Топырақ құнарлылығы өнімділікті арт тырады
Топырақ құнарлылығы өнімділікті арт тырады
Кеше Жамбыл ауданының Бесағаш ауылында Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының «Бесағаш» тәжірибелік-өндірістік алаңында институт ғалымдары мен өңірдегі химиялық тыңайтқыш өндіруші кәсіпорындардың өкілдері, қожалық басшыларының қатысуымен «Деградацияға ұшыраған сілтілі-сортаңды топырақтарда жүгері өсіру технологиясы» тақырыбында егінжай күні өтті. Аталмыш шараның жоғары деңгейде өтуіне облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы, «Қазфосфат» ЖШС, Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты ұйытқы болды. Мұнда алдымен сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев бүгінгі күні топырақтардың құнарлылығы төмендеп кеткендіктен, ауыл шаруашылығы дақылдарынан жоғары өнім алу үшін тыңайтқыштарды енгізу маңызды екендігіне тоқталды. – Егіс алқаптарын арзандатылған минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджеттен 1 миллиард теңге бөлінді. Жоспар бойынша 22,4 мың тонна минералды тыңайтқыштарды ауыл шаруашылығы алқаптарына пайдалану межеленген. Биыл жалпы егістік алқаптарының 22 пайызын қамту жоспарланған. Ағымдағы жылдың 29 шілдесіне ауыл шаруашылығы құрылымдары тарапынан тыңайтқыштардың 15 562 тоннасы (69,3 пайызы) алынып, ауыл шаруашылығы дақылдары егістіктеріне енгізілуде. Оның ішінде Шу ауданы жоспарды – 113, ал Қордай ауданы – 85,7, Сарысу ауданы – 83,6, Жуалы – 63, Байзақ – 62,7, Жамбыл ауданы – 62,1, Т.Рысқұлов ауданы – 34, Меркі – 30,7, Тараз қаласы мен Мойынқұм ауданы 5,2 пайыз көлемінде орындаған. Сонымен қатар, «Қазфосфат» ЖШС тыңайтқыш өндіруден шыққан қалдық-фосфогипсті пайдалана отырып, суармалы жерлердің құнарлылығын арттырудың мүмкіндігі бар екенін хабарлап, аудандар бөлінісінде егістік жерлерге фосфогипс енгізу жоспарын жеткізген болатын. Алайда, бүгінгі күні бұл тапсырма баяу орындалуда. 29 шілдедегі мәліметке сәйкес ауыл шаруашылығы құрылымдары тарапынан облыс бойынша 108 411,5 тонна фосфогипс алу жөнінде келісімшарт жасалған болса, алынғаны 35998 тонна ғана, немесе жоспардың орындалуы 33,2 пайызды құрап отыр. Атап айтсақ, Жамбыл – 89,2, Байзақ – 36,5, Жуалы – 34,81, Талас – 33,67, Сарысу – 25,52, Шу – 23,81, Меркі – 21,69, Мойынқұм – 7,14, Т.Рысқұлов – 5,43, Қордай ауданы 0,69 пайызға орындап отыр. Осыған орай, Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мамандарының әртүрлі топырақтарда жүргізген зерттеулерінің негізінде түзілген технология бойынша, «Қазфосфат» ЖШС мен «Қазазот» АҚ бірлесе отырып, «Егінжай күні» өткізіліп отыр. Сонымен қатар, облыс әкімінің хаттамалық тапсырмасына сәйкес қытайбұршақ дақылын өсіруді қолға алу қажет. Қытайбұршақты (соя) жалпы облысымыз бойынша Жамбыл, Жуалы, Қордай, Меркі, Шу аудандары егіп өсіруде. