- Advertisement -

Баукеңнің Сарысуда ұстаздық еткенін білеміз бе?

132

- Advertisement -

ХХ ғасырдың басында құрылған, 90 жылдан аса тарихы бар Сарысу ауданымен ұлт тұлғаларының біразының есімдері тікелей байланысты. Мысалы, Сәкен Сейфуллин, Ораз Жандосов, Жанайдар Садуақасов, Бәкен Серікбаев, Дінше және Мұқыш Әділовтер жайлы аудан халқы небір әңгімелерді еске сақтап отыр. Осылардың қатарында ауданның құрылу кезінде білім беру саласында үлкен жұмыс атқарып, елдің сауатын ашып, өшпес ізін қалдырған азаматтың бірден бірі – Бауыржан Момышұлы.

Батыр Баукең жайлы көптеген аңызға айналған әңгімелер жұртшылыққа аян. Ұлы Отан соғысы жылдарының өзінде-ақ, орыс жазушысы Александр Бектің «Волокаламское шоссе» деп аталған кітабы Баукеңнің атын бүкіл әлемге паш етті. Ал Баукеңнің еңбек жолын Сарысу ауданында алғашқы ашылған бастауыш мектептен бастағанын біреу білсе де, көпшілік білмейтіні анық. Бұл тарихи ақпарды мектепте оқып жүрген кезімде, 1960 жылдары әкем Досымбек Сембековтен, замандастары Ажақай Сембин, Рахымжан Шубаев, Әужан Мұстафаев сынды қариялардан, туған нағашым Қуандық Ильясовтан естіген едім. Ол кездері бала болдық та, мұндай мәліметтің түптеп келгенде үлкен маңызға ие болатынына мән бермеппіз.
Жамбыл облысының құрылғанына 80 жыл толуына орай өңірдің тарихи тұлғаларының бірегейі батыр Баукең жайлы балалық шақта естіген әңгімені еске түсірді. Батырдың өмір деректерін сол алғашқы еңбек қадамымен толықтыра түсуді мұрағаттанушы ретінде өзіме міндет санап, қарап қала алмадым. Бала кезімде естіп, санама сіңіп қалған осы мәліметті анықтамақ мақсатпен Сарысу ауданының өткені туралы жазылған кітаптарды қарап, нақты мәлімет таба алмадым. Обыстық мемлекеттік архивке ғалым Мекемтас Мырзахметов тапсырған «Баукеңнің жеке тектік қоры» барын білетінмін. Ғалымнан рұқсат алып, қор ішіндегі құжаттарды зерделеп, сарсыла іздеген мәліметті толық болмаса да таптым-ау, әйтеуір.
Сонымен, Баукенің өзі жазған мына бір шағын әңгімесін оқып көрелік. «Айтылмаған ақиқат» атты кітабының 130-бетіндегі «Балалық сапар» атты әңгімесінде: «…1928 жылдың шілдесінде Шымкент қаласына келіп, Окроно жанынан ашылған 1 айлық бірінші басқыш мектепке мұғалім даярлайтын курсқа кірдік. Айлық стипендиямыз 20 сом болды, ақшаны орынды жұмсау үшін Сейтқасымды кассир етіп сайладық. Бір ай бір күндей өте шықты, аудан-ауданға бөле бастады. Құрманбек (Сағындықовты айтады С.Д.) екеуміз Сарысу ауданына дайындалдық. Дәл сол кезде Сарысуға экспедиция жаңа аудандық аткомның құрылысыменен жүргелі тұр екен. Бізді де ілестіріп ала кетпек болды. Экспедиция Әулиеатадан бастап, атпен жүрмекші болды. 1 ноябрь күні 50 адамдық экспедиция жолға түстік.
Сол күні кешке Шайқорықтың ар жағына барып қондық. Экспедиция бастығы Ократком ағасы Мақыұлы (Макин) барлығымызды жинап алып, экспедицияның мақсатын түсіндіріп:
– Барлығымыз да әскер тәртібінде болуымыз керек, көбіне түнгі салқынмен жүрілсін. Ауқат, жемшөп, көрпе-төсек артқан түйелерге екі адамнан сөткілеп, «дежурный» болсын, – деп тәртіп берді.
