Құқық

Заң бұзушылықтар анықталуда

Заң бұзушылықтар анықталуда

«Ақ жол» газетінде 2014 жылдың 10 шілдесінде жарық көрген «Қарақыстақта қызыл мияға қырғидай тиюде» және «Қызыл мияны «қыр» асырғалы тайлап тастапты» атты мақалаларда көтерілген өзекті мәселелер облыс прокуратурасында қаралды.

Қазіргі таңда қоршаған ортаны қорғау – облыс прокуратурасының негізгі жұмыс бағыттарының бірі болып табылады. Аталған бағытта бірқатар іс-шаралар жүргізіліп, заң бұзушылықтар анықталуда. Атап айтқанда, уәкілетті органдар мен жоғары оқу орындарындағы студенттердің қатысуымен табиғатты қорғауға бағытталған акция өткізілді. Нәтижесінде, жартыжылдыққа жұмыс жоспарлары құрылды, «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының облыстық филиалымен өзара келісім меморандумы жасалынды. Сонымен қатар, прокурорлық тексерулер жүргізудің нәтижесінде қызыл мия тамырын заңсыз жинап, тасымалдаған 4 тұлға анықталып, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 287-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды. Алайда, қызыл мия тамыры ресми түрде қызыл кітапқа енгізілмегендіктен, кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту барысында бірқатар қиыншылықтар туындауда. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Президентінің шағын және орта кәсіпкерліктің іс-әрекетіне тексеру жүргізуді тоқтата тұру туралы Жарлығына сай, аталған мәселе бойынша тексеріс жүргізуге мүмкіндік болмай тұр. Сондықтан, қазіргі таңда қала, аудан прокурорларына жер пайдаланушылардың жер телімдерін мақсатты және келісім-шартқа сәйкес пайдалану барысын қадағалап, тиісті шара қолдану туралы тапсырма берілген.

Берік Құлтасов, облыс прокурорының міндетін атқарушы.