тек?! Тіліп түсті тілдегенім, «Соры қалың шаһар» деп... ...Қайран ауыл, кешір мені, Қайта табар қазығым. Бір түйінім шешілмеді, Күдер күрмеп қажыдым. Ұрланды сан жатқа ырысым, Сұрқын бұлдап бақ маған. Болсам деп ем мақтанышың... Енді, не деп ақталам?! Көз ұшында діттегенім, Сіңе берді көкке кіл. Көз жасыңа жүкті өлеңім, Өрекпісе өкпелі ұл... Қала маған бермеді ырық, Мен қаланы ұқпағам. Өлсем өлем сен де жүріп, Құшағынды аш, Құтханам! Түйсіну Мен жыладым, сен күлдің, Сен жыладың, мен күлдім, Не түсіндің, не білдің?.. Не түсіндім, не білдім?.. Өзімді өзің жылаттың. Өзіңді өзім жұбаттым, Өзгермеді бірақ дым... (өзгерткен де бір-ақ түн.) Биігіңнен безіндің, «Күйігіме» таяндым, Күйіп жатып, көз ілдім... Сүйіп жатып, ояндым... Татып біліп кермегін, Сатып бердің жоқ мұңды, Көкке сіңді өр демім, Текке сүрдім көп күнді. Сұраусыз қап сұрағым, Жүрек-төрем, жүгіндім... Ұғып барып жыладым, Жылап барып ұғындым. Сезім-құрсау, құтылдың, Тұйықталып тұспал мың. «Ойыннан» да ұтылдым, Ойыңнан да тыс қалдым. Енді, деме «ерексіз», Мейлі тағы сорымды үз. Кешірім де керексіз... Өкпелеу де орынсыз...