- Advertisement -

Өмірден Ақпейіл ат ты емші өткен…

129

- Advertisement -

1960 жылдары Меркі ауданының Тоқан ауылы ол кезде Ленин жолы деп аталатын. Жаздыгүні шөп жинау науқаны жүріп жатқан. Әркім өз тірлігімен тер төгіп жүр. Сондай күндердің бірінде әпкем Рәзияны қарақұрт шақты деген хабар келді. Жездем Көктеубай қасында екен. Әпкемнің денесі ісіп кеткен. Сонысын көтере алмай, айқайға салып жатыр. Дереу көлікпен үйге жеткіздік. Ауыл дәрігері ауданға алып бар деп қашқақтады. Аудан ауылдан алпыс шақырымдай жерде. «Оған жете ала ма?» деп қобалжып тұрғанымызда бір ауылдасымыз: «Осы Тасөткелде тұратын Ақпейіл ақсақалды алып келіңіздер» деп ақыл қосты. Тез арада әлгі кісіні алдырдық. Өзі бізге күйеу екен. Ол кісі сол кездің өзінде сексеннің шамасында болатын.

Дәрігерге Құдайдай сенетін уақыт болса да осылай етуге мәжбүр болдық. Емші атамыз науқасты кеш батқанша оқып, намаз уақтысында далаға шықты. Оның әр қадамын аңдып, арты қалай болар екен деп үміттеніп, қарап отыр едік. Сонымызды сезген қария: «Уақытты өткізіп алыпсыңдар, қиындау болса да денеге жайылған уытты тізеге дейін түсірдім. Намаздан кейін қайта оқимын», деді. Ол кісі сөзінде тұрып намазынан кейін тамақтанып алып, оқуына қайта кірісті. Сөйтіп, түннің бір уағында әпкемнің айқай-шуы, қиналысы басылып, тыныш ұйқыға кетті. Бұл дұғамен емдеудің күштілігі еді. Енді науқастың беті бері қарағанына көңілі жайланған Ақпейіл ақсақал: «Алла қаласа, балдыз ертең-ақ жазылады», – деп Көкбастауға бажалығын білдіріп жатты. Онысы «Мен Тоқан қораласқа күйеумін, соны біліп қойыңдар» дегені екенін де аңғардық.
Одан кейін ақсақал далаға шығып, жуынып-шайынып, қариялар отырған дастарқанның төріне келіп жайғасты. Содан ауыл адамдары әзіл-қалжың жарастыра отырып, елдің сұрақтарына жауап беріп, ата-бабалар жайлы біраз әңгімелер айтты. Шежіреге де жетік екен қария, ата-тектерді де түсіндіріп жатты. Қайтар сәтінде кәдесін жасап, шапанын кигізіп үйіне жеткізіп салдық.
Міне, сол кезден бастап көз алдымда әпкемді емдеп жазғаннан кейін Жаратушымыздың бар екеніне көзім жете түсіп, Ақпейіл ақсақал жайында ауыл адамдары – Секербек Немертұлы, Спанқұл Қойшыұлы, Рақыш, тағы басқалардан сұрап қағаз бетіне түсіріп жүрдім.
Кезінде бұл мәліметтерді жарыққа шығара алмадым. Одан кейін де көпке дейін батпай жүрдім. Өйткені кейінгі кезде әулиелер жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптады да кетті. Шынымды айтайын, олардың көбіне көңілім толмады. Сол өзім көз жеткізген Ақпейіл атаның беделін түсіріп алмайын деп те ойладым.
Ол кісі Шу өзенінің бойындағы Тасөткелдің қырық үй Бесторсық ауылында туған. Есейген шағында әкесі Қожабай оны арабша оқуға береді. Нағашыларының медреселері болмаса да қожа-молдаларға жағдай жасаған екен. Ақпейіл жігіт болғанда Қалмырза бидің жылқысын бағыпты. Оқытқан қожа-молдалар Ақпейілдің бойында бір ерекше қасиеттің бар екенін аңғарады.
Бірде Қалмырза Ақпейілді Тоқмаққа кеме жасауға апарады. Сол жерде дарынды жігіт діни сауаттылармен танысып, астындағы атына діни кітаптар айырбастап алады. Ол Құран Кәрімнің науқастарды оқитын сүрелерінің жинағы екен. Кемені бітіріп, Тасөткел ауылына алып келеді. Содан 26 жыл бойына Шу өзенінің екі жағалауына да қожалық етіп, ары-бері өткен жолаушыларды тасып, кәсіп еткен көрінеді. Сол уақыттарда Қытайдың Сыр бойынан қатынайтын саудагерлерден тарихи деректерді естіп жүріп, өз қасиеттерін дамыта бастайды.
