Мәдениет

Дала даналығын дәріптеген азамат

Дала даналығын дәріптеген азамат

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Серік Үмбетовтің Алматы қаласындағы «Полиграфкомбинат» ЖШС-нан 1000 данамен жарық көрген «Дала даналығы» атты Елбасы туралы, қоғам мен атақты адамдар жайлы толғаныстары, шыққан тек, тәлім-тәрбие, киелі өңірлер, әулие-әнбиелер жайлы, сондай-ақ қайраткер-депутаттың өзі туралы қаламгер-әріптестердің түрлі басылымдарда жазылған дүниелері топтастырылған кітабын оқып отырып, Серік Әбікенұлының Жамбыл облысына әкім болған алғашқы жылдары Жаңатаста орын алған мына бір оқиға еріксіз еске оралғаны.

Жаңатастағы кеншілер дүмпуі басылғанымен Сарысу ауданының орталығына айналған қалада халық наразылығы арагідік орын алып жатқан тұс. Бір топ қала тұрғыны бір ай аудан әкімі болып, орнынан босап қалған әкімнің қайта тағайындалуын талап етіп, әкімдік кеңсесінің алдындағы төбеге күнде жиналады. Содан бір күні қасына орынбасарлары бар, облыстық құқық қорғау органдарының, басқармалар мен мекеме басшыларын ертіп, наразы жұртпен кездесуге облыс әкімі Серік Үмбетовтің өзі келді. Күннің шыжып тұрғанына қарамай, ашық аспан астында бірінші орынбасарынан бастап, облыстан келген барлық басшыны тікесінен тұрғызып, ал жанына қариялар мен ақ жаулықты аналарды отырғызды. Сөз сұрағанның бәрі мінберге шықты. Сарысу ауданының Құрметті азаматы, елге сыйлы қария Рәш Әбілов сөз алып, Қазақстан Республикасы зайырлы, демократиялық әрі құқықтық мемлекет екенін еске сала келе, «Президент облыс әкімін, облыс әкімі аудан әкімін тағайындайды» деп наразы жұртты сабырға, түсіністікке шақырды. «Одан да Жаңатастың, тұтастай ауданның әлі де шешімін күткен мәселелерін қозғайық, облыс әкімі күнде келе бермейді» деп, аталы сөзін айтты. Ақыры талаптың орынсыз екенін түсінген жұрт, қалада, ауданда шешімін күткен мәселелерге назар аудара бастады. Айтылған әрбір ұсыныс пен пікірді Серік Әбікенұлы қойын кітапшасына өз қолымен жазып алып, барлық ұсыныс пен сұраққа нақты жауап берді. Көсем сөздің көк майсасына шалғы салғандай етіп, әрбір сөздің майын тамыза жеткізді.
Облыс әкімі кейін де Сарысу ауданына атбасын жиі бұрып, жылдар бойы қордаланып қалған мәселенің шешілуін тікелей өзінің бақылауына алды. Жаңатас қаласындағы іргелі мешіттің ашылу салтанатына қатысып, имандылық шарасының ортасында ел-жұртпен бірге болды. Рәш Әбілов ағамыз өмірден өткенде Алматы облысының әкімі ретінде қарбалас жұмыстармен жүріп қазаны естімей қалғанын айтып, Саудакент ауылындағы отбасына телефон соғып, Қатша апамызға көңіл айтуының өзі адамгершілік қасиетінің зор екенін көрсетсе керек.
Серік Үмбетов облысты бес жыл басқарып, өңірдің өсіп-өркендеуі жолында көп еңбек сіңірді. Ол енді басқа әңгіме. Ал «Дала даналығы» атты кітабы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар ол – тәуелсіз Қазақстан. Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетінің нығайып, көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа!..» деген отансүйгіштікке, патриоттық рухқа шақырған жалынды сөзімен ашылған 358 беттік кітапты оқып шықтық.
Белгілі қаламгер Асқар Алтай «…Ел басқарған ерге сын сәттерде соқтықпалы, соқпақсыз сүрлеуден сүрінбей, абыроймен өтіп келе жатқан сарабдал жан. Онымен бірге қызмет істеген азаматтар мен азаматшалардың қай-қайсы да әлі күнге «Біздің Секең» деп сөйлейтіні де содан. Өзінің қарапайым да қажырлы мінезімен, сабырлы да салиқалы іс-әрекетімен көрінген бірегей азамат» дейді «Суықтөбе биігіндей сауырлы» аталатын алғысөзінде С.Үмбетов жайлы.
