Әлеумет

Қасқабұлақ – құтты мекен, жайлы қоныс

Қасқабұлақ – құтты мекен, жайлы қоныс

АРҚАДА АЯЗ БОЛМАСА...

1936 жылы КСРО сияқты алып мемлекеттің басшылары патшалық Ресей тұсынан-ақ басталған озбырлықты одан әрі жалғастыру мақсатымен құпия қаулылар қабылдады. 1929-1932 жылдардағы қолдан жасалғанаштықтан, саяси қуғын-сүргіннен босап қалған Қазақ жеріне 1936 жылы Батыс Украинадан 15 мың поляк және неміс шаруаларын қоныстандыруды бастады. Сосын кезек Қиыр Шығыстағы корейлерге, Қап тауындағы ирандықтар мен күрділерге келді.

Ежелгі күрді халқы да тағдыртауқыметімен Бірінші дүниежүзілік соғыстың зардабынан Ирак, Иран, Түрік мемлекеттерінің ортасындағы атамекенінен ажырап, біраз бөлігі Ресей империясының қоластына қарап тұрған. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін Әзірбайжан құрамында 1923 жылы Күрдістан Автономиялы Республикасы құрылғаны белгілі. Алайда, сол жылы олар «сенімсіз халықтар» қатарына жатқызылып, 1937 жылдан бастап, ешбір негізсіз Орталық Азия мен Қазақстанға күштеп қоныстандырылды. Күрділердің озық ойлы демократиялық бөлігі тұтқындалып, ату жазасына кесілді. Оларды көшірмес бұрын дүние-мүлкі тәркіленіп, алынды. Өздері НКВД-ның қатаң бақылауында жүк вагондарымен әкелініп, облыс пен аудандарға бөліп орналастырылды.

Күштеп жер аударылған 7,8 мың күрдінің мыңға тартасы қатар жатқан Талас және Сарысу аудандарына жеткізілген еді...

ҚАЗАҚТЫҢ ҚАМҚОР ҚҰШАҒЫ

– Ата-бабаларымызды, аналарымызды қыстың қақаған аязында, темірі қол қарытар вагондарға малша тиеп, одан түсірісімен жаяулатып, жалбыратып, облыстың аудан-аудандарына бөліп, айдап әкетті. Біз Ойық деген ауылға түстік. Ол кезде Сталин ауылдық кеңесі деп аталады екен. Жас баламыз. Қазақ деген халықты бұрын стіген де, көрген де жоқ едік. Көрдік. Бізді жатсынбай, құшақ жая қарсы алған не деген кең пейілді, ақ жүрек халық еді бұл, – деген еді осыдан біраз жыл бұрын Махмуд Амиров.  Ол біраз жыл колхоз басқарған, көзі ашық, көкірегі ояу азамат болатын.

Сол топтың ортасында бес-алты жасар Надир Надиров те бар еді. Осыдан екі жыл бұрын ғана сексен жылдығында ғұмырнамалық естелік кітабын шығарған қоғам қайраткері, академик, мұнай-газ саласының ірі білгірі Надир Надирұлы Ойық-Бостандық, Шолақтау, Байқадам (Сарысу) елді мекендерінің халқы мен олардың адамгершілігі жайында тебірене жазады. Арарат пен Қап тауының бауырында өскен күрділер келер жылы көктем, жаз шыға аңызақты желге шыдамай, жерсінбей, ауырып, алды өле бастағанда Ойықтың бетке ұстарлары Алматыға аттанған. Ығытын тауып Үкімет басшыларына жолығып: «мына күрді халқы ыстыққа төзе алар емес, сондықтан, таулы аймаққа көшіргендеріңіз дұрыс» деп сұранған. Сөйтіп, 1938 жылы Қаратаудың шұрайлы аймағынан «Қасқабұлақ» колхозы ұйымдастырылып, оның алғашқы төрағалығына Айнал Абишев сайланыпты. Бірақ, мұнда да, Сарысу ауданын пана тұтқан күрділерге де Кеңес өкіметі жылы қабағын таныта қоймапты. Облыстық мұрағаттағы құжаттарға қарағанда 1937-1938 жылдары екі ауданнан 100-ден аса адам «халық жауы» ретінде атылып, сотталса, соның 30-ға тартасы күрді ұлтының өкілі олуы, бұл халықтың да саясаттың құрбаны болғанын көрсетеді.

