Экономика

Өнімдердің кедергісіз өткерілуіне көмек бар

Өнімдердің кедергісіз өткерілуіне көмек бар

Өңірлік палата ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер мен еліміздің ірі сауда желілері өкілдерінің өзара кездесуін өткізді. Ауылдық тауар өндірушілердің өз өнімдерін бірегей сауда жүйелеріне кедергісіз өткеруіне ықпал ету мақсатын діттеген іс-шараға Алматы, Шымкент және Тараз қалаларынан «Тәтті себет», «Магнум», «Смалл» сауда жүйелері мен «Мcc Trade company» сауда компаниясының өкілдері мен жеткізушілері келіп қатысты. Жиын барысында жалпы жүйеге қосылу мен өзара әріптестік ынтымақтастықтың шарттары қаузалды. «Біздің компаниямыз көкөніс, жеміс-жидек және шұжық өнімдерінің көтерме саудасымен айналысады. Бүгінгі күні бізде 15 мың тоннадай пияз өніміне деген қажеттілік бар. Жамбылдық өндірушілердің осындай ауқымда сапалы пияз өнімін жеткізіп беруге мүмкіндіктері болса, біз бірден келісім жасасуға да дайынбыз», – деді «MCC Trade company» сауда желісінің сатып алу жөніндегі маманы Мади Убайдулин. Оның айтуынша, компания өкілдерінің өңірлік палатамен бірлесе ауыл шаруашылығы тауарларын қарап көру үшін тікелей егіс алқаптарына баруға да мүмкіндіктері бар. Бүгінгі күні өндіріс ісін дұрыс жүргізу шаруалар үшін мейлінше өзекті екені белгілі. Қағазбастылық пен кеңсебилік шағын кәсіпкерлік иелерінің «бас ауруына» да айналып тұр. Статистикалық мәліметтерді ескерсек, қазіргі уақытта өңіріміздегі 18900 тауар өндірушінің 70 пайызға жуығы уақ шаруашылықтар санатында. Олар үшін есепші мен заңгер ұстау материалдық тұрғыда да тиімді емес. Қалай болғанда да бұл мәселе өте-мөте өзекті. Бұл тұрғыда өңірлік палата жанынан кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ашылып, жұмыс істеп жатқанын атап өтуге болады. Орталықта менеджер-кеңесшілер тарапынан есепшілік, маркетингтік, заңгерлік ісі бойынша тегін қызметтер көрсетіледі. Олар сондай-ақ құжаттар жинау, бизнес- жоспар түзу жұмыстарын сүйемелдеп, кәсіпкерлердің қаржылық сауаттылығын жетілдіруіне де көмектеседі. Майда шаруалар үшін тағы бір кедергі, ол – логистика мәселесі. Олар делдалдардан гөрі бірегей сауда желілерімен бірлесе жұмыс істеудің тиімді әрі жүйелі екенін жақсы ұғынады. Алайда бұл үдерісті тауарларды тасымалдауға арналған автотранспорт құралдарының жоқтығы едуір қиындатып та отыр. Аталмыш кездесу өзінің жемісін де бергендей. «МCC Trade company» ЖШС-ы тарапынан көкөніс өсірумен айналысатын «Бесағаш Ынтымақ» шаруа қожалығымен әріптестік ынтымақтастықта жұмыс істеуге ынталылық танытылды. Сондай-ақ қатысушылар өңірлік палата бастамасымен «Атамекен өнімдері» онлайн-каталогы жасақталғандығынан хабардар етілді. Каталогке өндірілген және өткерілуі қажет етілетін өнімдер туралы ақпараттар кедергісіз енгізілетін болады.

«Aq jol-Aqparat».