Ал, кетті, көкпар кетті, қайтар басын!
Ал, кетті, көкпар кетті, қайтар басын!
Ұлттық ат спортының тарихын зерттеушілер көкпардың екі мыңжылдық тарихын төрт кезеңге бөледі. Алғашқысын сонау VI ғасырдан бастаса, ең соңғысына – еліміздің тәуелсіздік алғаннан бастап бүгінгі күнге дейінгі өрлеу кезеңін жатқызады екен. Бір сөзбен айтқанда, қазір көкпардың жұлдызы жанған шақ. Тәуелсіздік жылдарындағы көкпар тарихы туралы айтыла қалса, алдымен ауызға ілігетіні «Әулиеата» командасы. Себебі, алғаш көкпар командасын құрған өңірлердің бірі де бірегейі Жамбыл облысы болды. 1992-93 жылдары елімізде тұңғыш рет республикалық «Тайбурыл-Тотализатор» деген дүбірлі дода өткізілгенде жамбылдық көкпаршылар «Әулиеата» командасы болып өнер көрсетіпті. Бұл белгілі қаламгер Шерхан Мұртаза республикалық телевидениені басқарып тұрған кез еді. Сол кісінің қолдауымен бұл жарыс «Қазақстан» ұлттық арнасының тікелей эфирі арқылы көрермендер назарына ұсынылды. Төрт өңірдің сайыпқыран көкпаршылары бәсекеге түсетін жарысқа баратындарды іріктеп, команда жасақтау барысында облыстың аузы уәлі азаматтары бірауыздан оны «Әулиеата» деп атауға ұйғарыпты. «Содан бері команданың атауы әлі өзгерген жоқ. Кейін «Тараз» деген команда шыққан. Екі-үш жылдай өнер көрсетті, бірақ олар ұзаққа бара алмады», – дейді көкпаршылар.
Тарихи жеңіс
Негізі көкпардан ел чемпионаты алғаш рет 2001 жылы өткізілгені белгілі. Көпшіліктің көкпарға көзқарасы түзеле қоймағандықтан ба, кім білсін, бұған дейін түрлі деңгейдегі бірқатар жарыстар ұйымдастырылғанымен, жақсы бастаманың ғұмыры бір-екі жылдан әріге бармай қалып жатты. Содан кейін бұл іске жоғарыдағы басшылар араласады. Сөйтіп, бірінші чемпионат Шығыс Қазақстан облысында өтеді. Сол жылдары елімізде Оңтүстік Қазақстан мен осы Шығыс Қазақстан өңірлерінде ғана ұлттық спорт мектебі, ал Жамбыл жерінде көкпар командасы болған екен. Осы додада әулиеаталықтар бірінші орынды жеңіп алады. Жамбылдықтардың бұл жетістігі – тарихи жеңіс еді. Команданың осы жеңісінен кейін Жамбыл жерінде көкпарға мықтап көңіл бөліне бастаған болатын. 2004 жылы команданың негізінде «Әулиеата» көкпар клубы құрылады. Содан бері он жылдан астам уақыт өтті. Командада бірнеше буын алмасты. Қазір клубта 15 шабандоз бар. Барлығы тұрақты жалақы алады. Клуб облыстық бюджет есебінен қаржыландырылуда. Жалпы, мұнда 34 адам жұмыс істейді. Оның 15-і – көкпаршылар, алтауы – ат күтушілер. Көкпар аттары әзірге Жамбыл ауданы аумағындағы жалға алып отырған ат базасында күтіліп-бапталады. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мамандары бұл мәселе алдағы уақытта оң шешімін табатынын айтады. Тіпті, клубқа қарасты ат базасын соғу үшін Жамбыл ауданындағы Айша бибі елді мекенінен 20 гектар жер алынып қойыпты. Тек құжаттар дайындау мәселесі келесі жылдың үлесінде қалып отырған көрінеді.
