- Advertisement -

Обыр – жеңбейтін ауру емес

255

- Advertisement -

Қатерлі ісіктен қауіптен

Обыр – тұрғындардың өлім-жітімі және мүгедектігінің негізгі себебі болып табылатын дерт. Бүгінде қатерлі ісікпен ауыру көрсеткішінің өсе түскені соның дәлелі. Соңғы 5 жылда өңірімізде қауіпті кеселге шалдыққандар саны 100 мың адамға шаққанда 118,1-ден 140,1-ге көтерілді. Облыс бойынша онкологиялық ауру 7 пайызға өсіп отыр.
Ісік жасушалардың бөлінуі мен көбеюі нәтижесінен ағзада бірітіндеп жайылып өседі. Сау жасушаларға зиянын келтіреді, олардың қызмет функциясын бұзып, кедергі жасайды. Көп жағдайда без, түймешік, дөң немесе папиллома тәріздес болады. Өте баяу өседі, сондықтан аурудың белгілері алғашқы кезде мүлдем байқалмайды.
Ағзаға тигізетін зиянына қарай ісік екі түрге бөлінеді. Алғашқысы – қатерсіз ісік. Бірақ, атауына қарап, одан еш қауіп жоқ деп ойлауға болмайды. Ол бастапқыда ағза жұмысына еш кедергі келтірмегенімен, тамыр мен жүйке жүйесіне қысым түсіргенде ғана белгі береді. Ал қатерлі ісік керісінше, екінші ісіктің ұлғаюына әсер етеді, клиникалық түрде ғана анықталады.
Ерте сатыдағы ісік ауру белгілерін тудырмайды. Сондықтан, кейбіреулер оған онша мән бермейді. Қатерсіз ісіктің жасушалары тез өледі, ал қатерлі ісіктің жасушалары ұлғаяды және ағзаның басқа бөліктерін зақымдап, дамиды. Жасушалар ұлғайып, кейін ісікке айналатын домбығуды қалыптастырады. Ағзада обыр жасушалары қалыптасқан кезде жайсыздық, мазасыздық туғызады. Адам ағзасындағы кез-келген бөгде жаңа өспелер қолайсыздыққа ұшырататын дертке душар етеді.
Қан кету – адам ағзасындағы өте қауіпті бұзылыстар болғанын және оларды жою қажеттігін білдіртетін дабыл. Қан кеткен жағдайда, шұғыл дәрігерге көріну қажет. Себебі, бұл өте қауіпті факторлар тудырады, ол обыр ауруының әсерінен болуы да мүмкін.
Обыр – бұл кесілген үкім емес. Ауруды ерте сатысында анықтаса, емдеу мүмкіндігі молая түседі. Сол үшін сіз өзіңізді ұзақ уақыт бойы жайсыз сезініп, ағзаңызда қандай да бір бұзылыстарды байқасаңыз, толық медициналық тексеруден өтіңіз. Мүмкін оның обырға еш қатысы жоқ шығар. Десек те, оның себебін анықтап, қауіп-қатер дабылын жою керек.
Денінің сау екенін білу – ең алдымен, тұрғындар үшін маңызды. Кез-келген ауруды, сондай-ақ, онкологиялық дертті де ерте сатыда анықтаса, оның ісікалдылық патологиясын емдеу оңай болады. Онколог мамандар қатерлі ісіктің пайда болу қаупін толығымен жоя алмайды, әрине, бірақ, мейлінше қатерді азайтады.

Скринингтік тексеру – негізгі профилактика

Обыр дертімен күресу үшін не істеу керек? Алдымен қатерлі ісіктің пайда болуына себепші болатын ішкі және сыртқы себептерді анықтап, ісікті болдырмау үшін жүргізілетін алдын алу шараларын пәрменді түрде жүргізу қажет. Аты жаман аурудың 95 пайызы – әртүрлі ісік алды дерттің салдарынан туындайды. Сол үшін оны уақтылы анықтап, науқастарды клиникалық топқа, диспансерлік бақылауға алып, жиі кешенді тексерулерден өткізіп тұруға тиіспіз. Ол үшін жалпы емдеу шебінде жұмыс жасайтын дәрігерлер мен онкологтар тығыз байланыста жұмыс істесе, қатерлі ісіктің өрбуіне бейімделуші ісікалды аурулардан қауіп-қатер топтарын жасақтау және оларды сауықтыру жұмыстарын жүргізу оңайға түсер еді.
Қазіргі кезде еліміздің ірі қалаларында, өңірде жаңашыл бағытта жұмыс істейтін медициналық орталықтар ашылуда. Олар қатерлі ісікті анықтайтын және емдейтін заман талабына сай жаңа құрал-жабдықтармен, зертханалармен қамтамасыз етілген. Дертті алғашқы даму сатыларында анықтау үшін институттың ғылыми қызметкерлері мен облыс онкологтары бірлесе отырып, жиі кездесетін сүт безі, тік ішек, жатыр мойыны, қуық асты безі қатерлі ісіктерін дер кезінде анықтау үшін скринингтік тексеру тәсілін енгізуде. Жатыр мойынының қатерлі ісігінің алдын алу үшін адам папилломасы (HPV) вирусына қарсы екпе егілуде.
2010 жылдан бастап шалғай ауылда тұратындарды медициналық тексеруден өткізу үшін қажетті құрал жабдықтармен жасақталған жылжымалы медициналық көлік пайдаланылуда. Елбасымыз өз Жолдауында осындай жылжымалы автокешендердің санын 50-ге жеткізуді тапсырғаны белгілі. Егер инновациялық бағдарлама аясында жылжымалы 50 автокешенге қолымыз жетсе, барлық өңірдегі шалғайдағы ауыл тұрғындарын тексеруден өткізіп, қатерлі ісікке шалдыққандарды дер кезінде анықтауға мүмкіншілік туатыны анық.

Қуандық Егембердиев,
облыстық онкологиялық
диспансердің бас дәрігері.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support