Жолдан мидай сары даланы, қып-қызыл сексеуілді, ішінде жәндік қорқағы сансыз қояны өріп жүрген сусыз шөл, сап-сары сасық суы бар, іші қоңыз, құрт-құмырсқаға толған құдықтар кездесіп, лаждың жоқтығынан зәрдей ащы суды жұтып, 7 ноябрь күні Шу бойындағы «Кентарал» дейтін ауданның болашақ кіндігіне жеттік. Үгіліп тұрған сорлы топырақтан тұрғызған Өксікбай дейтін байдың ағаш үйіне орналастық. Ел әлі Сарысудан Шуға құлаған жоқ екен, Шу бойында жатақтардан басқа ешкім жоқ екен. Қонышы үлкен кигіз етікті тамалар келіп-кетіп жатыр. Іздеп жүріп-жүріп екі қой тауып сойып, группа-группаға бөлініп, ас істеуге кірістік. Біздің группаға районо инспекторы Тыныштықбайұлы, тағы сол сияқты құрғақ сыпылар душар болды. Олар аштан өлуге пейіл, ас істегісі жоқ. Қарнымыз ашқан соң, Құрманбек май турады, мен нан илеп, бауырсақ кестім, оны пісіруге қазан жетпейді. Ақырында, түс қайта бір группадан «жарық» қазан тиді. Екі тасты қалап, қазанды асып, астына қамыс жағып, майды шыжғырып, бауырсақ пісіре бастадық. 2-3 минут өтпей-ақ қазандағы бауырсақ мылтықша атылды, өте көп салып қойған екенбіз, қасына адам жолатар емес. Құрманбек екеуміздің шегіміз қатып, тышқан аңдыған мысықша бұғып отырмыз. Етігін майлап, галстугін жөндеп, әуреленіп жүрген Тыныштықбайұлы келіп, ол да жолай алмай жүр. Елдің барлығы жиналып қалды. Ақыры атылғаны қойылған соң барып қарасақ, қазанның жарығынан май ағып кетіпті. Түбінде қалған тоқаш, қап-қара көмір болып, күйіп кетіпті».
Қысқа да нұсқа, керемет шағын әңгіменің өзінен қаншама тарихи оқиғалардың желісімен таныс болдық. Бар табылғаны осы болды. Дегенмен, Баукеңнің Сарысу ауданында істегендігін айқындайтын жолдар емес пе? Ендігі қалғанын көнекөздерден анықтау керек. Ол заманды көрген көзі тірі қариялар да жоқтың қасы, бірақ балалары бар. Солардың бірі – белгілі әдебиет сыншысы Әлия Бөпежанова. Ол кісінің айтуынша, әкесі Қаһарман Бөпежановтың (Сарысу ауданының құрметті ұстаздарының бірі) жазған қойын дәптерлерінде алғашқы мұғалімі әрі мектеп директорының орынбасары Бауыржан Момышұлы болғандығы жазылыпты. Осындай мәліметтерді облысқа белгілі азаматтар – Қонысбай Ильясовтан, Сайлау Кәрібаевтан (әкелері Қуандық Ильясов пен Бейбіт Кәрібаев) тағы басқа азаматтардан сұрастырып анықтадық. Дегенмен, әрқайсысы әр жақта болғандықтан, бастарын қосып, ортақ нақты дәлел таба алмадым. Амал жоқ, Сарысу ауданының көзі тірі шежірешісі, Ұ.Сыздықбайұлы ауылының тұрғыны Жақсыбай Сүлейменовпен хабарластым, (белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ғалым Жайлыбайдың «Тамакөшкен» кітабының Жақсылық есімді абыз қария атанған кейіпкері). Жасы сексеннің ішіндегі ақсақал, жары дүние салып, қажыңқырап отыр екен. Десе де өтінішімді жерге тастамай, төмендегі мән-жайды баяндап берді:
«1921 жылы Түркістанда Совет өкіметі орнағаннан кейін, Түркістанның жанындағы «Қарнақ медресесі» жабылып, орнына жаңа үлгідегі білім ошақтарын құруға шешім шығарылды. Онда оқып жатқан оқушыларды байлардың балалары ретінде қуғынға түсіріп, әркімді әр жаққа бездіріп жіберді. Солардың ішінен Әбділда Тәжібаевты, Құрманбек Сағындықовты, Бауыржан Момышұлын және сарысулық Темешәлі Барболовты Қазақстан өлкелік атқару комитетінің мәдениет, білім және экономика бөлімінің басшысы Жанайдар Сәдуақасов арашалап алып қалып, «Ахмет мектебі» деп аталатын Шымкенттегі орыс (кейінгі Н.К.Крупская атындағы мектеп) мектебіне оқуға түсірді. Бұл мектептің қазіргі білім ошақтарынан өзгешелігі сол, жалпы сауат ашып, оқытып қана қоймай, «Банк ісінің маманы» орта білімді құжатын тапсырады. Осы мектепті үздік бітірген Құрманбек Сағындықов пен Бауыржан Момышұлы екеуі алдымен Орал қаласына қаржыгерлік мамандығын оқуға барып, Жайықта қайықпен серуендейміз деп жүргенде өзен ағысына қарсы жүзе алмай, ақыр соңы өздері суға түсіп кетіп, суық тиігізіп ауырып, Шымкентке қайтып келеді. Ол жақтан келген соң, бір 1 айлық мұғалімдер курсына түседі. Оны бітірген соң, Құрманбек Сағындықов екеуі Сарысуға жіберіледі. Темешәлі Барболовты Жанайдар Сәдуақасов 1928 жылы күзде жаңа құрылған Сарысу ауданының оқу бөліміне жібереді».