Доданың дуын қыздырған
«Әулиеата» командасының негізін қалаған Нәби Рүстемұлының есімі көкпар жанкүйерлеріне жақсы таныс. Жалпы, кезінде тақымы тастай көкпаршы атанған шабандоз Момынов елімізде ұлттық спортымыздың осы түрін қайта жаңғыртуға үлкен үлес қосқаны белгілі. Бүгінде ол кісі туралы ел аузында аңызға бергісіз әңгімелер айтылады. Көкпардан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Сәдібек Түгел: «Кезінде Нәби көкпарға түскенде кеудесіне нан піскен күштілердің өзі тайсақтай ығысып қала бергеніне талай жұрт куә болған. Көкпар десе Нәби аға жердің түбі болса да, ат сабылтып барып, доданың дуын қыздырып, көк серкені бір тақымға іліндірсе, тірі пендеге алдырмайды екен. Бірде «Көршілес қырғыздарда керемет көкпар ұйымдастырылады» дегенді естіп Нәбең үш-төрт үзеңгілесін ертіп, қырғыз жеріне ат тұяғын іліктірмей ме? Белгіленген уақытта көк серке ортаға тасталады. Содан қырғын дода басталады. Әлден уақытта қою шаңның жел жағынан серкені салақтата тартып, екі көзі оттай жанып Нәбең суырылып шығыпты. Соңындағы тәмам қырғыз кезек-кезек жармасып, сілкілейді. Жабыла қолдасып та тартқан көрінеді. Нәбеңнің жалғыз қолмен ғана тақымға басқан көкпарын бесін ауғаннан ымырт үйірілгенше қырғыз көкпаршыларының ешбірі жұлып ала алмай пұшайман болып, ақырында Нәбең сол қалпы атбасын Әулиеатаға бұрып, тартып кеткен екен. Ертеректе оның «Апыр-ай, дәл өзімдей көкпар тартар бір ұл бұл елден қашан шығар екен?» деген сөзін жерлестері жиі естіген. Құдайға шүкір, қазір Әулиеата өңірі көкпар тартудан алдына қара салмай тұр. Нәбең армандаған жүректі де білекті ұлдар жеңісті қолдан берместен, ұдайы алда келеді», – деп тәтті естелік айтқан. Негізі ұмыт бола бастаған ұлттық спорт түрін жаңғыртып, команда құру бір адамның бастамасымен бітетін нәрсе емес. Сонау қиын-қыстау кезеңде облыста көкпарды дамытуға білек сыбана кіріскен азаматтардың ортасында Жанысбай Ақбаев, Мақұлбек Байгелдиев, Алтынбек Керімқұлов, Рәтбек Олжабаев, Қайрат Шотбақов болған еді. Кезінде «Алаугаз» мекемесін басқарған Қайрат Шотбақов Қазақстанда ең алғашқы болып көкпаршыларға жалақы да төлеген. Көкпаршылар оның командаға арнайы форма тіктіріп, қаржылай көмек көрсеткенін ілтипатпен еске алысады. «Әкем партияда болған ғой. Мақұлбек Байгелдиев пен Алтынбек Керімқұлов партия қызметкерлері. Демалыс күндері үшеуі атқа мініп, Қырғызстан мен Қазақстанның шекарасында бір сайға көкпар тартуға барады екен. «Колбиннің кезінде көкпар тартуға тыйым салынған. Сондықтан, сырт көзге көрінбейтін жерде тығылып шабамыз көкпарды. Қырғыздармен алдын ала келісіп аламыз. Партия билеттерін үйге тығып кетеміз. Алда-жалда бұдан милициялар құлағдар болып, келсе қырғыздар жағына, ол жақтың сақшыларының көзіне іліксек бері қарай қашамыз» деп айтып отыратын. Бұл кісілер сөйтіп жүріп көкпарды өлтірмеген. Ол кезде баламын, әкем атқа мінгестіріп, мені де тастамайды. Үйде тыныш, жылы жерде жатуды ойлап, көбінесе барғым келмейтін. Сонда да болмай біраз сүйреп алып жүрді, кейін өзім қалмайтын болдым. 9 сыныптан бастап көкпарға шаптым. Жалпы, бұл қанымызға сіңген спорт деп ойлаймын. Бұны ешуақытта тастай алмаймыз, қанша қол-аяғымызды сындырып жатсақ та, атқа мінгеннен кейін бәрін ұмытып кетеміз. Інім Датқа, Рүстем де көкпар тартады. Рүстем кеден басқармасында жұмыс істейді. Жарыс кезінде басқарма басшысынан хат арқылы рұқсат аламыз. Негізі аталарымыздың бәрі шапқан ғой көкпарды. Атам Рүстемнің қырғыз-қазаққа аты шулы шабандоз Алдаберген деген ағасы болған. «Біздің тұқымда ең мықтысы Алдаберген еді, Алдабергеннен кейін Ағабек шықты деді, одан кейінгісі сенсің» деп айтып отыратын әкем. Орта Азия елдерінің көкпарларын көріп, тамашаладым. Көкпар арқылы әр мемлекеттен достар таптым. Олар бізге келіп тұрады. Барсам құшақ жая қарсы алады. Соның бәрі көкпардың арқасы ғой», – дейді Нәби Момыновтың ұлы Нұрдәулет. «Қандай іс те түбірінде-негізінде, тегінде болмаса, ұзаққа бармайды» деген пікірде ол. Танымал көкпаршының айтуынша, Момыновтар әулетінен шыққан ұлдардың бәрі шабандоз екен. Нәбидің төрт інісінің балаларының ішінде атқа мінбейтіні жоқ.
