Назарбаев Ресей арқылы пайда табу мүмкіндігін пайдаланбағандарға сын айтты
Назарбаев Ресей арқылы пайда табу мүмкіндігін пайдаланбағандарға сын айтты
Нұрсұлтан Назарбаев Алматы облысына сапары барысында бірқатар нысандарды аралады.
Президент Талдықорған қаласындағы "Жерұйық" коммуналдық базарында болды. Жобалық құны 98,1 млн теңгені құрайтын 6900 шаршы метр аумақты алып жатқан коммуналдық базар азық-түліктерді арзандатылған бағамен саудалау үшін осыдан бірнеше жыл бұрын ашылған болатын.
Елбасы коммуналдық базарды тегіс аралап, облыс ауыл шаруашылығының даму көрсеткіштері жарияланған стендтегі ақпараттармен және арнайы шығарылған ауылшаруашылық техникаларымен танысты.
Бұл орайда Мемлекет басшысы аграрлық сала өкілдерінің ішкі нарықты қажетті азық-түлікпен қамтамасыз ете алмай отырғанына тоқтала келе, саланың бірқатар кемшіліктерін атап көрсетті. Қазақстан Президенті инновациялық жобалардың жоқтығына мән бере отырып, ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерінің тиімділігі жеткілікті деңгейде емес екенін айтты.
Қазір Ресейге көкөніс пен жеміс-жидек жеткізуге, сол арқылы табыс табуға болар еді, алайда бұл бағыттағы жұмыс нашар жүріп жатыр
Нұрсұлтан Назарбаев өңірлік жиынтық өнімнің 65 пайызын облыстың тек екі ауданы – Іле және Қарасай ауданы ғана қамтамасыз етіп отырғанын атап өтті.
"Мемлекет өңір үшін қажеттінің бәрін жасауда. Субсидия, лизингке техникалар берілуде, жалпы қаржыландырудың 75 пайызын мемлекеттен аласыздар. Сөйте тұра сіздердің тараптарыңыздан ешқандай бастама жоқ, ал қолда бар мүмкіндіктер пайдаланылмайды. Қазір Ресейге көкөніс пен жеміс-жидек жеткізуге, сол арқылы табыс табуға болар еді, алайда бұл бағыттағы жұмыс нашар жүріп жатыр", – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Қазақстан Президенті мақсатсыз пайдаланылып жатқан жер учаскелерін анықтау үшін ревизия жүргізу қажеттігін айтты.
"Жерді шын мәнінде ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалануға, өсірілген өнімнен пайда табуға мүдделілерге берген жөн", – деді Мемлекет басшысы.
Коммуналдық базардан кейін Мемлекет басшысы Оңтүстік-Батыс тұрғын алабына бет алып, ондағы әлеуметтік нысандардың құрылысымен танысты. Сондай-ақ, Президентке "Қолжетімді баспана-2020" мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысы жайлы хабардар етілді.
Күннің екінші жартысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев "JLC Сүт" ЖШС сүт зауытында, "Қайнар АКБ" ЖШС аккумулятор зауытында, "Облыстық кардиология орталығы" мемлекеттік қазыналық кәсіпорнында және Талдықорған қаласындағы Тілдер сарайында болады.
Ақпарат көзі: www.nur.kz