Саясат

Еліміздің лайықты азамат тарын тәрбиелеу – педагогтардың және ата-аналардың міндеті

Еліміздің лайықты азамат тарын тәрбиелеу – педагогтардың және ата-аналардың міндеті

Мемлекет басшысы тамыз конференциясына қатысты. Нұр-Сұлтан қаласындағы Тәуелсіздік сарайында өткен іс-шараға Қазақстанның барлық өңірінен келген мұғалімдер, оқу орындарының оқытушылары, ғалымдар, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік органдардың өкілдері келді. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде жаңа буынды тәрбиелеудегі мұғалімдердің рөлін атап өтті. – Еліміздің лайықты азаматтарын тәрбиелеу – педагогтардың және ата-аналардың міндеті. Лайықты азамат – бұл өз білімін Отанымыздың игілігі үшін жұмсайтын адам. Алдымызда тұрған құбылмалы заманда жастарымыз еңбекқор болмаса, ешқандай бәсекеге түсе алмайтынын терең түсінуі керек, – деді Президент. Мемлекет басшысының айтуынша, білім және ғылым саласының дамуына тың әрі тегеурінді серпін қажет. – Білім сапасын көтеру үшін кешенді шаралар қабылдау қажет. Бұл, алдымен, мұғалімдердің біліктілігіне, оқулықтардың сапасына, заман талабына сай инфрақұрылым мен материалдық қорға байланысты мәселелер. Аталған бағыттар бойынша тиімді жұмыс істеу қажет, яғни туындаған мәселелерді дер кезінде анықтап, оларды шешудің оңтайлы жолдарын ұсыну керек, – деп мәлімдеді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент мұғалімдердің біліктілігін бағалау идеясын жүзеге асырудағы бюрократия мен біржақтылыққа, сондай-ақ оқытушылардың өз кәсібінен тыс түрлі іс-шараларға тартылуына қатысты сыни көзқарасын білдірді.