Қарияның айтуынша, Жаңаарқадағы «Ақкеңсе» деген аудандық оқу бөлімін Темешәлі Барболов басқарып, оқу бөлімінің инспекторы қызметін жуалылық Мұхаметқұл Тыныштықбаев атқарып, 4 айдан кейін Жуалыға қайтқан екен. (Осы кісі Мұхамеджан Тынышпаев емес пе екен деген сұрақ көкейімнен кетпей қойды. Бірақ, әзірге бұл кісіні білетін адамды таба алмадым). Айта кету керек, осы жерде Баукеңнің жазбасы мен тарихшы қарияның айтқандарының арасында алшақтық шамалы. Біздің бұған дейін кездестірген ауданның оқу бөлімінің инспекторы болған Мұхаметқұл Тыныштықбаев та Баукеңнің әңгімесінде бой көрсетіп тұр.
Сарысу ауданының ол кезде нақты тұрақты орны болмағандықтан, қыс қыстауы «Кентаралдағы» кәмпескеленген Өксікбай байдың ағаш үйінен 150 орындық мектеп-интернат ашып, балаларды жинап, оқыту ісін қолға алады. Аудандық оқу бөлімінің басшысы әрі мектеп директоры болып Темешәлі Барболов бекиді де, Бауыржан Момышұлы оқу инспекторы әрі оқу ісінің меңгерушісі болып тағайындалып, мектепке балаларды жинап, оқыта бастайды. Алайда көп ұзамай Темешәлі Барболов аудандық атқару комитетінің жоспарлау бөлімінің бастығы болып ауысады. Бұл уақытта Баукең аудандық оқу бөлімінің басшысы әрі мектеп директоры болып қызмет атқарады. Жаңағы мектеп-интернатқа алғашқы тартылған оқушылардың барлығы, атап айтқанда: Балтабай Адамбаев (белгілі ғалым-жазушы), Қуандық Ильясов, Донда Сембин, Кертай Домбаев, Жақан Түсіпов, Әбілда Ыбыраев, Төленді Баймұратов, Өтжан Шүлембаев, Базарбай Үсенбаев, Қаһарман Бөпежанов, Жазкен Омарбеков, Оспан Кәрібаев, Асан Әбішев, Бейбіт Кәрібаев, Сейдін Мақажанов, Адамбай Баймаханов, Жәкен Рақымжанов сынды кісілер осы мектепте Баукеңнен жаңаша сауат ашып, білім алып, біразы Әулиеатадағы екіжылдық педагогикалық курсқа оқуға жіберіледі. Аталған кісілердің басым көпшілігі оқуды мерзімінен бұрын тәмамдап, елге оралып, сауат ашу мектептеріне басшылыққа жіберіліп, бүкіл өмірлерін бала оқыту ісіне арнап, Сарысу ауданының оқыған азаматтарының алғашқы ұстаздары болды. Осы қариялардың қай-қайсысы болмасын «Мен Бауыржан Момышұлынан оқып, білім алғанмын» деп мақтан етіп айтады. Баукең ол азаматтарды 1929 жылы 4-5 ай оқытады да, үйін көшіріп келуге Жуалыға кетеді. Дегенмен, қайта оралуы ұзай береді. Бұл кезде жаңа құрылып жатқан Жуалы, Түлкібас аудандарына да басшы кадрлар өте қат болып тұрғандықтан, Баукең Жуалы ауданында атқару комитетінің хатшысы қызметінде қалып қояды.
