Жамбыл боксының бұрынғыдай мақтан тұтар жеңімпаздары қайда?
Жамбыл боксының бұрынғыдай мақтан тұтар жеңімпаздары қайда?
Кеңестік кезең ыдырағалы бері Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде талай биіктерді бағындыра бастады. Әуесқой бокста да Куба, Ресей Федерациясы және Қазақстан боксшылары нағыз державаға айналғаны жасырын емес. Кейін ғана Украина, Өзбекстан боксшылары нағыз бәсекелестік орнатқаны баршаға мәлім. Украинаның Лондон Олимпиадасындағы «алтын командасы» әлі есте. Олардың бірқатар мықтылары кәсіпқой боксқа ауысқан соң ұлттық құрамасы кәдімгідей әлсіреп қалғаны баршаға аян. Бірақ қазақ боксы өзіне тән қалыптан жаңылған жоқ. Барлық Олимпиада ойындарында сайыпқырандарымыз ел намысын абыроймен қорғай білді.
Қазақ боксы дегенде Жамбыл және Қарағанды бокс мектебінің есімі қатар аталатыны сөзсіз. Кеншілердің отанынан Василий Жиров, Серік Сәпиев бастаған саңлақтар Олимпиада ойындарының алтын жүлдесін мойнына ілсе, жамбылдықтар Ермахан Ыбырайымов пен Бақтияр Артаевтың алтын жүлдесімен мақтана алады. Сондай-ақ Болат Жұмаділовтің Олимпиададағы екі бірдей күміс жүлдесі мен Болат Ниязымбетовтің қола медалі де жанға медеу.
Биыл 7 қыркүйек пен 21 қыркүйек аралығында солтүстік көршіміз Ресей Федерациясында әуесқой бокстан әлем чемпионаты өтеді. Бұған дейінгі жаһандық аламанға біздің облыстың боксшылары ұдайы қатысып тұратын. Үкілі үміттеріміздің жүлдегерлердің қатарынан көрінген кездері де аз емес. Енді жамбылдық жампоздардың жеңісті жорығына назар аударайық.
Бір ғана Болат Жұмаділовтің өзі әлем чемпионатының үш медалін қоржынымызға түсірген. 51 килограмм салмақ дәрежесінде сынға түскен ол 1995 жылы Берлинде өткен аламанда күміс медальді мойнына ілсе, 1997 жылы Будапешттен қола жүлдемен оралды. Бұдан соң ол 1999 жылы Хьюстондағы жаһандық жарыста алтын медальға қол жеткізіп, мерейімізді тасытты.
Болатпен қалай мақтансақ та болады. Әлем біріншілігінен бөлек, Олимпиада ойындарында екі күміс, Азия чемпионатында екі алтын, бір қола жүлде иеленген Жұмаділовтің спортшы ретіндегі мансабы кімге де болса үлгі.
Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбырайымов та әлем біріншілігінде жасындай жарқыраған болатын. 1997 жылы 67 килограмм салмақта топқа түскен Ермахан Будапештте күміс жүлдегер, 1999 жылы 71 килограмм салмақта топқа түскен ол Хьюстонда қола жүлдегер атанды. Байқайсыз ба, 1997 жылғы әлем чемпионатынан жамбылдықтар 1 күміс, 1 қола медальді ұлттық құраманың қоржынына салса, 1999 жылы 1 алтын, 1 қола медальмен оралыпты. Мақтаныш па, мақтаныш, мерей ме, мерей!
Бірақ Ыбырайымов пен Жұмаділов кәсіби мансабын аяқтаған соң Жамбыл боксы ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізген жоқ. Арада алты жыл өткенде 69 килограмм салмақ дәрежесіндегі Олимпиада ойындарының чемпионы, Баркер кубогінің иегері Бақтияр Артаев облыс боксының абыройын қалпына келтірді. Ол 2005 жылы Мяньянда өткен әлем біріншілігінде қола жүлдеге қол жеткізсе (69 кг), араға екі жыл салып Чикагода өткен жаһандық жарыста сол нәтижесін қайталады (75 кг). 2009 жылғы әлем чемпионаты туралы сөз қозғаудың өзі артық. Облысты айтпағанда, ұлттық құраманың өзі мардымды жетістікке қол жеткізе алмады. Серік Сәпиевтің жалғыз қоласын қанағат тұттық.
