«Қарапайым зат тар экономикасын» Дамыту қалай жүзеге асырылуда?
«Қарапайым зат тар экономикасын» Дамыту қалай жүзеге асырылуда?
Бүгінде бізде сауда сөрелері не керектің бәріне сықасып-ақ тұр. Жасыратыны жоқ, олардың басым дені әлі күнге дейін алыс-жақын шетелдерден жеткізіледі. Қарапайым ғана заттар үшін де импортқа тәуелдіміз. Ал оларды өзімізде өндіру қолымыздан келмейді емес.Тек отандық өндірушілеріміз тарапынан бастамашылдық, ынта танытылса жетіп жатыр. Елбасының былтырғы жылғы Жолдауында «қарапайым заттар экономикасын» дамыту міндетін алға қоюы бұл істе үлкен серпіліс те туындатуда. Бағдарлама халық күнделікті тұтынатын 365-ке жуық тауардың өндірілуіне және көлемі ұлғайтылуына мүмкіндік береді. Елімізде осы мақсатқа 600 миллиард теңге қаржы қарастырылып отыр. Бұл ретте қарыз алушылар үшін түпкілікті мөлшерлеме 7 пайыздық ставкаға қатысты субсидиялау есебінен 8 пайыздан аспайтын болады. Қарыз шартының мерзімі жеті жылды құрайды. Үкімет тарапынан қабылданған арнайы қаулыға сәйкес елімізде құрылыс индустриясы, жиһаз, тағам, жеңіл және қайта өңдеу өнеркәсіптерін дамыту үшін 2019-2021 жылдарға арналған жол карталары әзірленгені де белгілі. Халқымыздың азық-түлігін, киімі мен басқа да күнделікті тұтынатын заттарын өз елімізде өндірмейінше жұртты жаппай жұмыспен қамтып, тұрмысты жақсарту мәселесі оңтайлы шешімін таппақ емес. – Мемлекет тарапынан осы мақсатқа бөлінген қаражаттың басым бөлігі өңдеу өнеркәсібіне бағытталып отыр. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту да қарастырылған. Ұлттық экономика министрлігі тарапынан халықтың күнделікті тұтынуына арналып өндірілетін негізгі тауарлардың тізбесі де бекітілді. Мақсат – осы істі жандандыру арқылы шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, ішкі нарықтағы отандық өнімнің үлесін молайту, импортқа тәуелділіктен арылу, – дейді бұл тұрғыда облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының маманы Эленора Сұлтангереева. Оның айтуынша, өңірімізде осы бағытта кәсіпкерлік нысандарына жеңілдетілген несиелер беру, өнеркәсіп саласына қолдау көрсету жұмыстары жүзеге асырылуда екен. Атап айтқанда, олардың саны нақтыланып, әлеуеті қандай екені, қайсысы қолдауды қажет ететіні зерделеніп, тауар түрлерін өндіру мүмкіндіктері екшелініпті. Өңірімізде өндірілуге тиіс тауарлар қатарында түрлі азық-түлік өнімдері, киім-кешектер, төсек жабындысы, шұлық, аяқ киім, кілем секілді тоқыма бұйымдары, үстел, орындық, электр өткізгіш желілер, велосипедтер мен мүгедектер арбалары, батареялар, аккумуляторлар, басқа да пластикалық, техникалық және өнеркәсіптік өнімдер бар. Айта кетейік, 2019 жылғы наурыз айынан бері елімізде, оның ішінде өңірімізде де «қарапайым заттар экономикасы» саласын дамыту, сондай-ақ басымдыққа ие жобаларды жеңілдікпен несиелеу бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі жобалық кеңсе жұмыс істеуде. Оның құрамына облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды- инновациялық дамыту, ауыл шаруашылығы басқармаларының, кәсіпкерлер палатасының, инвесторларға қызмет көрсету, жобалық басқару және цифрландыру орталығының, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры мен екінші деңгейлі банктердің басшылары енгізілген. Бұл құрылым күнбе-күн жобалардың бизнес-жоспарды жасаудан бастап қаржыландыруға дейінгі барлық кезеңінде сүйемелдейді,туындаған мәселелерді қарайды, оны шешудің жолдарын іздестіреді. Бүгінгі күнге дейін жобалық кеңсенің онға жуық отырысы өткізіліпті. Жалпы өңірдегі жүзден