Алатау азаматқа құрмет аласармайды
Алатау азаматқа құрмет аласармайды
Мемлекет және қоғам қайраткері, Алаш ардақтысы Дінмұхамед Қонаевтың асыл бейнесі, өлшеусіз мол еңбегі қалың елінің жадынан өшкен емес. Таулар алыстаған сайын биіктейтініндей, ол кісінің де болмысы жылдар өткен сайын асқақтай түседі. Димекең – барша халықтың құрметіне бөленген тұлға.
22 тамыз – Дінмұхамед Ахметұлының өмірден озған күні. Ол кісі 1993 жылы бақилық болған еді. Биыл Алатау азамат атанған кісінің өмірден қайтқанына 26 жыл толды. Халқына қалтқысыз қызмет еткен адамға деген сағыныш оны көрген, сырласқан, сұхбаттасқан адамдардың көңілінен еш өшкен емес. Алдыңғы толқынның соңынан ілескен бүгінгі ұрпақ та Қонаевтың даналығын ақпарат құралдарынан, кітаптардан оқып, телеарналардан естіп, аңыз адамға тәнті болуда.
Бейсенбі күні облыстың елге сыйлы ақсақалдары мен зиялылары Тараздағы Дінмұхамед Қонаевтың ескерткішінің алдына жиналды. Жамбыл облысының Құрметті азаматы, облыс журналистикасының ардагері Баттал Жаңабайұлы, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Сембек Сейдәзімов, Қонаев атындағы Халықаралық қоры облыстық бөлімшесінің төрағасы Аманкелді Кәрентаев, академик Өскенбай Мәдиев, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайырбек Асанов, облыстық «Аq jol» газетінің директор-бас редакторы, жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Көсемәлі Сәттібайұлы бастаған ардагерлер мен зиялы қауым Дінмұхамед Қонаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.
Мұнан кейін Қонаев атындағы Халықаралық қордың облыстық бөлімшесінің ұйымдастыруымен Тараздаға «Рио» мейрамханасында дастархан жайылып, Дінмұхамед Ахметұлының рухына арнайы құран бағышталды.
Есет ДОСАЛЫ
Суреттерді түсірген
Тараз қаласы.