ТҮЙЕҚҰСТЫҢ ПАЙДАСЫ ШАШ ЕТЕКТЕН

Қасқабұлақ – ағынды өзен. Басын қарт Қаратаудың биігінен алады. Суы көктемде сарқырай ағып, өткел бермейді. Тау биігін Македонский өткелі атап жүрген де өздері. Күрділер де тумысынан тауға ұқсап тәкаппар жүргенді ұнатады. Баяғыда бастарына биік папаха киіп, бурка (сеңсен шекпен) жамылатындарын да көргенбіз. Ол сәт-тау қыранына ұқсағысы келетін қалып танытатын бес мың жылдық тарихы бар күрділердің киім киісі де, салт-дәстүрі де көп өзгере қоймағаны анық. Шетінен қолөнер ұстасы. Еңбеккеш. Әсіресе, мал өсіру мен көкөніс, жеміс-жидек егуді бұл өңірде олардан артық ешкім білмес. Жоқ деген үй екі жүз қой, соншама түйетауық өсіреді. Иіннің екі қапталына қатарласа салынған ұзына бойы көшелер, ауылды қақ жарып өтетін өзеннің үстіндегі темір құрсаулы көпірден төмен қарасаң ақ көбікті тап-таза суын көресің. Сірә, тұрғылықты халық Қасқабұлақты көріп Қап тауының асау мінезді өзендерін сағынышпен еске алар. Әйтеуір, бір ұқсастық бар. Ауылдан төменгі ойпатта «Хамит бағы» бар-тын. Марқұм өзеннің мол суын бөгендеп, алма, қауын, қарбыз, қызанақ, қырыққабаттың сан түрін өсіріп, «Вавилон бағын» жасап, өнімдерін Ресейге шығарып, бұлдап жүретін. Алма, алмұрт болғанда қандай, бір шірігі жоқ. Тап-таза, өте дәмді. «Қасқабұлақ» колхозын ұзақ жыл Асан Асанов басқарып, «миллионер» атандырған екен. Ал 1954 жылы тың игеру саясатымен «Қаратау» кеңшары ұйымдастырылғанда, елді мекен соның №2 фермасына айналдырылды. 2005 жылы Қасқабұлақ Қаратау ауылдық округінен өз алдына бөлініп шығып, ең алғашқы әкімдігіне Жасым Садықов тағайындалды. Бүгінгі әкімі – Сулхадин Мустафаев. Сулхадин одан бұрын 27 жыл мектеп директоры қызметін атқарып, аудандық мәслихаттың депутаттығына сайланып, халықтың алғысын арқалап жүрген аптал азамат. Әңгімеміздің басында күрділердің малсақ халық екенін айтқан едік. Кеңес өкіметі кезінде Асан Надиров деген қойшысы аудандағы ең үздік үш малшының бірі атанды. Естігенім Асекеңнің алты баласы алты отар мал еншілеп, шаруаларын шалқытып жүр. Егер сол ауылға соқсаңыз, әр үйдің (мұнда 220 отбасында 1076 адам есепте тұр) маңынан «КамАЗ» машинасын көрер едіңіз. Бұл елдің азаматтары техниканың да құлағында «ойнайды». Сосын, әйелдері қолөнерімен айналысады.Олардың тоқыған шұлықтары, жейделері базарларда өтімді. Бұл ауылдың дүкенінде арақ-шарап сатылмайды, ұрлық-қарлық жоқ. Күрділердің құс өсірудегі еңбеккештігі өз алдына бір төбе. Әсіресе, 100-ден кем түйеқұс ұстайтын күрдіні көрмейсіз. Рас болса, тек сол құстан жылда бір «Джип» машинасын сатып алуға қауқарлары жетеді екен. Тағы бір атап өтерлігі бұл ауылдан шыққан ғалымдар да көп. Олардың жұлдызды шоғырын жоғарыда айтқанымыздай академик Надир Надиров бастап тұр. Кішкентай ғана Қасқабұлақтан 5 ғылым докторы мен кандидаты шығуы да мақтануға тұрарлық. Орта мектепте оқу бұрын тек орыс тілінде жүргізілетін, соңғы жылдары бастауыш сынып мемлекеттік тілге көшкен. Елге құрмет деген осы. Демографиялық өсіп-өну тұрғысынан да күрді бауырлар аудандағы ондаған ұлттың арасында көш бастады. Халқының саны жағынан үшінші орынға шығуы соның нақты дәлелі.  Қасқабұлақтық күрділердің біразы Қаратау қаласына қоныс аударған. «Бір үйде 10 ұл-қыз болмаса жетімсіреп қаламыз» дейді олар қалжың-шынды араластыра айтып. Күрділер арасында кәсіппен айналысушылар да жылдан-жылға көбейе түсуде.

– Тұрғындар еңбеккеш, - дейді Қасқабұлақ ауылдық округінің әкімі Сулхадин Мустафаев, - Елбасының салихалы саясатын бір ауыздан қолдап отырмыз. Рахметтен басқа айтарымыз жоқ.

Әкім ауылдың әеуметтік-экономикалық әлеуетінің жылдан-жылға нығайып келе жатқандығынан әңгіме өрбіте келіп, ауылға жаңа типті мектеп пен қалаға қатынайтын жолды асфальттау қажеттілігін де сөз етіп қалды. Сәтін салса ауызсу мәселесі шешімін тапқан сыңайлы, көгілдір оттан да үмітті.

Осылайша, қасқабұлақтық күрділер «Біз – қазақстандықпыз!» деп мақтана айтып жүр.

Сәулембай Әбсадықұлы, 

"Ақ жол".

Талас ауданы.