астам кәсіпорынның есебі тыңдалған. Облыста 11 мыңнан астам жобаның жүзеге асырылуы ықтимал. Қазір 71 827 миллион теңгенің 202 жобасы жобалық кеңсенің қарауында екен. Оның ішінде 607,7 миллион теңгенің 11 жобасы екінші деңгейлі банктер тарапынан мақұлданған, 20, 037 миллион теңгенің 10 жобасын қаржыландыру қарастырылу үстінде екен. 150 жобаның құжаттары жинастырылу сатысында. Өңірімізде бүгінде барлығы 68 мың бизнес нысаны тіркеліп отыр. Оның ішінде 13 106-ысы алдағы уақытта «қарапайым заттар экономикасы» аясында қаржыландыруды қажет ететін басымдыққа ие секторда анықталған. – Олардың ішіндегі әлеуетті қатысушылардың негізгі бөлігін ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру саласындағы кәсіпкерлер құрайды. Яғни, 12 317 нысан. Бұл жалпы санның 94 пайызы көлемін қамтиды. Палата тарапынан өңірдегі АӨК нысандары арасында жеңілдікпен несиелеу тетігі аясында аграрлық несиелеу корпорациясы арқылы қаржыландыру жобалары бойынша сұрау салу жүзеге асырылып, қажеттілік 728 миллион теңгенің 91 жобасын құрады. Аталған жобалар бойынша бизнес нысандары арасында жаңа несиелеу тетігінің шарттарын түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Аграрлық несиелеу корпорациясының өзі тарапынан 634,7 миллион теңгенің 7 жобасын жүзеге асыру ұсынылуда. Ал «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясындағы барлық жобалардың жалпы сомасы 3 481 миллион теңгені құрайтын 71- і осы АӨК пен тамақ өнеркәсібінің үлесіне тиесілі болып отыр. Оның ішінде 647 миллион теңгенің 22 жобасы тек айналым қаражатты толықтыруға бағытталған. Айналым қаражатын толықтыру мен қосымша қаржыландыру мөлшерін 50 пайыздан 75, 100 пайызға дейін ұлғайту да қарастырылған, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Айдар Абдықадыров. Дегенмен, тиісті тараптардың сауалдама жүргізуінің нәтижесінде анықталғанындай, жоғарыда айтылған 13 106 нысанның 196-ысы (1,5 пайызы) қаржы институттарынан қаржы алу барысында қиындықтарға тап болған. Олар үшін қолбайлау болып отырған мәселе не? Зерделеу жұмыстарының нәтижесі көрсеткендей, көп жағдайда несие алуға кепілге қоятын мүліктің жоқтығы қолбайлау болуда. Сондықтан ауыл халқы банктердің үдесінен шыға алмай жатады. Екінші деңгейлі банктер басшылары болса, мұның негізгі себептерін жобалар құнының тым арзан тұратындығымен, банктердің өзінің кепілдік саясаты бар екендігімен және тауар түрлерінің шектеулілігімен байланыстырады. Өңірде осы тұрғыдағы жұмыстарды үйлестіру одан әрі жалғастырылуда. Осыған орай мүдделі тараптардың қатысуымен өңірлік палата алаңында өткен жиында қарапайым заттар экономикасын дамыту аясында басымдыққа ие жобаларды жеңілдікпен несиелеу бағдарламасын жүзеге асыру, жобалық кеңсенің құрамы мен ережесін өзгерту мәселелері қаралып, бағдарламаға түбегейлі өзгертулер де енгізіліпті. Бүгінгі күні кәсіпкерлердің жобалық кеңсесі базасында «Халық банкі», «Еуразиялық банк», «Форте банк», «Нұрбанк» сынды екінші деңгейлі 4 банкте несиелік кеңесшілер қызметі түріндегі менеджерлер орналастыруға қатысуы бекітіліпті. Несиелік кеңесшілер қызметінің арнайы кестесі белгіленіп, өз жұмысын бастап та кеткен. Бұл тұрғыда «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры аймақтық фииалының директоры Бақытжан Исақов жуықта өткен баспасөз мәсихатында «Басым жобаларды кредиттеу тетігі 2018 жылдан бастап іске асырылуда. Облыста бұл бағдарлама бойынша биыл жалпы сомасы 191 миллион теңгені құрайтын 4 жоба мақұлданды, оның 3-еуі бойынша субсидиялау шарттары