1929-1930 жылдары Бесторсық ауылын Шу бойынан Меркі ауданының Қорағаты өзенінің бойына қоныстандырады. Сөйтіп, Тасөткел колхозы деп аталады. Сол жылдары Ақпейіл нағашыларын көп аралап жүреді. Бірде екі жылдан бері науқастанып жүре алмай жатқан қыздың жақындары оған өтініш айтады. Жігіт бірден тәуекелге барады.
Тоғыз күн емдегеннен кейін сал болып, төсек тартып қалған қыз басын көтеріп, тілге келеді. Үш айдан кейін әкесі қызын тағы Ақпейілге алып келеді. Тоғыз күннен кейін қыз бұрынғысынан да оңала түседі. Сөйтіп олар ауылына қайтқалы отырғанда бойжетіп қалған қызды Бөгенбай деген біреу айттырып келеді. Сонда қыздың әкесі ерікті Ақпейілге беріп, өкіл әке ретінде қыз тағдырын тапсырыпты. Ақпейіл батасын беріп, Бөгенбай мен қызды қосады. Бөгенбай сол қыздан екі ұл, бір қыз сүйіп, өрістеп өскен екен. Бүгінде олардың ұрпақтары бар.
1943 жылдың жазында колхоз түйешісі Жайлаубайдың баласы Жабықбайды қарақұрт шағыпты. Тоқан ауылының білгіштері жиналып, Иген деген (Нүсіп) молдаға дем салдырып, ештеңе шығара алмағандықтан, Ақпейілді арнайы шақырыпты. Сол жерде Иген дұғасының әлсіз екенін мойындаған көрінеді. Одан кейін сол Жайлаубайдың баққан түйесін тағы қарақұрт шағып, бұл жолы да Игенге оқытқан екен. Түйенің уын қайтармақшы болған Игеннің өзіне у өтіп, ісініп кетіпті. Ақпейілді тағы алдырыпты. Қасиет қонған жігіт сол жолы бір күн оқып, түйені де, молданы да жазып аяққа тұрғызады.
1957 жылы ауыл азаматы Сүндетпай Ибраимовтың Мәдина деген әйелі белгісіз бір дертке шалдығады ғой. Ол сол кездегі Жамбыл қаласындағы ауруханада ұзақ жатқан екен, ешбір ем қонбаған. Мәдина да Ақпейілдің қолынан жазылып кеткен. Сол Мәдина беріге дейін өмір сүрді.
Ақпейіл атаның Меңеш атты қосағынан туған тұңғыш баласы Әбілқасым Ташкентте оқып, Алматыдағы Наркомның білім бөлімінің басшысы қызметінде жүрген жерінен өкпе ауруынан о дүниелік болып кетіпті. Екінші ұлы Рақымқұл Тасөткел колхозының комсомол ұйымының хатшысы болып жүргенде әскерге шақырылып, содан қайтпай қалған. Ол туралы Меркі ауданында жарық көрген «Боздақтар» кітабында мәліметтер бар.
Бұл күнде Ақпейіл атаның кезінде қолданған кітаптары баласы Әшімқұлдың үйінде сақтаулы тұр.

Р.S.

Ақпейіл атамыздың баласы Әшімқұл Ақпейілов 2001 жылдан бастап Асанбай Асқаров атамыздың өсиетімен Мүсілім Дайырбеков, Хамит Рақышев, Мұсабек Әлімбеков және басқа ағайындармен бірге мәліметтер жинап, демеушілердің көмегімен «Тарихи шежіре» атты 8 кітап шығарып, шамамен 7 миллион теңгенің еңбегін тегін таратты. Сол жылдан бері Ботбай ұрпақтарының қысқа тарихын жинап, 2016 жылы 1079 беттік екінші «Ұлы Бәйдібек баба» атты кітап оқырманға жол тартты. Қазіргі таңда кітаптың толықтырылған екінші басылымы дайындалып жатыр. Биыл «Батыр бабаларымызға тағзым» атты 1 сағат 45 минуттық кино түсіріліп, ұрпақтарының көзайымы болды.

Аязби АҚБЕРГЕН.

Меркі ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support