- Advertisement -

Спартакиадада сала қызметкерлері сынға түсті

55

- Advertisement -

Спорт күні кәсіби мерекесі аясында «Тараз-Арена» спорт кешенінде спорт мекемелері қызметкерлері арасында спартакиада өтті. Оған облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков қатысып, сөз сөйледі. Ол бүгінгі таңда Мемлекет басшысының және облыс әкімінің қолдауымен кәсіби спортқа да, бұқаралық спортқа да қолдау көрсетіліп отырғанын, биылдың өзінде өңірімізде 26 спорт алаңы пайдалануға берілгенін сөз етті. Сондай-ақ жүзуден Паралимпиада чемпионы Зүлфия Ғабидуллина, дзюдодан Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Елдос Сметов, қазақ күресінен үш дүркін «Қазақстан барысы» атанған Бейбіт Ыстыбаев мақтанышымыз екенін айта келіп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Мұнан кейін спорт саласы бойынша облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жаныс Әшімов, ҚР кәсіподақтар федерациясы мәдениет, спорт, ақпарат қызметкерлері кәсіподағы облыстық филиалының төрайымы Жанна Алшынбаева сөз алып, спортшыларға жылы лебіздерін білдірді.

Кейін бірқатар сала қызметкерлері кәсіби мереке аясында марапатталды. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков тапсырды. Сондай-ақ, бірқатар қызметкерлер, ҚР кәсіподақтар федерациясы мәдениет, спорт, ақпарат қызметкерлері кәсіподағы облыстық филиалы төрайымының, облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының Құрмет грамотасы, Алғыс хаттарына ие болды.
Додаға өңіріміздегі 22 спорт мекемесінен 500-ге жуық қызметкер қатысты. Спартакиада спорттың шағын футбол, жеңіл атлетика, арқан тарту, жүзу, қол күресі, гір тасын көтеру түрлері бойынша өтті. Нәтижесінде ерлер арасында қол күресінен жоғарғы спорт мектебінің өкілі Жандос Талғат жеңімпаз атанса, екінші жүлде №2 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінен қатысқан Александр Радченкоға, үшінші орын меркілік Аман Садықовқа бұйырды.
Әйелдер арасында жоғарғы спорт мектебінің қызметкері Диана Трубина білек күшінің мықтылығын байқатып топ жарса, №2 спорт мектебінің өкілі Оксана Письменная екінші, «Жекпе-жек» кәсіпқой клубының маманы Зухра Бейсейтова үшінші орынды иеленді. Гір тасын көтеруде №2 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің маманы Виталий Трубинге қарсылас шақ келген жоқ. «Әулие-Ата» спорт клубынан қатысқан Данияр Смайлов екінші жүлдеге қол жеткізсе, қордайлық Ирза Алиев үшінші орынды қанағат тұтты. Арқан тарту сынында жоғарғы спорт шеберлігі мектебінің командасы үздік шықты. Олар шешуші кездесуде байзақтықтарды ұтса, «Әулие-Ата» спорт клубы үздік үштікті түйіндеді. Жүзу спорты бойынша ерлер арасында №4 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің өкілі Егорь Рянзин чемпион атанса, «Тараз-Арена» спорт кешенінің қызметкері Ерік Мелдешов екінші, жуалылық Асхат Артықов үшінші орыннан көрінді. Әйелдер арасында №4 спорт мектебінің қатысушысы Кристина Рябичева жеңістің биік тұғырына көтерілсе, Олимпиада жеткіншектерін даярлау орталығының маманы Алуа Дүйсемановаға екінші, құландық Светлана Скребецке үшінші жүлде бұйырды. Кіші футбол аламанында Жуалы ауданы командасы топ жарды. Олар финалда байзақтықтарды ұтып, чемпион атанды. Жүлделі үшінші орын Жамбыл ауданының құрамасының еншісіне жазылды. Жеңіл атлетика (эстафета) спорты бойынша «Жекпе-жек» кәсіпқой клубы жеңімпаз атанса, екінші жүлде №4 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің қызметкерлеріне бұйырды. №2 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі желаяқтары үшінші орынды қанағат тұтты.
Жалпыкомандалық есепте облыстық жоғарғы спорт шеберлігі мектебінің ұжымы спартакиада жеңімпазы атанса, №4 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі екінші, №2 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі үшінші жүлдеге қол жеткізді. Спартакиаданы облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков, спорт саласы бойынша облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жаныс Әшімов қорытындылап, жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін медаль, диплом және бағалы сыйлықтармен марапаттады.

Есет Досалы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support