Жаңалықтар

«Сандалып» жүріп санды алып кеткен

«Сандалып» жүріп санды алып кеткен

Ауылымызда Бәйділда және Ақылша деген ағаларымыз өткен. Екеуі де соғысқа қатысқан, оның үстіне тап бір жыл, бір айда туған түйдей құрдастар еді. Арасынан қыл өтпес достар болып, әзіл-қалжыңдары жарасып жүретін. Әрі бір көшеде, үйлері де жақын болатын. Бірде Бәкең пышағын жалаңдатып «сенде жазық жоқ, менде азық жоқ» деп бір ту қойды сойып алыпты. Етін мүшелеп, тұздап, жел қақсын деп кешқұрым есіктің алдына жіп кермеге іліп қояды. Әйелі өкпе-бауыр тәрізді жылы-жұмсағын ащылап-тұщылап қуырып жіберіп, үй ішімен шәйға отырады. Осы кезде жұмыстан қайтып келе жатқан Ақаң әдетінше құрдасының үйіне көз тастап еді, семіз қойдың еті жаюлы тұрғанын көреді. Алакөлеңке түскен кез, аулада ешкім байқалмайды. «Мен мұны бір қатырайын» деп миығынан күліп алып, етке барады да, қолындағы қабына ең бір майлы деген сүбелі жіліктерін теріп сала бастайды. Кенет аяғы тіреуішке сүйеулі тұрған ілегенді даңғыр еткізіп қағып құлатады. Ақаң жалма-жан ет салған қапты жерге қоя салып, түк білмегенсіп кірер есікке беттейді. Дыбысты естіген үй иесінің әйелі есікті аша беріп, дабыр-дұбыр етіп кіріп келе жатқан күйеуінің құрдасын көреді. – Оу, батыр, қайдан жүрсің кештетіп, – дейді Бәкең құрдасына. – Е-е, жүрмін де санды-алып, – деп Ақаң оның қасына тізе бүгеді. Әлі суый қоймаған қуырдақтан тоя жеп, біраз әңгімелесіп отырған соң үйіне қайтуға жиналады. Үйден шығып, есікті жаба бере әлгі ет толы қабын көтере кетеді. Етінің ұрланғанын Бәкең ертеңіне бір-ақ білді. Ұрлағанда да бір жақ сан, қол еттерін, төсін сыпырып әкетіпті. Мұны ауылдың түнімен ұйқы көрмейтін кезбе жүгермектерінен көріп, соларды жерден алып, жерге салып сыбаумен бармағын тістеп қала береді. Бұл оқиғаны ешкімге айтпай ішінен тынады. Әсіресе, Ақылша құрдасының құлағына тие көрмесін, әйтпесе, неше саққа жүгіртіп, ашықауыз деп келемеж етерін біледі. Ет әлдеқашан желініп біткен, бірер аптадан соң Ақаң құрдасын қағыта бастайды. – Жаюлы етіңді емес, өзіңді көтеріп кетсе де сезбейтін қандай маубас едің? – Ее-ей кім біліпті, сезгенде ұстап алмаған соң, кімге жала жабасың? – дейді Бәкең «бұл пәлекет қайдан біле қойды?» деген өкінішпен. – Оу, ұрлап емес, айтып та алады ғой. Айтып алған адам ұры емес. Мысалы, мына мен анада кешқұрым үйіңде қуырдақтың үстінен түстім бе? – Ал түстің. – Сонда жақтырмағандай «қайдан жүрсің?» деп ежірейе қалғаныңда не деп едім, есіңе түсірші. – Е-е, «сандалып па, тентіреп пе» жүрмін дедің-ау деймін ұмытпасам,– дейді бұл құрдасын бір мұқатар ілік тапқандай қуанып. – Ешқандай да тентіреп емес, санды, етті алып жүрмін дегенмін, құрдас!

Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол».