Экономика

Қордайдың сүті Алматыға кетіп жатыр. Неге?

Қордайдың сүті Алматыға кетіп жатыр. Неге?

7Мал басының саны жөнінен республикада жетекші орын алатын біздің облысымызда мал шаруашылығы өнімдерін, оның ішінде сүтті қайта өңдеу саласын жетілдіру маңызды. Өңірде осы салаға бейімделген шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында тұсауы кесілген орта кәсіпорындардың бірі – Қордайдағы «Үміт-Қордай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болатын. Бұған дейін аудан орталығында алкогольсіз салқын сусындар өндірісімен табысты айналысып келген серіктестік қырғызстандық инвесторлармен бірлесіп, Ауқатты ауылдық округіндегі бұрынғы «Трудовик» май-ірімшік зауытының көптен жұмыс істемей тұрған ғимаратын сатып алады. Сөйтіп, қазақ- қырғыз кәсіпкерлерінің бірлесе күш жұмсауымен бүтіндей жаңғыртылып, қайтадан іске қосылған бұл сүт зауытының ашылу рәсімі өткен жылдың сәуір айында өтті. Оған сол кездегі облыс басшысының өзі қатысып, лентасын қиып берген-ді. Индустрияландыру картасымен іске қосылып отырған жаңа өндіріс орнының болашағынан зор үміт күтілген сонда. Серіктестіктің өз қаражаты есебінен 124 миллион теңге инвестиция тартылып, сүт өнімін түр-түрімен көптеп шығаруға және ұзақ уақыт сақтауға мүмкіндік беретін осы замандық жаңа қондырғылар орнатылған зауыттың өндірістік қуатына толық жеткен кезде бүкіл аудан шаруашылықтары мен тұрғындарының сүтін қабылдап, өз өнімдерін өткеру аймағын кеңейтуге мүмкіндігі бар еді. Әрі жетпіске тарта адамға тұрақты жұмыс орнын беріп, бюджетке жылына 200 миллион теңгеге дейін салық түсімін беретіні болжанған болатын. Алайда, арада бір жарым жылға жуық уақыт өтсе де, «Үміт-Қордай» сол үмітті ақтар емес. Облыс әкімінің соңғы аппараттық жиынында индустрияландыру картасына енгізілгенімен, жоспарлы қуатының 60 пайызына жетпеген тоғыз жобаның қатарында Қордайдағы осы кәсіпорын да аталды. Зауыттың орташа өндірістік қуаты тәулігіне 35 тонна сүт өңдеу болса, бүгінде қабылданып жатқан сүт төрт-бес тоннадан аспай отыр. Мұндай аз сүт көлемімен зауыттың қалыпты жұмыс ырғағы қамтамасыз етілмейді. Сондықтан, үш-төрт күнгі сүтті жинағанның өзінде ол зауытқа екі сағаттық қана азық. Қалған уақытта өндіріс амалсыз тоқтатылады. Бұл жайды бізге ЖШС директоры Мұқтар Әлімбаевтың өзі айтты.

– Былтыр Қырғызстаннан күніне он бес тоннаға дейін сүт алып тұрғанда жағдайымыз дұрыстау еді. Бұрыннан-ақ сүт өндірісі жақсы жолға қойылған бұл елде соңғы жылдары жаңа үлгідегі сүт зауыттары іске қосылып, биылдан бастап шетке сүт шығару тоқтатылды. Содан біздің ахуал күрт қиындап кетті, – дейді ол. – Ал, Қордайдың сүті жетпей жатыр ма? – Қазір нарық заманы, кім жоғары баға ұсынса тауарын соған береді. Қордайдың сүтінің көбі Алматы асып жатқаны шындық. Басында үміт артқанымызбен алматылық қабылдаушылар тағайындаған бағаны біз әзірге ұсына алмай келеміз. Біздің шағын өндіріс көлемі мұны көтермейді. Міне, барлық түйткіл осында көрінеді. Қордайда сүт жоқ емес, бар. Аудандық статистика бөлімінің мәліметінше, аудандағы елу мыңға тарта ірі-қараның жиырма мыңы сауын сиыры болса, оның күнделікті сауындағы он бес мыңынан өткен жартыжылдықта алынуы тиіс сүт орта есеппен 26 мың тоннадан астам. Оның, шамамен 1486 тоннасы ЖШС-лардан, 2613 тоннасы шаруа қожалықтарынан, ал 22069 тоннасы тұрғындардың қолындағы жекеменшік сиырлардан өндірілуі керек. Енді осынша сүттің қайда кетіп жатқанын талдап көрейік. Ауданда сүт өндірісімен тұрақты айналысып, оны табыс көзіне айналдыра білген үш агроқұрылым бар. Бір өзі екі мыңдай ірі-қара өсіретін «Қақпатас-Қордай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 425 сауын сиырдан алынған сүттен күнделікті бұзауға берілетінінен өзге 5-6 тоннасын Алматы облысы Байсерке елді мекеніндегі «Донене-Беркут» ЖШС-на жөнелтеді. Анығында алматылықтар сүтті өздері көлік жіберіп, күн сайын алып кетуді жолға қойған. Келісім-шартта солай көрсетілген. Сөйтіп, өнімді өткеру жағына агроқұрылымның басы ауырмайды. Есесіне тек сүттен серіктестіктің кассасына күніне жарты миллион теңгенің ар жақ-бер жағында «тірі» ақша түсіп жатады. Сүттің бағасы жыл маусымына қарай 90-100 теңге аралығында ауытқып тұрады. Қазір әр килограмын 94 теңгеден қабылдауда екен. Ал, «Үміт–Қордай» 70 теңгеден жоғары ұсына алмағандықтан да, бұл агроқұрылымның сүті Алматыға асып жатыр. Қақпатастықтардың екі жылдан бері іскерлік байланыстағы сенімді әріптесінен қол үзгісі келмеуінің басты себебін осыдан көруге болады. Оның үстіне, серіктестік басшысы Дүйсехан Қошалиевтің айтуынша, «Үміт-Қордай» құрылмай тұрып та, аудан басшыларының айтуымен сүт өнімдерін шығаратын жергілікті «Куликов сүт өнімдері» ЖШС-на бір жылдан аса сүт тапсырып, олардан тиісті төлемақысын бірнеше айлап өндіре алмай аузы күйгендері бар. Қайтадан сол қамытты кигілері келмейді. Басқа салаларын айтпағанда, тек сүттен қыруар пайдаға кенеліп отырған серіктестік сауын сиырларының санын 600 басқа дейін арттыру қамымен қазір ферма-баздарын кеңейтіп, қайта жарақтандыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Демек, ондағы өндірілетін сүттің мөлшері алдағы уақытта еселеп арта түспесе, кемімек емес. Ал, «Благовещенка» ЖШС болса, екі жүз сауын сиырдан өндірген сүтін Алматы маңындағы «Райымбек-Агро» ЖШС-ның сүт зауытына өткізіп келе жатқанына (ол құрылған кезден бері) табандатқан он алты жылдан асқан. – Алматылықтар бізге сүттің ақысын уақтылы, кейде алдын ала төлеп, өз есептерінен фермамызға сүтті сақтайтын салқындатқыш танкерлер қойып берді. Қосалқы бөлшектермен, жанармаймен де көмектесіп тұрады, – дейді серіктестіктің құрамындағы сауын малымен айналысатын «Азиз» шаруа қожалығының басшысы Ибрагим Варшакидзе. Күніне 1,5—2 тонна сүтті мұнда да қабылдаушылар өздері әкетіп тұрады екен. Ал, «Үміт Қордайдың» да «Куликовтың» да өкілдері жүргізген келіссөздері нәтиже бермеген. Яғни, олар ұсынған бағамен бұлар келіспеген. Жазда сүттің бағасы едәуір төмендейді, соның өзінде алматылықтар 1 тамыздан бастап бұлардан сүтті 85 теңгеден қабылдап жатыр. Сол сияқты «Нұр-Ал» ЖШС да күн ара екі тонна сүтті Алматы маңындағы «Фуд-Мастер Есік» ЖШС-на килограмын 90 теңгеден қолма-қол ақшаға сатып келеді. Нарық заңы осылай өз дегенін істетуде. Аудандағы негізгі сүт өндіруші осы агроқұрылымдардың үшеуі де жергілікті сүт зауыттарына қарағанда алыс та болса жақындығы бар, жылдар бойы бір-бірінің сенімінен шығып, тиімді шартпен сүтті өздері келіп, әкетіп жатқан алматылық қабылдаушыларды артық санайды. Ал енді, аудандағы сауын сиырларының басым бөлігін ұстап отырған жекеменшіктегі жағдайға келейік. Болжамды есеп бойынша өткен жартыжылдықта тұрғындардың қолындағы 14108 (сауылатыны 13459 ) сиырдан 22 мың тоннадай сүт өндірілуі керек. Бұл күніне 120 тонна деген сөз. «Үміт Қордайдың» толық қуатында жұмыс істеуіне керегі тәулігіне 35-40 тонна екенін есепке алсақ, ондай бірнеше сүт зауытының қазанын тасытатын жекеменшіктің бұл өнімдері қайда кетіп жатыр? 