Экономика

Әлеумет тік саланың әлеуеті артып келеді

Әлеумет тік саланың әлеуеті артып келеді

Елбасы тәуелсіздіктің алғашқы күнінен-ақ алға қойылар мақсатымызды айқындап, стратегиялық даму бағытымызды белгілеп берді. Осының арқасында бізді әлемдік қауымдастық танып, көшбасшы елдердің қатарына қосты. Оған бүгінге дейін жүргізілген реформалар да өз септігін тигізгені анық. Мұндай реформалау ісі әлеуметтік саланы да кең қамтыды. Оның басты мақсаты – халықтың тұрмыс жағдайын, өмір сүру сапасын арттыру. Бұл мәселе Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында да айқын көрініс тапқан.Жалпы, мемлекет тарапынан көрсетілер халықты қолдау шаралары еліміздің ішкі саясатының басым бағыттарының бірі ретінде қалыптасып отыр. Мәселен, Nur Otan партиясының ХVІІІ съезі еліміздің жаңа даму кезеңіне қадам басқанын көрсетіп, алдағы 10 жылдың негізгі басымдықтарын белгілеп берді. Бұл онжылдық тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру арқылы Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына енуінің шешуші кезеңі болмақ. Аталмыш съезде алға қойылған міндеттер мен тапсырмалар аясында сәуір айынан бастап республикамыздың түкпір-түкпіріндегі мұқтаж жандарға атаулы әлеуметтік көмектер беріле бастады. Мемлекеттің осындай қамқорлығынан облыс орталығынан шалғайда орналасқан біздің аудан да тыс қалып отырған жоқ. Нақтырақ айтсам, биыл аудан бойынша жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекке 2462 отбасы ие болды. Яғни 12390 азаматқа 386 миллион 200 мың теңге көлемінде қаражат қарастырылды. Оның 201 миллион 200 мың теңгесі республикалық бюджеттен, 185 миллион теңгесі жергілікті қазына есебінен бөлініп отыр. 

