Экономика

Жаз бойғы жұмыстар мәресіне жетті

Жаз бойғы жұмыстар мәресіне жетті

Арыс қаласындағы құрылыс жұмыстары мəресіне жетіп, тұрғындар Конституция күні қарсаңында қоныс тойын тойлады. Қала тұрғындарының бұл қуанышына біз де ортақтасып қайттық. Апат орын алған күннен бастап арыстықтарға алғашқылардың бірі болып жамбылдықтар қол ұшын созып, қолынан келген көмегін аямады. «Көрші ақысы–Тәңір ақысы» деген тәмсілді берік ұстанған әулеиеаталықтар ә дегеннен-ақ жарылыстан жапа шеккендерге гуманитарлық көмек жөнелтіп, демеу бола білді. Атап айтсақ, «Арыс. Біз біргеміз!» республикалық акциясы аясында Тараз қаласында 4 қабылдау пункті ашылып, «Nur Оtan» партиясының облыстық және аудандық филиалдарындағы арнайы пункттерде жиналған азық-түлік пен басқа да қажетті заттар Арысқа уақтысында жеткізіліп отырды. Барлығы 400 тоннадан астам азық-түлік пен тұрмысқа қажетті бұйымдар жөнелтіліпті. Төтенше жағдай орын алған қаланы қалпына келтіру үшін Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен шаһардағы 18 сектордағы құрылыс нысандарын қалпына келтіру ісі барлық облысқа бөлініп берілген-ді. Біздің облысқа 3-секторда 11 көше бекітілген. Онда 312 жеке тұрғын үймен бірге 14 əлеуметтік жəне коммерциялық нысанның бары анықталған болатын. Əрі десе бұл сектордағы тұрғын үйлердің 98 пайызы жарылыстан зардап шеккен екен. Зерделеу барысында 3 тұрғын үй іргетасынан бастап қайта тұрғызылса, 309 үйге күрделі жəне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Арыстағы құрылыс жұмыстарына қысқа уақытта осыншама нысанды пайдалануға берген жамбылдық 4 құрылыс компаниясы, 500-ге жуық құрылысшы жұмылдырылған. Кеше төтенше жағдай кезінде қираған 4 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, салтанатты жағдайда пайдалануға берілді. Оның 2-еуіне қалпына келтіру жұмыстары жүргізілсе, 2-еуі сүріп тасталып қайта тұрғызылған. Жүсіпқожа көшесіндегі сүріліп, орнына тұрғызылған 14/1 жəне 2-ші тұрғын үйлердің ашылу салтанатына қос облыстың өкілдері мен қала тұрғындары қатысты. Үй иелеріне облыс əкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев ізгі тілегін айтып, облыс əкімі Асқар Мырзахметовтің құттықтауын жеткізді. Мұндағы үйлердің лентасын Еркебұлан Əбілханұлы мен Түркістан облысы əкімінің бірінші орынбасары Қосман Айтмұхаметов қиды. Бұл үйлердің құрылысын «Тараз құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіпті. Мердігерлік ұйым өкілдері осы көшедегі 16 тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізген. Ал «Рамстрой», «АЕМ» қалған үйлерді күрделі жəне ағымдық жөндеулерден өткізуге атсалысыпты. 14/1 үйдің тұрғыны Балтабек Исаевты қуаныш үстінде сөзге тартқан едік. – Бүгін – біз үшін айрықша қуанышты күн. Осыдан екі ай бұрын болған төтенше жағдай кезінде үйіміз құлап, өртеніп кеткен. Өзіміз бас амандығымызды ойлап, үйімізді тастай қашқан едік. Үкіметіміз бізді далада қалдырмады. Уақытша баспана берді. Енді, міне, үйімізді үлкен етіп қайта салып беріп отыр. Осында Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов болған кезде штаб мүшелері мен құрылысшыларға жөндеу жұмыстарын уақтылы әрі сапалы атқару керектігін тапсырған болатын. Құрылысшылар сол талап үдесінен шыға білді. Үйіміз бес бөлмелі. Балаларым, немерелеріммен шаңырағымызға қуана қайта оралып отырмын, – деді ол. 14/2 үйдің тұрғыны Қарлығаш Бейегізова да шексіз алғысын білдіріп, аналық ақ батасын берді. Бұдан кейін олар үйі қайта қалпына келтірілген Нұрсұлтан Байегізов пен Азизбек Байсеріковтың шаңырақтарына соғып, құтты болсын айтты. Мердігер компаниялар үйлеріне қайта қоныстанған үй иелеріне өз сыйлықтарын тапсырды. Мұның соңы облысқа тиесілі 3-ші сектордағы құрылыс жұмыстарының аяқталуына байланысты штаб жұмысы қорытындыланған салтанатты шараға ұласты. Жиында Түркістан облысы əкімінің бірінші орынбасары Қосман Айтмұхаметов сөз алып, жамбылдық құрылысшыларға алғысын білдірді. Одан соң сөз Еркебұлан Әбілханұлына берілді. – Құрметті Арыс қаласының тұрғындары! Бүгін Жамбыл облысының құрылысшылары өздеріне берілген сектордағы құрылыс жұмыстарын табысты аяқтап отыр. Мұндағы құрылыс жұмыстарына барлығы 900 миллион теңге жұмсалды. Оның 50 пайызы республикалық, қалған 50 пайызы облыстық жəне қорға түскен қаржы есебінен атқарылды. Бүгін іргетасынан бастап қайта соғылған 2 тұрғын үй мен күрделі жөндеуден өткен тағы 2 үйді пайдалануға бердік. Осы екі айға жуық уақытта 3-ші сектордың тұрғындары өзімнің туыстарымдай болып кетті. Қалада орын алған төтенше жағдайда шыдамдылық танытып, бізге қолдау білдірген сіздерге көп рахмет, – деді ол. Бұдан кейін шаһар тұрғындарын қоныс тойымен облыстық мəслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов, Арыс қаласының əкімі Мұрат Қадырбек жəне басқа да мекеме басшылары құттықтап, құрылысшыларға алғыстарын білдірді. Сондай-ақ бұл шарада 200-ден астам штаб мүшесі мен құрлысшыларға «Құрметті құрылысшы» төс белгісі, облыс əкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары тапсырылды. Жиын барысында басқа да қала тұрғындары тілектерін жеткізіп, алғыстарын айтты. Салтанатты жиын К.Əзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының «Арысты тербеткен Əулиеата əуендері» атты концерттік бағдарламасына ұласты.

Марат Құлибаев

Арыс қаласы.