Командалық ойын қалай пайда болды?
Әрбір шабандоздың шеберлігі сыналатын жаппай көкпардың жайы белгілі. Ежелден келе жатқан негізгі ат спортының түрі осы. Оның кейіннен пайда болған дода тартыс немесе қазіргі көпшілікке кеңінен таралған командалық ойыннан ерекшелігі көп. Тарихқа көз жүгіртсек, елімізде жаңа жарыстың ережесі 1949 жылы бекітілген екен. Бірақ, көрші қырғыз ағайындар 2001 жылы күзде Бішкек қаласында халықаралық «Көкбөрі» федерациясын құрып, дода-тартысқа біршама өзгерістер енгізіп, жаңа ережесін қабылдайды. Шеңбер-отауды қазандыққа алмастырады. Бұл көкпардағы үлкен жаңалық еді. «2001 жылғы чемпионатта серкені жерге тастап шапқанбыз, 2002 жылдан бастап осы қазандық ойынына кірдік. Қазандық ойынын айырқалпақты ағайындарымыз ойлап шығарған дейміз. Біз бұны біраз зерттедік. Сөйтсек, бұл өзіміздің Қытайдағы қандас бауырларымыздан шыққан ойын екен. Оларда қазандық емес, үш метр биіктікте киіз үйдің шаңырағы секілді тор қолданылады. Қазір қазандық ойынына көпшіліктің көзі үйренген. Егер басқа жүйеге көшсек, көкпардың жанкүйерлері біраз азаяды. Тек, ережеге ғана кішігірім өзгерістер енгізуге болады. Мәселен, тартыс кезінде атты бір метрден қағуға болады, ақтық айқастарда оған қарамайды, 5-10 метрден де шауып келіп қағып жатады. Осыны мүлдем алып тастауға болады. Жуырда ғана Қытайға барып келдік. Құлжа облысы Мыңқол ауданында 22 мың қандасымыз тұрады екен. Сол жерде жылда «Тұлпар той» деп аталатын үлкен жиын өтетін көрінеді. Ауданда 10 мың адамға арналған атшабар бар екен. Тойдың барлық шараларын тамашаладық, көкпарға қатыстық. Ол жақта атты қағу деген жоқ. Қаққан жағдайда ережені өрескел бұзғаны үшін шабандоз ойыннан аластатылады. Негізі қазандық маңындағы қарбаласта да тұлпарлардың жарақат алу қаупі көп туындайды. Сол үшін Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан мырза қазандықтарды резинадан жасату мәселесін қолға алуда», – дейді белгілі шабандоз Нұрдәулет Момынов.