түзілді. Субсидиялау шарттары түзілген жобалар бойынша жалпы несие сомасы 61 миллион теңгені құрап отыр. Ағымдағы жылдың 16 шілдесінен бастап соңғы қарыз алушы үшін сыйақы ставкасы жылдық 6 пайызға дейін төмендетілетін түзетулер күшіне енді» деген мәліметтерді алға тартқан-ды. Ол ауылдық жерлердегі шағын және орта бизнес өкілдерінің кепілге қояр мүлкі мардымсыздау болып тұрса, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамының аймақтық филиалы кепілгер болатынын да атап өтті. Оның үстіне кәсіпкерлер алған несиесінің белгіленген бір жылдық пайыздық мөлшерлемесін өзі ғана төлейді, яғни тек 6 пайызын ғана өтеп, қалғанын мемлекет субсидиялайды екен. Болашағы бар, өміршең жобаларға бірінші кезекте қолдау көрсетіледі. Сала мамандары қайта өңдеу саласындағы жобалардың жүзеге асырылуына басымдық беру өңірдің азық-түлік белдеуін ұлғайту көлемін анықтауға, жергілікті тауар өндірушілердің экспорттық әлеуетін арттыруға кең жол ашатынын айтады.Бағдарламаға жеңілдетілген несие ала алмай жүрген ірі кәсіпкерлік субъектілері де қатыса алады екен. Осылайша, «Қарапайым заттар экономикасы» қалыптасса, мұның өзі таяу жылдарда жалпы тауарлардың импорттық үлесі 14 пайызға дейін азаюына мүмкіндік бермек. Бүгінде облыс тұрғындарының 60 пайыздан астамы ауылдық жерлерде тұратыны баршаға мәлім. Бұл мәселе де ескеріліп отыр. Тұрғындардың отбасылық табыстарын жақсарту жобасын, оның ішінде жеке қосалқы шаруашылықтар мен ауылдардағы кіші нысандар жобасын жүзеге асыру мақсатында облыс әкімдігі тарапынан түсіндіру және 136 625 аула (732 472 ауыл тұрғыны) арасында сұрау салу жұмыстары да жүргізіліпті. Осы орайда аулалар жай-күйін зерделеу жолымен «Тұрғындардың әлеуеметтік картасы» әзірленіп, елді мекендердің экономикалық дерекқоры жасақталуда екен. Сондай-ақ белгіленген қарапайым заттарды өндіруде кәсіпкерлік ісін ашу бойынша тұрғындар сұранысын, ауылдықтардың жеке қосалқы шаруашылықтарын тиімді пайдалануын ескерудің нәтижесінде облыс экономикасын дамыту үшін 24 миллиард теңгенің 6 000 жобасын қаржыландырудың қажеттігі анықталып отыр екен. Оның 13,5 миллиард теңгесі – шағын бизнесті дамытуға, 10,5 миллиард теңгесі – мал сатып алуға жұмсалатын болады. Бұл іске мүдделі тараптар өкілдері «Қарапайым заттар экономикасының» облыс тың дамуына айрықша елеулі үлес қосатыны, 18 мың жаңа жұмыс орны ашылуы, соның есебінен 75-78 миллиард теңгенің қосымша өнімдері өндірілуі (яғни өңірде ішкі жалпы өнімнің үлесі 5 пайызға артатыны) болжамдалып отырғанын айтады. Ауыл тұрғындарының көп тұтынатын өнімдері мен қажет ететін қызмет түрлерін қолға алып, яғни шағын цехтар, монша, шаштараз, тігін шеберханаларын ашу бәрінен де маңызды. Елімізде кеңестік кезеңде жеңіл өнеркәсіп өндірісі айтарлықтай жақсы дамығаны белгілі. Ауылдардағы тұрмыстық қызмет көрсету үйлерінің мүлкі тоқырау жылдарында талан-таражға түсіп, бұл қызмет түрі түбірімен жойылып тынды. Енді оны қайта қалпына келтірудің де мүмкіндігі бар. Бүгінде кәсіпкерлердің сою пункті бары бордақылау ісімен, мал бағатыны ет өнімін қайта өңдеумен айналысуға ынталы. Күнделікті тұтынатын тамақ, киім, жиһаз өндірісі, құрылыс материалдарын өңдеп, өндіру арқылы сауда орындарындағы сөрелерді отандық өніммен толтырып, импортты азайтуға да болады. Бұл іс елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына да оң серпін береді. Бағдарламаны жүзеге асырып, бөлінген қаржыны тиімді пайдаланып, әлеуметтің әлеуетін көтеруге жұмыла кірісу – баршамыз үшін де айрықша маңызға ие.
Баймаханбет АХМЕТ