Әлеумет

Сағынышқа айналдың, қайран әке!

Сағынышқа айналдың, қайран әке!

Ардақты әкеміз Рахманбердінің дүниеден өткеніне де аттай жыл толыпты. Уақыт деген неткен жүйрік еді. Күні кеше ғана асқар таудай әкемізден ажырап, қабырғамыз қайысып, қара жамылып едік. Енді асын өткізгелі жатырмыз.

Мамыражай көктемде 1 мамыр мейрам күні туылған Рахманберді әкеміздің өзі де өмірін көктем етіп өткізді. Табиғат тарту еткен жарқын мінезділігі, зор адамгершілігі, ақкөңіл мінезі бар өміріне жолдас болды. Әрқашанда үлкен-кішіге, ағайын-туысқа бауырмалдық көрсетіп отыратын, жан-жағын доспен қоршаған жан еді. Сонау қиын-қыстау заманда қасиетті Әулиеата түбіндегі шағын Қызылабад ауылында дүниеге келген әкеміз қаршадайынан жетім қалып, қиындықты көріп өседі. Өзінің қажыр-қайраты арқасында ел қатарына қосылып, мәнді де, маңызды өмір кешті. Әкеміз 1950 жылы Қызылорда мұғалімдер институтының тарих факультетін бітіріп, елге оралған соң еңбек жолын Жамбыл қаласындағы Мәдениет үйінің ең алғашқы директоры болудан бастайды. Мәдениет саласында облыстық өлкетану мұражайының директоры, мәдени-ағарту училищесінің оқу-ісі меңгерушісі қызметтерін атқарады. 1952-1958 жылдары қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып істейді. Қазіргі Тараз (бұрынғы Жамбыл) қаласының өмірінде бұл кезең көркею, өсу жылдары еді. Әкеміз жастардың жалынды көшбасшысы ретінде танылады. Қаланың ең көрікті мүйістері сол жылдары пайдалануға беріліпті. Оның әрбірінде әкеміздің де өзіндік қолтаңбасы бар. Біз мұны мақтан етеміз. 1958 жылдан 1988 жылға дейін облыстық партия, атқару комитеттерінде, автокөлік қызметкерлерінің облыстық кәсіподақ комитетінде басшылық қызметтер атқарды. Осы аралықта ол 13 жыл қалалық партия комитетінің бюро мүшесі, 16 рет еңбекшілер депутаттары облыстық кеңесінің депутаты болып сайланған екен. Облыстың қоғамдық- саяси, экономикалық өміріне қоян-қолтық араласып, өзіне атқарылған міндетті асқан жауапкершілікпен атқарғаны аян. Әкеміз Тараздай тамаша қаламыздың көркеюі мен көгалдандыруына өлшеусіз үлес қосқан азамат. Атап айтқанда, қаламыздың көрікті демалыс орындары «Комсомол көлі» (қазір Зербұлақ деп аталады) мен «Комсомол саябағы» (қазіргі Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақ) салуда аянбай еңбек еткен. Ардақты әкеміздің атқарған адал еңбегін өкімет пен халық жоғары бағалады. «Ерен еңбектері үшін», «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» медальдармен, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі Президиу-мының Құрмет грамотасымен, одан да басқа 6 грамотамен, 2005 жылы Президент Н. Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталды. Он жыл бойы автожол ұжымдары кәсіподағы облыстық комитетінің төрағасы қызметін атқара жүріп, облыс жол шаруашылығын дамытуға және нығайтуға үлкен үлес қосты. Құрметті демалысқа шыққаннан кейін де қоғамдық өмірден қол үзбей, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары және «Ардагер» қорының төрағасы қызметтерін атқарып жүрді. Азаматтығы жағынан да, ақсақалдық жағынан да өз орны бар әкеміз республикамызға еңбегі сіңген сыйлы зейнеткер болып, Жамбыл облысының Құрметті азаматы атағына ие болды. Рахманберді Келесов – үлкен отбасының сүйікті, қадірлі атасы болып, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, немере-шөбере сүйіп, бақытты, ұзақ өмір сүрді. Асқар таудай әкеміздің қара шаңырағын қасиет тұтып, ізгі жолын жалғастырамыз. Әке әруағына басымызды иіп, мәңгілік сағынышымызды білдіреміз. Әкеміздің игілікті істері ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, тамыры тереңге жайыла берсін.

Ұл-қыздары, немерелері.