«Әулиеата» – жеті дүркін ел чемпионы
Бүгінде көкпардан әр өңірде жарыстар ұйымдастырылып тұрады. Бірақ, бір байқағанымыз бұл додаларға барлық ауданның командалары қатыса бермейді. Көбінесе Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Талас аудандарының шабандоздары ғана бақ сынайды. Бұл жерде мәселе, аудан басшыларының көкпарға аз көңіл бөлетіндігінде емес, қаражатта. Жол қаражаты, аттардың жем-шөбі бар, келгеннен кейін аттарға бөлек үй жалдау да оңай шаруа емес. Ал жоғарыда аталған мықты көкпаршыларымен танылған аудандар көкпардың нағыз фанаттары десе де болады. Әрі жер арасы шалғай емес. Міне, сондықтан «Әулиеата» командасының негізгі құрамы да осы төрт ауданның спортшыларынан құралған. Жарыстарда команданы халықаралық дәрежедегі спорт шебері Нұрдәулет Момынов бастап шығады. Тек облыс көлемінде ғана емес, Оңтүстік Қазақстан өңірінде, Ауғанстан мен Тәжікстанда да көкпарға шапқан шабандоздың тәжірибесі мол. Одан өзге 2004 жылы клуб құрылғалы бері Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданынан келіп өнер көрсетіп жүрген Манарбек Дүйсенбиев пен Жұлдызхан Тайырбеков, Әбуғали Әлжапаров, Бағлан Шырынбаев та мықты көкпаршылар. Жастар арасында өтетін додаларда әбден ысылған Құлажан Тоғайбаев, Датқа Момыновтың да есімдері көкпарсүйер қауымға жақсы таныс. Бұл екеуі 2008 жылы Көкшетауда өткен жастар чемпионатында облыс командасын алға сүйреп, табысқа кенелген еді. Нұрдәулет Нәбиұлы Құлажан Тоғайбаевты әмбебап шабандоз дейді. «Командада 12 шабандоз болса, оның ішінде қорғаушылар, шабуылшылар, жекпе-жекке шығатын ойыншылар болып бөлінеді. Әркімнің өз міндеті бар. Ал Құлажан қорғаушы бол десең қорғаушы болып ойнап кетеді, жекпе-жекке шық десең жекпе-жекке шығады. Оң-солын таңдамайды. Серкені екі жағына бірдей баса береді. Мысалы, мен көбінесе оң жағыма басам. Егер шабуылшы оң жағына баса қалса, серкені келесі шабандозға алмасу үшін екеуі бір-біріне қарама-қарсы келуі керек. Мұндайда қарсыластар қарап тұрмайды ғой. Сол себепті біз Құлажан арқылы тактиканы өзгертеміз. Ол серкені сол жағымен алып, Ерлан Жұмасаевқа болмаса Датқаға береді. Құлажанның осындай ерекшеліктері бар», – дейді ол. Жалпы, «Әулиеата» көкпаршылары шеттерінен мықты. Осындай шабандоздардың арқасында жамбылдық команда ел біріншілігінде жеті рет жеңіске жеткен. Көпшілік арасында Қазақ Олимпиадасы аталып кеткен төрт жылда бір өтетін «Ақ бидай» ауылдық спорт ойындарында екі рет жеңімпаз атанды. Сондай-ақ, олар – халық ойындары және ұлттық спорт фестивалінің екі дүркін чемпионы.
Лазер – Орта Азияның үздігі
Клуб жетістіктерін айтқанда, Лазер туралы сөз қозғамау мүмкін емес. Бүкіл Орта Азияда Лазерге тең келетін сәйгүлік жоқ. Жекпе-жекте қарсылас команданың небір мықты қазанаттарына дес бермейтін тұлпарды әулиеаталықтардың додалардағы басты көзірі десек, артық айтқандық емес. Қазір Қазақстанда Лазермен бәсекелес бір ғана сәйгүлік бар. Ол бұрын «Астана» командасының шабандоздары қатарында өнер көрсеткен Оңтүстік Қазақстан облысының Ақжал атты тұлпары. Қазіргі таңда Лазерден кейін екінші орында тұр. Үшінші орында – Алматы облысының Байтұмар дейтін аты. «Әулиеата» шабандоздарының айтуынша, Қызылорда облысында жақсы айғыр бар көрінеді. Барлығы да жекпе-жектің аттары. Орта Азия елдеріне аңыз болған Лазер осылардың бәріне дес бермей келеді. Дегенмен, сәйгүлік біршама қартайған. Сол үшін жамбылдықтар Лазерді финалдық ойындарға ғана шығарады. Ал жекпе-жекке тағы бір ат алып дайындап, бәсекеге соны қосуда. Аю атты қазанат жекпе-жектің көбісін жеңіп жүр. Әзірге жалғыз ғана Ақжал мен Алматы облысының Байтұмарын жеңе алмауда. «Аю дәл қазір Лазерді алмастыратын деңгейге жеткен жоқ. Оны өзіміздің жергілікті жердегі жылқы ұстайтындардан сатып алғанбыз. Нарқасқа – нағыз қазақтың қазанаты. Жерге жақын, аса биік емес, жуан. Соңғы чемпионатта жақсы өнер көрсетті», – дейді әулиеаталық шабандоздар. Лазер мен Аюдан басқа клубтың маңдайына басқан 14 сәйгүлігі бар. Барлығы мекеме меншігіндегі аттар. Мұнда тұлпарларды қарайтын арнайы мал дәрігері жұмыс істейді екен. Аттың жем-шөбі, тағы басқа қажеттіліктерге жұмсалатын қаражат шығыны ат спорты клубының жылдық бюджетінде қарастырылған. Мамандардың сөзіне сүйенсек, бәйге аттарына қарағанда көкпар атын күтіп-баптау мүлде басқаша көрінеді. Бәйге аттарына жеңілдеу қылып, жем-шөптерін азырақ берсе, көкпар қазанаттарына керісінше. Көкпарға шабатын аттарға жемін-шөбін мейлінше көбірек беру керек. Өйткені, күшті аттар ғана жақсы өнер көрсетеді.
