Саясат

Ұлт тық кеңес қоғамды біріктіре түседі

Ұлт тық кеңес қоғамды біріктіре түседі

Жаңа құрылым болғанына қарамастан жұрттың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне деген сенімі зор. Өйткені бұл – билік пен қоғам арасындағы диалогты тиімді үйлестіретін маңызды қадам. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынып отырған маңызды стратегиялық бағдарламасын нақты іске асыру барысында туындауы мүмкін түсініспеушіліктерден алдын ала сақтандыратын да, көпшілік жұрттың мұң-мұқтажын тиісті органдарға дер кезінде жеткізетін де осы кеңес болады деп сенеміз.
Аталған кеңес аса маңызды тағдыршешті бағдарламалар қабылданар кездерде және қандай да бір сын сағаттарда ешбір бұра тартушылыққа жол бермесе, онда оның халық арасындағы абырой-атағы арта түсері де сөзсіз. Ең бастысы, оның жұмыс бағыты дискуссиялық сипат алып кетпесе болғаны. Кеңес мүшелері бірінші кезекте көпшіліктің мұң-мұқтажын билікке жеткізетін, қоғамдағы ең өзекті нақты проблемаларды көтеретін және қабылданған сәйкес шешімдерді орындата алатын өкілдер екенін ұмытпағаны жөн. Олар белгілі бір адамдар мен топтардың мүддесін қорғайтын емес, керісінше мемлекеттік мәселе төңірегінде ойланатын тұлғалар.
Қоғамдық ұйым болғанымен,Ұлттық сенім кеңесінің алдына аса жауапты міндеттер қойылған. Соның ішіндегі ең маңыздысы – халық сенімінен шығу. Өйткені кеңес көпшілік күткен үдеден шыға алса ғана қоғамдық сана жаңарады. Жаңаша ойлана алатын және өркениетке сеніммен ұмтылатын жастарымыз да көбейеді. Сенім – халық пен билікті тікелей жақындастырады, яғни қоғамның іргесі беки түседі.
Қазіргі цифрландыру заманында, әлеуметтік желі қоғамның жаңа институтына айнала бастаған кезеңде мемлекеттік басқарудың жаңа стиліне көшуге тура келіп отыр. Басқарудың осы жаңа стилін қалыптастыруда және дамытуда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі аса үлкен рөл атқаратын болады. Онда да ол билік пен қоғам арасында тиімді диалог құруға мүмкіндік беретін, демократиядағы плюрализмге қажетті алғышарттарды ұсына алатын құралға айналса ғана. Өйткені сенім арқылы ұлттық диалогтың жаңа форматы қалыптасады. Сонда Ұлттық кеңес шеңберінде талқыланатын мәселелер әлеуметтік-саяси реформаларға әкелетіні сөзсіз.
Мысалы, қазіргі ақпараттық технологиялар заманында негізгі байланыс және диалог әлеуметтік желі арқылы жүруі тиіс. Бұл жағдайда қоғамдық құрылым көпшіліктен келетін сұрақтар, арыздар және шағымдарды бағыттар және салалар бойынша жүйелеп, сараптап, содан кейін кеңес отырысына шығаруы тиіс. Нәтижесінде билікке берілетін сұранысты нақты тұжырымдап, оны орындау, іске асыру мерзімін талап ете алады. Ал бұдан шыққан қорытындыны әлеуметтік желі арқылы халыққа хабарлап, дер кезінде есеп беріп отыруы керек. Сонда ғана қоғамдағы жауапкершілік және ашықтық қамтамасыз етіледі.
Қазір министрлердің, барлық деңгейлердегі әкімдердің негізінен формальды есеп берулері (кездесу, жиналыстары) өзінің өзектілігін жоғалтты. Енді халықпен байланысты негізінен кері бағытта жүргізу керек. Нақтырақ айтсақ, көпшілік халық сұрайды, шағымын және арызын айтады. Ал әртүрлі деңгейдегі атқарушы органдар (немесе билік) көпшіліктің өтініш-тілектерінің қашан орындалатынын көрсете отырып, мерзімін хабарлайды.
Бұл жағдайда қойылған мәселенің шешілу барысы туралы есепті халық та, әртүрлі деңгейдегі атқарушы органдар да (сала министрлері, ұлттық компаниялар басшылары, әкімдер, жоғарғы билік) көріп және бақылап отыратындай болғаны жөн. Сонда әртүрлі деңгейдегі шенеуніктер өздеріне жүктелген міндеттерді және шын мәнінде халық үшін қызмет етіп отырғанын толық сезінеді. Олардың жауапкершіліктері күшейеді, қызметінде халық сұраныс жасаған мәселелер бойынша нақты нәтижелер көріне бастайды. Осылайшы жұрттың билікке деген сенімі артады.
Cондықтан билік өкілдері тұрақты түрде, тіпті онлайн (on-line) режімінде көпшілікпен (сайлаушылармен де) ақпараттық қарым-қатынаста болып, кеңесіп отыруы, өзекті сұрақтарды (мәселелерді) талқыға салып, әріптестік орнатуы қажет. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі жұмысын тиімді ұйымдастыру (яғни көпшіліктің әлеуетін пайдалану) арқылы қоғаммен тиімді және көлемді диалог орнатудың жаңа үлгісі қалыптасады. Осы қоғамдық диалогты орнатуда, мемлекеттік басқарудың жаңа стилін қалыптастыруда және дамытуда мына принциптерді міндетті түрде басшылыққа алуы керек деп есептейміз:

  1. Диалогқа барлық азаматтарды тарту, қатысушыларға ешбір талап қойылмаса және жасанды кедергілер жасалынбаса;
  2. Көтерілген мәселенің шешімін іздеуде жаңаша көзқарас қажет. Мұнда атқарылған жұмыстар туралы есептер тыңдалынбайды, керісінше, негізінен қатысушылардың ұсыныстары тыңдалады, талқыланады, сұраныстардағы идеяларды жетілдіру талап етілсе;
  3. Жаңа, инновациялық идеялар жарысқа түссе, осы арқылы қатысушылар бойында жаңашылдыққа талпыныс пайда болады;
  4. Азаматтардың (көпшілік халықтың) Үкімет ұсынған бағдарламаларды тыңдап, талқылап, әлеуметтік желі арқылы идеялар, ұсыныстар берсе;
  5. Ұжымдық интеллект ортақ мақсаттарды шешуге бағытталса, қатысушылардың мүдделерін біріктіретін шешімдер, жобалар (бағдарламалар) анықталады.
    Осы ұсыныстарды әртүрлі деңгейдегі атқарушы органдар да тиімді пайдаланса, нәтижелерге жетуге мүмкіндік артады деп ойлаймыз. Ал республика және облыс көлемдерінде қатысушыларды көбірек тарту үшін қазіргі заманғы ақпараттық-коммуникациялық технологияларды тиімді пайдалануға болатындығын қазіргі қоғамды цифрландыру жетістіктері және әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр.
    Мұндағы басты мәселе, қоғамдық пікір орталықтың нұсқауларымен ғана емес, көпшілік жұртшылықтың өзара қарым-қатынас мәдениеті негізінде құрылып, дамуы тиіс. Егер Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі осы жоғарыдағы келтірілген идеяларды және принциптерді іске асыруға мұрындық бола білсе, онда біздің экономиканың және жалпы қоғамның даму қарқыны күшейеді, дамыған алдыңғы қатарлы озық елдердің (мемлекеттердің) қатарына жуық жылдары қосылатынымызға шүбә келтірмейміз.

Билібай МҮСІЛІМОВ,
Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры.