АҚПАРАТТЫҚ ЖҰМЫСТАР НЕГЕ СЫЛБЫР?
АҚПАРАТТЫҚ ЖҰМЫСТАР НЕГЕ СЫЛБЫР?
Елбасының бес институционалдық реформасын жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында көрсетілген міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі келесі жылдан бастап қолданысқа енгізіледі. Осы орайда ел тұрғындарын аталған жүйенің артықшылығы мен алғышарттары, міндеті мен мақсаты, күтілетін нәтижесі қандай болатыны мазалайтыны анық. Бір сөзбен айтқанда, жаңа жүйе тұрғындар үшін несімен тиімді? Сақтандыру пакеттеріне не жатады? Оған қалай қатысуға болады? Мемлекет кімдерге тегін медициналық көмек көрсетуге ықпал етпек?
Міне, осы сауалдар төңірегінде көпшілікке түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында өңірімізде арнайы штаб құрылған болатын. Өткен аптада облыстық қан орталығында облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековтің төрағалығымен аталмыш жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті. Оған Жамбыл жеріне іссапармен келген «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов қатысып, республика бойынша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге дайындық барысын баяндады.
– Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізіп, тегін медициналық көмек пакетінің жаңа үлгісін жасауға бірқатар жағдайлар түрткі болды. Оның негізгілеріне тоқталар болсақ, бірінші, демографиялық жағдай. Соңғы 10 жылда республика халқының саны 15 пайызға көбейді. Нәтижесінде қарттар – 27, балалар саны 24 пайызға артты. Екіншісі – эпидемиологиялық өзгерістер. Бүгінде 5 түрлі топқа жататын қант диабеті, психикалық ауытқулар, респираторлық (астма, ХОБЛ), онкологиялық аурулар мен инсульт, инфракт сынды жүрек-қан тамыры аурулары 2,5 есеге көбейді. Үшіншісі – ем-дом бағасының 1,5-2,5 есеге дейін қымбаттауы. Төртіншісі – жаңа медициналық технологияның 450-ден астам түрінің қолданысқа енгізілуі.
Мемлекет денсаулық сақтау саласына яғни, халыққа көрсетілетін тегін медициналық қызметтерге жыл сайын бір триллион теңгеге жуық қаржы бөледі және қаржыландыру көлемі жыл сайын артып келеді. Мысалы, 2013 жылы кепілдік берілген тегін медициналық көмекке 608,1 миллиард теңге бөлінген болса, 2019 жылы бұл қаржы 972,7 миллиард теңгеге жетті. Өкінішке қарай, денсаулық сақтауға жұмсалған шығындардың 42 пайызы ел азаматтарының өз қалтасынан шыққан. Бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы белгілеген межеден екі есе көп.
Ал Жамбыл облысы бойынша сатып алу жоспарына сәйкес биылғы қаржыландыру көлемі 51,7 миллиард теңгені құраса, келесі жылы ол 73,2 миллиард теңге болмақ. Қаржыландыру деңгейі 1,4 есеге өседі, – деді өз сөзінде басқарма төрағасы.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу бойынша өңірімізде жүргізіліп жатқан ақпараттық-түсіндірме жұмыстарының барысын хабарлады. Ал «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы облыс бойынша филиалының директоры Мавлюда Боқаева 2020 жылға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінің жаңа үлгісі және сақтандыру пакеті туралы жан-жақты түсіндірді.
Жиын соңында облыс әкімінің бірінші орынбасары өткен жылмен салыстырғанда биылғы түсіндіру жұмыстары сылбыр жүріп жатыр деді. Бұл мәселеге аудан әкімдері де атсалысқандары жөн-ақ. Сонда өңірдегі 46 мыңнан астам мәртебесі анықталмаған азаматтарды құлақтандыру жеңіл болары анық. Бекболат Орынбеков тиісті лауазым иелеріне осы мәселеге байланысты нақты тапсырмалар жүктеді.
Эльвира Бақытбекқызы.