Экономика

Мал дәрігерлеріне жүктелетін міндет жауапты

Мал дәрігерлеріне жүктелетін міндет жауапты

Табиғат жағдайы қолайлы ауданымызда мал шаруашылығын дамыту айрықша басымдыққа ие. Осы ретте мал дәрігері мамандарына жүктелер жауапкершілік жүгі ауыр екені белгілі. Әсіресе малды күтіп-бағуды ұйымдастыру, ауру бола қалған жағдайда дер кезінде емшаралар қолдану, түрлі індеттердің алын алу жұмыстарын жүзеге асыру ерекше ұқыптылықты қажет етеді. Жалпы биыл аудан бойынша эпизоотияға қарсы шараларға тиісті қаржы бөлінген болатын. Соған сәйкес ветеринариялық-эпизоотиялық шаралар жоспары бекітіліп, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, ағымдағы жылдың сәуір айында Қаратау және Қасқабұлақ ауылдық округтері аумағындағы шаруа қожалықтарының иелігіндегі малдан сарып ауруы бойынша сынамалар алынып, облыстық зертханаға тапсырылған-ды. Сараптау қорытындысы бұл тұрғыда оң нәтиже беріп отыр. Аумаққа шектеу шаралары енгізіліп, «Республикалық эпизоотияға қарсы отряд» мекемесі тиісті жұмыстарды жүзеге асырды. Аудандағы Үшарал, Кеңес, Ойық және Бостандық ауылдық округтері Конго-Қырым қанды безгегінің табиғи ошақтары екендігі белгілі. Аталған елді мекендерде індеттің алдын алу шаралары үш кезең бойынша жүзеге асырылады. Бірінші кезеңнің залалсыздандыру жұмыстары биыл сәуір айының орта шенінде басталды. Бұл мақсатқа 12 522 414 теңге көлемінде қаражат бөлініп, ауылдық округтер бойынша 1159 аула, 50 қора-жай және 132 буферлік аумақ залалсыздандырылды. Бекітілген кестеге сәйкес екінші кезеңнің жұмыстары мамыр айында орындалды. Қазір аталған індеттің алдын алудың үшінші кезеңі жүзеге асырылуда, қажетті дәрілер толықтай жеткізіліп берілді. Мамандар алдағы жұмыстарға тас-түйін дайын. Ауданда малды бірдейлендіру ісі де жүйелене түсті. Егілуден өткен ауыл шаруашылығы малы бірдейлендіру базасына тіркеліп, базарларға тасымалданатын мал мен шикізаттарға берілетін ветеринарлық анықтамалар бірыңғай автоматтандырылған басқару жүйесіне уақтылы енгізілуде. Атап өтерлігі, ауыл шаруашылығы малын бірдейлендіру арқылы заңсыз тасымалдаулар мен түрлі қылмыстық әрекеттердің жолын кесуге болады. ҚР Ішкі істер министрлігінің «Ұрлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2020 жылдарға арналған бағдарламаны іске асыру» туралы бұйрығына сәйкес мал ұрлығына тосқауыл қою мақсатында мекемеміздің аудандық ішкі істер бөлімімен бірлесе атқаратын іс-шараларының жоспары жасалып, бекітілген. Ағымдағы жылдың 8 айында құжатсыз мал тасымалдаған және сарып ауруына қатысты заңсыздыққа жол берген 12 тұлға анықталып, оларға жергілікті полиция инспекторлары мен аудан әкімдігінің ветеринарлық бөлімі тарапынан тиісінше айыппұлдар салынды. Бүгінде аудан көлемінде бірдейлендірілген мүйізді ірі қара малының саны – 31085, уақ мал 364609 басты құрап отыр. Сондай-ақ бірдейлендіру дерекқорына 9325 бас жылқы, 253 түйе және 161 шошқа енгізілген. Жылқы түлігін таңбалауға 2500 нөмір және чиптеуге 1000 эмиссиялық нөмір алынған. Биыл мемлекет тарапынан мүйізді ірі қара, қой-ешкі және түйе малына бірдейлендіруге арналған құлақ жапсырмалары берілмегендіктен, өткен жылғысымен жұмыс істеуімізге тура келіп отыр. Қазіргі таңда аудан бойынша 3 ауылдық округте модульдік типтік мал сою алаңы жұмыс істейді. Бұл нысандарда үстіміздегі жылдың 7 айында 224 мүйізді ірі қара, 379 қой-ешкі, 77 жылқы, 74 бас шошқа сойылғаны тіркеліп отыр. Жалпы ауылдарда ашылған заманауи мал сою алаңдарының маңызы өте зор. Шаруа баққан жұрттың бірлі-жарым малын саудалау үшін қалаға барып, әуреге түспеуіне де септеседі. Ауылдық жерлердегі бұл істі қатаң бақылауда ұстап отырмыз. Сала ісі салғырттықты көтермейді. Мал дәрігерлерінің бақылауындағы істің барлығы да маңызды. Олар бірінші кезекте тұтынатын өнімнің тұрғындар үшін қауіпсіз болуын қамтамасыз етеді. Өздеріне осындай жоғары жауапкершілік жүктеліп отырғанын жақсы ұғынған сала қызметкерлері алдағы уақытта да жүйелі түрде жұмыс істей беретін болады.

Талғат АЛТЫНБЕК, аудан әкімдігі ветеринарлық бөлімінің басшысы.

Талас ауданы.