1930 жылы Сарысу ауданының орталығы жаз шыға қайтадан Арқаға көшірілмек болғанымен, жүріп өткен жаппай кәмпескелеуде малынан айырылған жұрт әбігерге түсіп, біразы Шудың бойын сағаласа, біразы Созаққа қарай бет алып, енді бірі Талас бойына ыдырап көше бастайды. Бытырап жүрген ел-жұртты басқару Ақмола облысының басшылығына оңайға түспейді де, Сарысу ауданының орталығы Саудакентке көшірілетін болып, аудан толығымен Шымкентке қарайды. Қайсы бірін айтайық, 1928-1932 жылдар аралығында аудан халқының көрмегені жоқ. Қазақтар «қужақ» атап кеткен Ф.И.Голощекин Қазақстанға басшы болып келген күннен бастап, біздің елдің жай-күйі қиындай түседі. Ел басшылығында жүрген азаматтар қуғынға түсіп, қамалды, атылды, «Халық жауы» деген қара күйе жағылып, ұрпақтарына дейін кетпейтін қара таңба салынды. Ал халқын шаруамен қамтып, ас-ауқатын тауып беріп отырған орта дәулетті азаматтардың барлығы кәмпескеленіп, малдары талан-таражға түсті. Орта шаруаларды ұйымдастырамыз деп малдарын ортаға алып, өздерін «бай-құлақ» деп жер аударды. Әрбір отбасына қыс ішінде мал өнімдерін тапсыруға салық салынып, ел тігіп отырған киіз үйлерінің туырлығын түтіп, жүн етіп, ет үшін қолындағы жалғыз бас сауын сиырын сойып, етке тапсырып, халық қан қақсады. Мұндай қыспаққа шыдамаған ел қыстың боранында жан-жаққа босып кетті.
Ел басына түскен осындай қиын-қыстау заманда халықтың сауатын ашып, санасына жарық сәулесін түсіріп, білім берген ұстаздардың алғашқы армиясын дайындаған Баукеңнің бұл еңбегі аз ғана уақыт істегенімен, тарихта қалатын үлкен іс болды. Баукеңнен оқып, сауатын ашқан ұстаздардан білім алған сарысулық шәкірттер ел-жұртқа аты мәлім тұлғаларға айналды. Олардың қатарында республиканың орталық партия комитетінің хатшысы болған Ақай Оңғарбаевты, министр болған Әбдіразақ Елібаевты, Төлеубек Әбдіқадыровты, облыс, аудан басқарған: Дәуренбек Әбубәкіровты, Жатай Жұмаділовты, Ақаш Ібіжановты, Айтбай Назарбековты, Ұзақбай Сыздықбаевты, Рақыжан Ерсейітовті, Ұзақбай Төлеуовты, Алдаберген Сәрсенбаевты, Қырықбай Асановты, Мұхаметқасым Шәкеновты, Санақ Әбеуовты, Қазақ политехникалық университетінің алғашқы ректоры Әшір Бүркітбаевты, атақты ғалымдар – техника ғылымдарының докторы Өскенбай Аяповты, химия ғылымдарының докторы Қосылған Күзембаевты, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Төлеутай Несіпбаевты, физика-математика ғылымдары саласында үлкен еңбек сіңірген Әбдімәжит пен Әбдірәшит Өтештерді, техника ғылымдарының докторы, академик Мұсағали Дуамбековты, техника ғылымдарының кандидаты, Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары Тұрақты Ынтымақовты атауға әбден болады.
Сонымен біз Баукеңнің тағы бір үлкен қырын аштық. Батыр Баукең әскери істе ғана емес, бейбіт заманда да ұлы ұстаз болғандығы тоқсан жыл өтсе де ұмытылмай тарих айнасының бетіне жарқырай шығып отыр.

Сатыбалды ДОСЫМБЕКОВ,
«Қарахан» журналының директор-бас редакторы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support