2011 жылы Әзербайжан астанасы Баку қаласында өткен әлем чемпионатында жерлесіміз Ғани Жайлауовқа (60 килограмм салмақ дәрежесі) қола жүлде бұйырды. Бұдан соң тағы да үзіліс басталды. Алматыдағы әлем чемпионатын есепке алмағанда (өкінішке қарай, бұл додаға да облысымыздан бір боксшы қатысқан жоқ), 2015 жылы Катарда өткен әлем чемпионатында облысымыздан бір боксшы қатысқанымен, жүлде бұйырмады. Сәтсіздік сериясы 2017 жылы бұзылды. 75 килограмм салмақ дәрежесінде сынға түскен жуалылық жампоз Әбілхан Аманқұл Гамбургтен (Германия) күміс медальмен оралған еді.
Сонымен, әріге бармай, соңғы алты жылға ден қойып көрейікші. Есімізде қалғаны, 2013 жылы Алматыда ұйымдастырылған әлемдік сынға жамбылдық оғландар қатыспапты. Енді міне, араға алты жыл салып, Ресей төрінде жалауы желбірейтін аламанда өңіріміздің былғары қолғап шебері бақ сынамайды. Басты үміткеріміз 75 килограмм салмақ дәрежесіндегі Әбілхан Аманқұл жарақатынан әлі күнге дейін жазылған жоқ.
Қалай болған күнде де бұл мәселе баршамызды алаңдататыны анық. Жәй ғана мысал ретінде алайықшы. 1995-1999 жылдар аралығында бір ғана Болат Жұмаділов әлем чемпионатының үш бірдей медалін қоржынымызға салды. Бірер жылдың бедерінде ғана. Енді 2013 жылы әлем чемпионатына өңірімізден боксшы қатыспағанын айттық. Ендеше салыстырайық. 2013-2019 жылдар аралығында (6 жыл!) қоржынымыз бір күміс жүлдені қанағат тұтқалы тұр.
Жуырда Нұр-Сұлтан қаласында Президент кубогі үшін үлкен жарыс өтті. Біздің облыс боксшылары ел астанасында да абыройымызды асқақтата алмады. Халықаралық жарыстардан да жеңіспен оралдық деген жаңалық жоқ.
Бұрын бокстан облыс біріншілігінің өзі қызықты, тартысты өтуші еді. Көрермендері де, жанкүйерлері де көп болатын. Бокстан облыс чемпионы болған үздіктер республика біріншілігінде бірінші орынға ие болатын. Әйтпесе, екінші, үшінші орыннан көрінетін. Мысалы, Қазақстанның бес дүркін чемпионы Нұрлан Әбдірайымов облысымыздың ғана емес, еліміздің де мақтанышы болды.
Қазір өкінішке қарай, облыс біріншілігінің өткенін де, онда кімдердің чемпион болғанын да білмейміз. Ел чемпионаттарынан да олжасыз оралу әдетке айнала бастады. Өткен жылы ел біріншілігінде Әбілхан ғана алтын алды.
Жалпы бізде әуесқой боксқа деген көзқарас қалай өзі? Таяуда ғана Азия біріншілігін жеңіп келген жасөспіріміміз Ердос Шәріпбекті күтіп алу рәсімі өткізілген жоқ. Бұған дейін талай саңлақтарды қарсы алушы едік. Бұл жолы спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбековтің есінен шығып кетті ме, әлде жас бала ғой деп назар аударғысы келмеді ме, ол жағы беймәлім.
Дәл қазір халықаралық әуесқой бокс қауымдастығының басына қауіп бұлты төніп тұрғаны мәлім. Алдағы әлем чемпионаты қауымдастық өткізетін соңғы аламандардың бірі болуы ықтимал. Тіпті, бұл додада Олимпиада ойындарына жолдама таратылмайды деген де әңгіменің шеті шыққаны анық.
Қай спортшының болса да басты арманы – Олимпиада ойындарына жолдама алу. Сол тұрғыдан келгенде 75 килограмм салмақ дәрежесіндегі үкілі үмітіміз Әбілхан Аманқұлға әлі де мүмкіндік бар секілді. Егер ол жарақатынан толық айықса, келесі жылы өтетін лицензиялық турнирлерге қатысуы тиіс. Ал, Олимпиада ойындарын халықаралық олимпиада комитеті өз қолына түбегейлі алмақшы. Тіпті бокстан өтетін жарысты WBO-ға (бүкіләлемдік бокс ұйымы) тапсырады деген сөз желдей есіп тұр.
