Білім

Қызметтің негізгі өлшемі – білім сапасы

Қызметтің негізгі өлшемі – білім сапасы

Ерболат САУРЫҚОВ, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор: Қызметтің негізгі өлшемі – білім сапасы 14

– Білім және ғылым министрлігінің алқа мәжілісінде министр Аслан Сәрінжіпов «ЖОО-лардың сапасыз жұмысы тұрғысында мысалдар жетерлік. Шағын жекеменшік жоғары оқу орындарының құрылтайшылары «өздерінің оқу орындары қоғамға керек пе және еліміздің дамуының жалпы стратегиясына бағыттала ма?» деген мәселелер бойынша айқындалуы тиіс» – деп қадап айтқан еді. Cіздер бұл мәселені қалай шешіп отырсыздар? – Соңғы жылдар көлемінде Ата заңда белгіленген екі бірдей меншік түрінің барлық салада қатар дамып келе жатқанын көреміз. Ол білім саласына да қатысты. Жекеменшік жоғары оқу орындарының құрылып, қалыптасып қалғанына да біраз жылдардың жүзі болды. Бұл үрдіс тәуелсіз еліміздің дамуымен тікелей байланысты. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жекеменшік оқу орындары нарық заңына байланысты жастарға білім берді, оқытушы-ғалымдарды жұмыс орнымен қамтамасыз етті. Өтпелі кезең қиындықтарын жеңуге көмектесті. Сөйте жүріп дұрыс бағытта дамыған көптеген оқу орындары білім нарығында өздерінің орнын тапты. Рас, алғашқы қыспақтар мен қиындықтар кезінде оңай жол іздеген, тек қана қалтаны толтыруды ғана көздеген, білім сапасына мән бермеген кейбір жоғары оқу орындары кең көлемді оңтайландыру саясаты жүргізілген кезде өздерінің кемшіліктерін көрсетіп алды. Керісінше, нарық дәуірі ұсынған қатаң бәсекелестікке төтеп бергендері аз емес. Сондықтан да елімізде жекеменшік жоғары оқу орындарының тұтас жүйесі қалыптасты деп айта аламыз. Біздің ұжым құрылғанына бес-ақ жыл болған ең жас жоғары оқу орны болғандықтан бұрыңғылардың кемшіліктерінен сабақ алуға, оларды қайталамауға тырыстық. Жалпы алғанда жоғары оқу орындарын мемлекеттік және жеке деп меншік түріне қарай бөлу орынсыз. Олар білім қызметін меншік түріне байланысты емес, мемлекет атынан берілген лицензия негізінде жүзеге асырады. Сондықтан оларға деген талап та, көзқарас та бірдей болуға тиіс. Ал қызметінің өлшемі, әрине, білім сапасы екені даусыз. – Олай болса сіздерде жеңілдіктердің тұтас бір жүйесі қалыптасқан болар? – Әрине, әрбір студенттен төлемақы бар. Төлемақы мемлекеттік оқу орындарында да бар және ол көп жағдайда біздікінен едәуір жоғары екені белгілі. Бірақ біз ешуақытта студенттерге, мұғалімдер мен оқытушылар құрамына тиісті жеңілдіктер жасауды ұмытқан емеспіз. Нақты сандарға жүгінсек, соңғы екі-үш жыл көлемінде оқу ақысын төлеуге жеңілдікті 14 миллионннан 22 миллион теңгеге дейін өсірдік. Сөйтіп осынау жеңілдікті биыл 350 студент алып отыр. 25 студент ректор грантының иегері. Ата-анасынан айырылған 33 студент жеңілдіктен бөлек жыл бойы жол жүру ақысымен қамтамасыз етілген. Студенттік ректор және студенттік декандарға арнайы стипендия тағайындалған. Сонымен бірге отбасын құрған студенттер де көмектен тыс қалмайды. Талантты студенттеріміз шетелдің жоғары оқу орындарында университет есебінен оқиды және тағылымдамадан өтеді. – Стипендия жөнінде айтып қалдыңыз. Ол студенттің бірден-бір күнкөріс көзі екенін білеміз. Сіздердің студенттеріңіз мемлекеттік стипендия ала ма? ТИГУ-дың бірқатар студенттері мемлекеттік грант негізінде оқитындықтан