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл дақыл түрі 1080 гектар алқапқа егіліп, орташа өнімділігі гектарына 12,6 центнерден айналған, жалпы 1360,3 тонна өнім алынды. Ал биыл облыс бойынша 420 гектарға қытайбұршақ егілді. Оның ішінде Жамбыл ауданы – 110, Жуалы ауданы – 80, Қордай ауданы 230 гектар алқапқа екті. Қытай бұршағы дақылы егіс көлемінің ұлғайтылмауы себептерінің бірі – облыс аумағында өңдейтін зауыттың және піскен кезде шашылмайтын сұрыптардың жоқтығы. Сонымен қоса, қытайбұршақты өсіруде қолданылатын агротехнологиялық іс-шараларды шаруашылықтар толықтай меңгермеген. Осы орайда, Алматы қаласындағы Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен бірігіп, шаруалар арасында отандың жаңа сұрыптарды енгізудің, қолданылатын агротехнологиялық іс-шаралардың тиімділігін, қытайбұршақты табыс әкелетін дақылдар қатарына жататынын кең көлемде түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Бұл бағытта институттың облыстық филиалында биыл 10-нан астам жаңа сұрыптарды өндірістік сынақтан өткізілуде. Осы мақсатта қытайбұршақты өңдейтін кіші зауыт салуға арналған қажетті қаражатты қаржы институттарынан қарастыруды ұсынамыз, өз тарапымыздан ұсынылған жобаға заң аясында қолдаулар көрсетуге дайынбыз, – деді Мұратхан Жүнісәліұлы. Бұдан кейін «Қазфосфат» ЖШС бас директоры Мұқаш Ескендіров пен облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашев өңірдегі егін шаруашылығымен айналысып отырған шаруалар үшін бұл іс-шараның маңыздылығын да атап өтті. Жалпы, Егінжай күні барысында жоғарыда аталған Қаз СШ ҒЗИ мамандары облыста маусым айында деградацияға ұшыраған сілтілі-сортаңды топырақты алқаптарда жүгері өсіру технологиясының, жоғары өнім алу мүмкіндіктері мен тыңайтқыштардың, өсімдіктерді қорғау құралдарының және ауыл шаруашылығы техникасының заманауи үлгілерімен таныстырды. Қазіргі уақытта шаруалар қолданып отырған фосфогипс, аграрлық өнеркәсіпте топырақты гипстеу үшін қолданылады. Яғни химиялық мелиорациялау, бұл топырақтың сілтілігін азайту арқылы құнарлылығын арттыруға да септеседі. – Өңірімізде өсірілетін негізгі дақылдың бірі – жүгері екені белгілі. Бұл дақыл фермерлерге жақсы табыс табуға мүмкіндік береді. Алайда, топырақтың деградацияға ұшырауы жағдайында шаруашылықтардың табыстылығын қамтамасыз ететін жүгері өнімінің көрсеткіштері төмендеп кетті. Осыған байланысты ҚазСШҒЗИ жобасы деградацияға ұшыраған топырақтарда өсірілген жүгеріден жоғары өнім алуға ықпал етеді. Технологияның негізгі бөлігі фосфогипс болып табылады. ҚазСШҒЗИ мамандарының есептік мәліметтеріне сәйкес, топыраққа жырту мен тұқым себу алдында «Қазфосфат» ЖШС Минералды тыңайтқыштар зауыты өндірісінің 150 тонна фосфгипсі және 10:46 маркалы аммофос азоттық-фосфорлы тыңайтқышы енгізілді. Әрі қарай жүгері өскіндерінің даму кезеңдеріне сәйкес қосымша қоректендіру ретінде «ҚазАзот» ЖШС-ның отандық тыңайтқыштар өндірушісінің 5 тонна аммиак селитрасы енгізілді. Зерттеу «Бесағаш» тәжірибелік-өндірістік телімінің 20 гектар алқабында жүргізілді, – дейді Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры Нұрлан Балғабаев. Сондай-ақ шараға қатысушылар бұл күні аумақтағы отандық және шетелдік қытайбұршақ сұрыптары егілген алқап басында болып, дақылдарды егіп, өсіру агротехникасымен де танысты.
Ерман Әбдиев
Суретті түсірген Виктор БАРБАШ