Соңғы кезде Азия чемпионаттарынан да облыс боксшылары олжасыз оралып жүр. 2015 жылы бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Олжас Сәттібаев алтын медальмен оралғанын білеміз. Бірақ одан кейін 52 килограмм салмақта жарқ етіп көрінген жас боксшыны көрмедік. Сол Олжастың өзі әлем чемпионатына үш рет қатысты.
Ресейде өтетін әлем чемпионатына өңір боксшылары қатыспайтынын айттық. Осы орайда «Жамбыл» бокс клубының директоры Марат Мәзімбаевтың пікірін білген едік. «Әлем чемпионатына қатысуға үмітті екі боксшымыз болғанын жанкүйерлер жақсы біледі. Оның бірі – 69 килограмм салмақтағы Асланбек Шымбергенов болса, екіншісі – әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 75 килограмм салмақтағы Әбілхан Аманқұл. Президент кубогі додасында Асланбек топ жарып, әлем чемпионатына қатысу құқығын иеленеді деген ойда болғанбыз. Өкінішке қарай, жарақат алып қалды. Ал Әбілхан әлі де ескі жарақатынан айыққан жоқ. Дегенмен қазіргі кезде белгілі бір деңгейде жаттығуға кірісіп жатыр. Алдағы уақытта толық қалпына келіп, келесі жылы өтетін лицензиялық жарыстарда бақ сынауы тиіс. Өйткені ол ұлттық құраманың нөмірі бірінші боксшысы саналады. Жарақаттардың себебінен әлем чемпионатына боксшымыз қатыспағандықтан біз Олимпиада ойындарында оғланымыз бақ сынайды деген ойдамыз. Әбілхан мен Асланбектен әлі де үміт күтеміз. Лицензиялық жарыстар келесі жылы басталады. Басты мақсатымыз – төртжылдықтың басты додасы», – дейді Марат Мәзімбаев.
Жарайды, М.Мәзімбаев жарақат алып, жарысқа жарамсыз болып қалған боксшылардың жайын айтып құтылады делік. Ал сонда басқа салмақтағы боксшыларымыз ше? Олардың бапкерлері ай қарап жүр ме? Әлде жаттығуға, шетелдердегі жарысқа баруға, боксы дамыған елдерде оқу-жаттығу жиындарын өткізуге жағдай жасалмаған ба?
Біздің облыста А.Шымбергенов пен Ә.Аманқұлдың салмағынан басқа да «меншікті» салмақтар бар емес пе еді? Мысалы, саңлақ боксшы Болат Жұмаділов атой салған 51-52 килограмм салмақтағы Н.Әбдрайымов, О.Сәттібаевтардың салмақтарында жаттығып жүрген ізбасарларынан неге үміт күтпейміз? Әлде Шымбергенов пен Аманқұлға сенім артып отыра береміз бе?
Облыста қазір әуесқой боксқа жаны ашып, жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген басшы мен бапкер жоқ сияқты. «Бар» десе, нәтижесін көрер едік қой. Бокстан облыс командасының тізгінін ұстаған бапкерлердің біліктілігі қандай дәрежеде? Бұл да сараптауды, саралауды қажет етеді. «Жамбыл» бокс клубы өз жұмысымен толыққанды айналыса алмай отыр ма? Бұған да жауап іздеу керек…
Қалай болған күнде де Жамбыл бокс мектебі ілгеріден-ақ танымал болатын. Талай саңлақтар шыққан өңірден әлем чемпионатына бір боксшы қатыспай жатса, бұл мәселе баршамызды ойландыруы тиіс. Сайыпқырандарымызды жарақаттан дін аман сақтауға барлық мамандар құлықты болса дейміз.
Осынау өзекті мәселені облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков неге қаперінде ұстамайды? Әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындарынан талай жүлде түсірген спорт түріне басқарма басшысы күйіп-піспесе, кімнің басы ауыруы мүмкін?
Табиғат АБАИЛДАЕВ
Тараз қаласы.