Төрт тараудан тұратын кітаптың «Елбасы – парасаттың мұнарасы» аталатын бірінші тарауы тұтастай Нұрсұлтан Назарбаев дүниеге келген киелі мекенге, ата-анасы, өмір жолына, мемлекет басқарудағы сындарлы саясатына арналады. «Көсегені көгерткен көрегендік» деп ат қойған толғанысында автор бүй дейді: «Көреген саясаткер Нұрсұлтан Әбішұлы «Ғасырлар тоғысында», «Тарих толқынында» атты кітаптарында байыпты болжамы мен тың тұжырым жасағаны да алдағы дара жолды дұрыс таңдауынан. Жалпы Көшбасшының бойында ел мен жерін, туған халқын, оның болашағын болжаудағы, қастерлеудегі озық үлгісі болуы шарт. Елбасының жастарға таным нәрі мен шуағын егетін, адамға адал еңбек етуді үйрететін тұлға деп танимын».
Елбасына арналған тараудағы қай дүниені оқысаңыз да Нұрсұлтан Әбішұлының сан қырлы саясаткерлігін барынша аша түскенін көресіз. Сарыарқа төсінен салынған елорданың авторы ретінде де Тұңғыш Президенттің ерен еңбегін атайды.
Серік Әбікенұлы «Адам жанының әлемі» тарауында «Көркем мінез» деген тақырыппен адам бойындағы қайырымдылық қасиет туралы әңгімелей келе, «Бай-атымтай жомарт, кедей-еңбекқор, үнемшіл болғанда ғана бір сәттік өміріміз нұрлана түсетіні сөзсіз» дейді. Кітапта қазақтың даңқты азаматтары туралы ой-толғамдары да оқырманын тарта түседі. Қазақтың Шерағасына айналған Шерхан Мұртазамен талай рет кездесіп, дидарласқанын әңгімелеп, ақиқаттың алдаспанының қаймықпайтын қайсарлығына, айтқыштығы мен тапқырлығына тәнті болғанын тамсана жазады. «…Оқып отырып мына бір пікірін қаламыма ілмесем аға алдындағы інілік парызыма сын болатындай. «Жан-жақтан торыған ажалды жолатпай, Қорқыт ата қобызын күндіз-түні тебірентіп-ақ келіп еді… Әттең-ай, бір сәтке қалғып кетіп, қобыздың үні өшіп қалғанда, қасиетті бабаны жылан шағып өлтіреді… Сол қобыздың шын аты – Руханият», депті. Баяны жоқ бес күндік өмірден Алланың жазуымен келместің кемесіне мініп «жолаушылап» кететініміз хақ. Жазушы осыны еске салып отыр. Астарлы, жүрекке салмақ түсірмейді. Тіршілікте адамдықтың ақ кемесінде қазақтың салт-дәстүрін, қаз-қалпында сақта деп отыр. Рухыңды төмендетпе, өткен тарихыңды ұмытпа, бүгінгі мен ертеңіңе берік бол қазағым дейді ғой шырылдап». Қандай сөз, қандай теңеу! Күй падишасы, даңқты сазгер Нұрғиса Тілендиев, қазақ халқының тағы бір асыл перзенті, елге белгілі жазушы Балғабек Қыдырбекұлы, жазумен сурет салатын тағы бір талант, жазушы Асқар Сүлейменов, ән әлемінің падишасы Әсет Бейсеуов, басқа да ақын-жазушылар, өнер адамдары туралы естелік-толғауларын құмарта оқи бергің келеді. Қазақтың бас ақыны Абайдан бастап, сөз сүлейі Сүйінбай, жыр алыбы Жамбыл, айтыстың ақберені Үмбетәлі, аса талантты ақындар Мұқағали мен Қадырды тамаша естеліктерге асқан шеберлікпен енгізуі де «мен» деген жазушының ғана қолынан келеді.
«Қазағым, қасиетті халқым» тарауы халқымыздың тарихына қысқаша шолу жасаумен басталып, «қазақ» деген сөздің шығуы, «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» шапқыншылығына, Мағжан ақын жырына ұласады. Кәрі тарих қойнауын бір шолып өтіп, киелі Түркістан шаһары, Арыстан баб әулие, Қожа Ахмет Ясауи, Бәйдібек баба, Әулие ана – «Домалақ ана», Зеріп пен Сыланды аналар, Қарахан баба, Айша бибі туралы толғаныстары да оқырманды сөзсіз қызықтырады. Исі мұсылман үшін қасиетті мекен – Түркістан шаһарына айналып соғып, тарауды осы киелі қала туралы дүниесімен аяқтайды автор. Соңғы «Халық айтса, қалт айтпайды» тарауында түрлі басылымдарда халық қалаулысы туралы жазылған дүниелер беріген.
Серік Әбікенұлы о баста қаламгерлікке келгенде жүздеген жазушының бірі емес, кітабына арқау болған мықтылардың қатарында жүрер ме еді. Бірақ депутат-қайраткер азаматтың пешенесіне Алматы және Жамбыл облысын басқару, Ауыл шаруашылығы министрі, Парламент Мәжілісінің депутаты болу жазылыпты. Екі бірдей өңірмен қатар, ауыл шаруашылығын өркендетуге зор үлес қосты. Бүгінде ел аманатын арқалауда. Аман болыңыз, қолыңыздан қаламыңыз түспесін, Аға!

Амангелді ӘБІЛ
Тараз қаласы.