олар, әлбетте, стипендия алады. Ал ақылы негізде білім алатын студенттеріміз мемлекеттік стипендияларды иеленбейді. Дейтұрғанмен, жоғарыда атап өткендей, білімде ерекше ынтасымен көзге түскен, университеттің қоғамдық өміріне белсене араласатын, ғылыми ізденістерімен көзге түскен студенттерге стипендия тағайындап келеміз. Қуаныштысы сол, биыл алғаш рет біздің 5 студент Президент стипендиясына ілікті. Бұл стипендияны үлкен іріктеу қорытындысы бойынша Білім және ғылым министрлігі тағайындайды. Мұның өзі біздің студенттеріміздің білім сапасының тиісті деңгейде екенін көрсетсе керек. Бұған қоса, келесі жылы өз тарапымыздан облысымыздың, республикамыздың өркендеуіне сүбелі үлес қосқан ірі тұлғалар атындағы стипендияларды тағайындасақ деп отырмыз. Бұл бір жағы білімгерлерді жақсы оқуға ынталандыру болса, екінші жағынан халқымыздың нар тұлғаларын ұлықтауға қосқан үлесіміз болар еді. Бірқатар қоғамдық қорлардан да стипендия тағайындау туралы ұсыныстар келіп түсіп жатыр. Бұл стипендияларды тағайындау мәселесі алдағы оқу жылының еншісінде. – Cтудент үшін қай заманда да ең негізгі мәселенің бірі – жатын орын екені даусыз. Ендеше, жатақханамен қамту жайы қалай? – Бұл жерде «Университетіміздің 2020 жылға дейінгі даму стратегиясы» құрылтайшылар кеңесімен бекітілгенін айтуымыз керек. Студенттер саны жыл санап өсіп келеді. Осыған байланысты біз бірінші кезекте университеттің материалдық-техникалық базасын жақсартуға көп көңіл бөліп келеміз. Алғаш құрылған кезімізде 1 ғана ғимаратымыз бар еді. Бүгінде 5 оқу ғимаратымыз, 2 әкімшілік корпусымыз, жазғы спорт алаңымыз бар. Агробиологиялық станциясын да биыл қыркүйекте іске қосқалы отырмыз. Университет бас ғимаратына іргелес 5 қабаттан тұратын жаңа корпус құрылысы қарқынды жүріп жатыр, оны 2015 жылдың сәуірінде аяқтаймыз. Яғни, инфрақұрылымымызды дамытуға қыруар ақша бөліп, оны игеріп келеміз. Жабық екі қабатты спорт кешені 2015 жылдың қазанында құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Осы кешен іске қосылғаннан соң жатақхана құрылысын бастаймыз. Ол үшін Сәтпаев көшесінде орналасқан №2 корпусымыздың жанында тиісті жер телімі де бар. – Өз сөзіңізде агробиологиялық станция ашамыз деп қалдыңыз. Бұл станцияны ашудағы негізгі мақсат не? – Ол станция базасында бірқатар ірі ғылыми жобаларды жүзеге асырсақ дейміз. Олар өсімдіктердің биологиялық қорғалуына қажетті әдістерді жасауға, жеміс-жидек, көкөніс селекциясын жүргізуге бағытталады. Тропикалық және субтропикалық өсімдіктерді біздің жағдайда өсіру мүмкіндіктері зерттелетін болады. Станцияда әкімшілік ғимараттарымен бірге дәрісханалар, зертханалар бар. Зертханаларда биотехнология саласындағы зерттеулер жүргізілмек. 1000 шаршы метрді құрайтын екі жылыжай салынды. Бірқатар инфрақұрылымдық нысандар құрылысы аяқталды, олардың қатарында медпункт, асхана, санитарлық және тұрмыстық бөлмелер бар. Ең бастысы, бұл жерде студенттеріміз тәжірибе жинақтайды, маман ретінде қалыптасады. Болашақта бұл стансаны ғылыми-зерттеу институтының деңгейіне көтеру мақсатымыз бар. Ол үшін барлық мүмкіндіктеріміз жеткілікті. Университеттің жан-жақты дамуына бағытталған басқа да жобаларымыз баршылық. Оларды кезек-кезегімен жүзеге асыратын боламыз. Бұған сеніміміз зор.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Гүлжан РАХМАН.