Элиталы тұқымнан мол өнім жинады
Элиталы тұқымнан мол өнім жинады
Облысымыздың жері құнарлы, егін өсіруге қолайлы. Озық технологиялар кеңінен қолданылып, агротехникалық шаралар қатаң сақталса, мол өнімге кенелуге болатынын Меркі ауданының диқандары іс жүзінде дәлелдеп келеді. Элиталы тұқым өсіріп, оны облыс пен аудандағы агроқұрылымдарға өткеретін «Сыпатай батыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі биыл Франциядан әкеліп еккен «Евклид» сұрпының әр гектарынан – 65 және «Стекловидная – 24» сұрпынан 35 центнерден дән жинады. Еккен арпасының әр гектарының өнімділігі 35 центнерден айналды. Серіктестіктен тұқым сатып алып, өсірген «Жылыбұлақ» ЖШС, «Бахор» және «Жақсылық» шаруа қожалықтары масақты дақылдардан жоғары өнім алуда. – Кейінгі кезде ауданда мал басы өсіп келеді. Оларды қажетті жемшөппен қамтамасыз ету үшін дәнді дақыл алқабының көлемін жыл сайын ұлғайтуға күш салудамыз. Үстіміздегі жылы ауданда 2018 жылмен салыстырғанда күздік бидай – 5 мың, ал жаздық арпа 3 мың гектар алқапқа артық орналастырылды. Бүгінде агроқұрылымдардағы 24877 гектар күздік бидай, 25618 гектар жаздық арпаның жартысынан астамының өнімі жиналды. Аудан бойынша әр гектардың өнімділігі 21 центнерден айналуда. Науқан соңына дейін бұл көрсеткіш 24 центнерге дейін көтеріледі деген сенімдеміз. Ал 2018 жылы бұл көрсеткіш 21 центнерді құраған болатын, – дейді аудан әкімі Мейірхан Өмірбек. Ауданда 1400 агроқұрылым бар. Олардың барлығы егін және мал өсірумен шұғылданады. Техникасы сай, өсірген егінін орып алған қожалықтар әріптестеріне көмектесуде. Қазір егінжайларда 150-ден астам комбайн жұмыс істеуде. Осы мерзімде 60 мың тонна дән бастырылған. Егіншілер ел ризығын ысырапсыз жинап алу үшін егістікке ерте келіп, кеш қайтады. Олар жеңілдетілген бағамен берілетін жанар – жағармаймен қамтамасыз етілген. Бірқатар агроқұрылымдар комбайн алқаптан кетісімен жер жыртып, келесі жылдың өніміне берік негіз қалауда.
Меркі ауданы.
Ақылжан Мамыт