Команда резерві – жастар
Көкпарда спортшылар жиі алмасып тұрады. Өйткені, бұл ойын да жиі жарақат алатын, тәуекелі көп спорт түрі. Сондықтан, шабандоздар көбіне 40 жасқа дейін шабатын көрінеді. Жастар демекші, бұрын көкпардан өткізілетін жарыс тек бір ғана чемпионатпен шектелетін. Қазір жастар және жасөспірімдер арасында да ел біріншілігі өткізілуде. Сондай додаларда көзге түскен 3 жас шабандоз «Әулиеатаның» негізгі құрамына қосылыпты. Клуб басшыларының айтуынша, алдағы уақытта жастар құрамасында өнер көрсетіп жүрген Есжан Құрманбай, Бекбосын Әбдірасыл, Асыл Елдос деген көкпаршылар команда құрамына қосылып қалуы да мүмкін. Облыс көлемінде өткізілетін додаларда жастар бөлек команда құрып, сынға түсуде. Өңірде «Әулиеата» командасынан кейінгі орында байзақтық шабандоздар тұр. Олар алдыңғы жылдары «Байзақ» деген команда құрып, аймақтың ішкі біріншілігінде жеңіске жеткен болатын. Биыл Нәби Момыновты еске алуға арналған халықаралық турнирге де қатысып, қола жүлдегер атанған еді. Ел біріншілігінде өнер көрсететін жеткіншектер командасының атауы – «Байзақ». Күнтізбелік жарыстар тізбесіне енген екі халықаралық жарыс, ересектер, жастар және жасөспірімдер чемпионаттарына қатысатын құрамалардың негізгі оқу-жаттығу жиындары клуб базасында өтетін көрінеді. Нұрдәулет Нәбиұлы «Әулиеата» командасының резерві жастар екенін айтады. «Жастар бізден жалақы алмайды. Ел біріншілігінде жақсы өнер көрсеткендерін негізгі құрамға кіргіземіз. Жылдың соңында дене шынықтыру және спорт басқармасымен ақылдасып, сыйақы беру жағын да жолға қойғанбыз. Бізде көкпаршыларымыздың жалақысы өте жақсы. Оны барлық облыс біледі. «Әулиеата» клубының шабандозы облыс әкімінің қаулысына сәйкес 150 мың теңгеге дейін жалақы алады. Халықаралық дәрежедегі спорт шеберіне 150 мыңға дейін, спорт шебері деген атағы барларға 120 мың теңгеге дейін төленеді. Командада халықаралық дәрежедегі 3 спортшымыз бар», – дейді ол. Шабандоздарға жалақыдан бөлек жарыстарда ұтып алған жүлдеден сыйақы беріліп тұрады екен. Негізі ішкі біріншіліктерде ақшалай сыйақы тағайындалмайтын көрінеді. Берілген жағдайдың өзінде жүлде қоры азын-аулақ. Ал, Президент кубогы жарысының және Асанбай Асқаров атындағы, Нәби Момынов атындағы халықаралық турнирлердің сыйақысы едәуір. Өйткені, додаларды өткізуге «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры қолдау көрсетеді.