Былтырдан бері облыс көлемінде «е-Халық» ақпараттық жүйесін құрып, қалыптастыру ісі қолға алынғаны белгілі. Бұл тұрғыдағы жұмыстар биылға дейін жалғасын тауып, аталмыш жүйе ауданымыздың барлық ауылдық округтерінде жұмыс істеуде. Аудан бойынша ақпараттық жүйеге барлығы 102126 адам тіркелген. Тағы бір атап өтетін жайт, қаңтар айынан бастап бірыңғай жиынтық төлем төлейтіндер үшін салық кодексі, міндетті әлеуметтік сақтандыру, зейнетақымен қамсыздандыру, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы төлемдер бойынша республикалық маңызы бар қалаларда бір айлық есептік көрсеткіш көлемінде, басқа елді мекендердің тұрғындары үшін жарты айлық есептік көрсеткіш, яғни 1263 теңге болып бекітілді. Бұл да ауыл тұрғындары үшін үлкен жеңілдіктердің бірі болып отыр. Ал қайтарымсыз грантқа келсек, республикалық бюджет есебінен 3 азаматқа 252500 теңгеден және 140 азаматқа 70 миллион 700 мың теңге қаражат бөлінді. Бүгінгі күні 30 азаматтың сертификаты дайын. Жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша 143 азаматқа шағын несие беру жоспарланып, бұл мақсатқа 601 миллион теңге қаралды. Қазіргі таңда «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ филиалына – 48, «Шу несие» серіктестігіне 17 азаматқа жолдама беріліп отыр. Білім беру сапасын арттыру, денсаулық сақтау саласына серпін беру, бұқаралық спортты жаңа деңгейге көтеру, тұрғындарды жұмыспен қамтуды үйлестіру – мемлекет саясатының негізгі әлеуметтік басымдықтарының бірі. Оның ең негізгі бөлігіне білім саласының жататыны айтпаса да түсінікті. Аталған сала бойынша да ауданымызда ауыз толтырып айтарлықтай тірліктер тындырылып жатқанын еске сала кеткен жөн. Ауданда білім бөліміне қарасты 91 мекеме бар, оның 47-сі мектеп. Одан бөлек, 35 балабақша, 1 кешкі мектеп, 7 мектептен тыс мекеме, 1 коррекциялық кабинет жұмыс істейді. Ауданымыздағы 47 мектепте оқитын 19514 оқушыға 2230 педагог сабақ береді. Олардың 2069-ы – жоғары білімді, 535-і – жоғары санатты, 454-і – бірінші санатты, 469-ы – екінші санатты ұстаздар. Әрине, бұл көрсеткіштер жыл сайын өзгеріп те отырады. Мәселен, жаңа оқу жылында 70-тен астам жас маман жұмысқа қабылданды. Бірінші кезекте педагогтердің біліктілігіне баса назар аударудамыз. Осыны ескере отырып, жаңартылған білім беру мазмұны бойынша 43 директор мен 41 директордың орынбасарын және 662 пән мұғалімдерін оқыту курсынан өткіздік. Жалпы 1494 педагог жаңартылған мазмұн бойынша сабақ берсе, олардың оқу бағдарламаларын іске асыратын мұғалімдерге қосымша ақы төлеуге 319731 мың теңге қаржы бөлініп отыр. Сондай-ақ балабақшамен қамту жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Соның арқасында биыл 3-6 жас аралығындағы балғындарды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту деңгейі 14 пайызға, 1-6 жас аралығындағы балаларды қамту 40 пайызға көтерілді. Ал жаңа оқу жылы басталғанға дейін ауданымыздағы ең шалғай орналасқан Жиенбет, Еспе, Мойынқұм, О.Жандосов, Домалақ ене, Т.Рысқұлов сынды мектептерді ішкі сымсыз Wi-Fi желісімен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Ол үшін аудан қазынасынан 14 миллион 500 мың теңге қарастырдық. Бұдан бөлек, аудандағы спорт саласы да қарқынды дамып келеді. Бұған бірден-бір себеп – аудан азаматтарының туған жерге деген ыстық ықыласы болса керек. Өйткені Шудан шыққан белсенді азаматтар бұған дейін де сәні мен салтанаты келіскен үлкен спорт кешендерін салып, аудан жастарына үлкен қамқорлық көрсеткен еді. Бұл үрдіс қазір де жалғасын тауып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, Белбасар ауылының тумасы Болат Сауранбаев өзі туып-өскен ауылына мешіт салып берді. Қала берді, ауылдағы әбден тозығы жеткен футбол алаңшасын толығымен сүргізіп тастап, көлемі 50-100 метрді құрайтын, соңғы үлгідегі жасанды жабыны бар үлкен стадион салып, оны ауыл мектебінің меншігіне өткізді. Қазіргі таңда мұнда футбол үйірмесі ашылып, арнайы бапкер бөлінген. Сондай-ақ өткен жылы дәл осы ауылдан «Белбасар» мәдени-спорттық кешенінің қазығы қағылып, іргетасы қаланған болатын. Аталмыш нысанда қазір құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Екі қабаттан тұратын нысанның жалпы көлемі 2696 шаршы метрді құрайды. Кешеннің төменгі қабатында орналасатын әмбебап спорт залында келушілерге кіші футбол, волейбол және баскетбол ойындарын ойнауға мүмкіндік бар. Ал екінші қабатта бокс, күрес және ауыр атлетика залдары ашылады. Бүгінде Қазақстан халықты әлеуметтік қамтамасыз ету мәселесінде халықаралық деңгейде мойындалған жетекші елдердің біріне айналды. Ал қазіргі жүзеге асырылып жатқан, сондай-ақ енді іске қосылғалы отырған мемлекеттік бағдарламалардың аясында атқарылатын шараларды ескерсек, бұл көрсеткіштер одан әрі де жақсара беретіндігі анық. Жарылқасын АЙТАҚОВ, аудан әкімі.

Шу ауданы.