Түркістандағы сәтсіздік
Биыл көкпардан ересектер арасындағы ел біріншілігі Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан қаласында өтті. Бірақ, әулиеаталықтар чемпиондық атақтарын сегізінші мәрте қорғап қала алмады. Клуб директорының айтуынша, команданың дайындығы да, аттардың бабы да жақсы болыпты. Тіпті, Таразда өткен турнирде жіберген кемшіліктерді түзетіп, шауып барып ілуде қарсыластарынан басымдау түсіпті. Шабуылшылар Бағлан Шырынбаев, Құлажан Тоғайбаев, Датқа Момынов, Ұлан Сейіт өз міндеттерін мінсіз атқарыпты. Сөйте тұра ақтық кездесуде оңтүстікқазақстандықтардан 2:1 есебімен жеңіліп қалды. Команда капитаны бұл сәтсіздіктің сырын былай түсіндіреді: «Шымкенттіктер биыл командасын Астана қаласының мықты 4 шабандозымен толықтырды. Оларда Азия чемпионатында өнер көрсеткен сегіз бірдей шабандоз бар. Дегенмен, бізді бұл статистика қорқыта қойған жоқ. Мен оны ашық айта аламын. Ол жерде төрешілердің әділетсіздігінен біз жеңіліске ұшырадық. Бірінші кезеңде тең түсіп жатқанбыз. Екінші кезеңде қарсыластарымыз Лазерді келіп қағып жатты. Одан басқа да тәртіпбұзушылықтар болды. Төреші ешқандай шара қолданбады. Керісінше біздің Әбуғали деген шабандозымызды ережені бұздың деп 5 минутқа алаңнан шеттетіп, «қара нарға» жіберді». Әулиеаталықтар кейін сол ойынның бейнежазбасын көріп, қарсыластары тарапынан 18 ереже бұзушылық тауыпты. Бұл мәселені төрешілер алқасына салмақшы. Алдағы уақытта «бұра тартқан төрешіні ақтық айқасқа шығармау үшін шара қолдану керек» деп есептейді олар.
Тілші түйіні:
«Қариясы бар елдің, қазынасы бар» деген сөз бекер айтылмаған. Кеңестік кезеңнің өзінде Қаратау, Айша бибі ауылдарының ақсақалдары тайға мінуге жараған қарадомалақтарға әр сәрсенбі сайын «бала көкпар» ұйымдастырады екен. Сондай жарыстарда үлкендер жағы жеткіншектерге серкені қалай басу, қалай ілу керектігін, екпіндетіп барып ілудің тәсілдерін үйретіпті. Міне, көкпар бүгінгі буынға осылай жеткен. Қазір Айша бибі ауылында осы бір игі дәстүр қайта жаңғыртылып жатыр екен. Балалардың қызығушылығы жоғары. Жүлде қорына 500 теңгеден салым беріледі. Демеушілер де бар. Әр үйдің баласы атқа мініп, доданың дуын қыздырғысы келеді. «Бұл - қуанарлық жайт. Атқа құмар балғындар шылымқорлық, уытқұмарлық секілді зиянды дағдылармен әуестенбейді. Мейірімді болады, қысқасы, аттың балаға берер тәрбиесі көп-ақ», - дейді ауыл тұрғындары. Елімізде ұлттық ат спорты жылдан-жылға дамып, өркендеп, өсумен келеді. Былтыр Астанада тұңғыш рет көкпардан Азия чемпионаты өтті. Биыл мұндай біріншілік аударыспақ бойынша ұйымдастырылды. Қыркүйекте Қарағандыда жүлде қоры үлкен жарыс өтпек. Жыл сайын Оңтүстік Қазақстан облысында өтетін Асанбай Асқаровтың атындағы жарысқа қазақ, қырғыз, өзбек, тәжік елдері қатысады. Қазір жамбылдық шабандоздар осы додаларға қызу дайындалу үстінде. Келесі жылы Азия чемпионаты Түркия елінің Анталия қаласында өтпек. Ал 2017 жылы «ЭКСПО» қарсаңында елімізде көкпардан әлем чемпионатын өткізу жоспарланған екен. Оған 10-нан аса мемлекет қатысуға ынта білдіріп отырған сыңайлы.
Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».
Суретте: №1 жейделі команда капитаны Нұрдәулет Момынов, №5 шабандоз Жұлдызхан Тайырбеков, №7 ойыншы Әбуғали Әлжапаров Лазер атты сәйгүлікпен.
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.