140 мыңнан аса халық мекендейтін үлкен ауданда 19 ауылдық округ болса, оған қарайтын қырықтан аса елді мекеннің қай-қайсысында да қолында бірді-екілі сиыр ұстайтын тұрғындар аз емес. Тіпті, ондаған сиыр ұстайтындар да бар. Оларды көбінше тауға шығарып баққызады. Сауса бір сиырын сауып ішіп, аздаған қаймақ, құрт, майын базарға шығарып, қалғанын бұзауымен жіберетіндер аз емес. – Мен көп сиырды сауып қайтем, бәрібір сүтін өткізетін жер жоқ. Одан да тағы бір-екі бұзау сатып алып, төлдеген сиырға теліп, сүтін соған берсем екі-үш айда домаланып мал болып кетеді. Соны өсіріп сатқаным пайдалырақ,– деген кісінің сөзіне не уәж айтарсың? Мәселен, қазір сиырдың көбі жайлауда. Оны сауған күннің өзінде сүтін төменге әкеп, сүт зауытына өткізіп жатудың жол машақаты да аз емес. Оның үстіне, бүгінгі сүт ертеңге сақтауға болмайтын тез ашып, бүлінетін тауар. Сондықтан да жекеменшіктегі сиырдың сүті мал иелерінің дастархан мәзірінен аспай, сүт қабылдаушыларға толық жетпей жатыр деуге болады. Төрт мыңнан аса сауын сиырдың басын құрап отырған шаруа қожалықтарындағы жағдай да, жалпы осылай. Жоғарыда айтылған ірі агроқұрылымдар тәрізді сүтті бір ортада фермалық түрде өндіріп жатпағасын, әр жердегі аз сүт көзге көрінбейді. Оны жинап, сүт зауыттарына апарып саудалауға қолдары қысқа. Міне, осы жерде екі мыңнан асатын үлкенді-кішілі шаруа қожалықтарының және жекеменшіктің (ауданда 33 мыңдай жеке үй шаруашылықтары бар) сүтін жинап, қабылдаушыларға өткізіп тұратын делдал құрылым керек-ақ. Өз мүдделері үшін осы істерді үйлестіруге тиісті «Үміт Қордайдың» ішкі жағдайына келейік. Әуелде айтқанымыздай кәсіпорын жобалық қуатының ширегіне де жете алмай, уәде етілген жетпіс адамның орнына қазір небәрі он сегіз адамға ілдалап жұмыс тауып беруде. Қажетті шикізат көлемінің болмауынан зауыттың жұмыс істегенінен тоқтап тұрғаны көп. Құрылтайшыларының екеуі Қырғызстанда болғандықтан бастапқыда шикізаттың кем дегенде жартысын осы елден аламыз деген жоспары болған. Расында да былтыр жыл аяғына дейін күніне он бес тонна сүтті көрші елден әкеліп тұрса, жоғарыда айтқанымыздай, биыл қырғыз елінде бірнеше жаңа сүт өңдеу зауыттары іске қосылып, ондағы бар сүт өздерінен артылмайтын болды. Ауданның ірі агроқұрылымдары болса, сүтін нарықтық шартпен кім көп төлесе соған беріп, бұларды маңайлатпай отыр. Әзірге сүт өндірушілерге алматылық алпауыт зауыттардай жоғары баға ұсынып, тиісті жағдай туғыза алмай отырғандарды тығырықтан шығарар қандай жолдар бар? Серіктестік директорының орынбасары, экономист Алтай Мақаметжанов саусағын бүгіп тұрып, мұның бірнешеуін атады. – Қырғыздар сүтін бермей жатыр – бір деңіз. Аудандағы серіктестердің сүтін өзімізге тиімді арзан бағаға ала алмаймыз – екі. Сондықтан, үшінші нұсқа наурыз айының соңында облыс әкімінің ауылшаруашылығындағы өңдеуші кәсіпорындар жетекшілерімен өндірісті жандандыру турасында өткізген арнайы кеңесте айтылған ұсыныс бойынша жұмысты жандандырса оңды болар еді. Сол жиында облыс әкімінің орынбасары М. Жолдасбаев: «Өздеріңнің сиыр фермаларыңды құрып, сүт өндірісі кластерін түзуге болады» деген. Бірақ оның да проблемасы жетерлік. Қажетті сүттің едәуір бөлігін өзіміз өндіріп отырсақ, бұл бізді шикізатпен қамтамасыз етуді көп жеңілдетеді. Әрі бұған алғышарттарымыз да жоқ емес. Жасыратыны жоқ, бізбен серіктес кәсіпорын – «Рассвет» ЖШС-да жүз бас сиырымыз бар. Енді оның санын еселеп көбейту, ферманы нығайтып, жемшөп базасын жасау үшін жайылымдық және шабындық жерлерін кеңейту керек. Осыған тәлімі жерден 500 гектар сұрап құзырлы орындарға екі мәрте жолдаған хатымызға «жоқ» деген жауап алып отырмыз. Барлық жердің иесі бар, бізге бөліп беретіні қалмаған көрінеді. Ал игерусіз жатқан жерлерді иелерінен аукцион, сот арқылы алып, меншіктеудің машақаты көп. Оған көп шығын және уақыт кетеді әрі жүйке тоздыратын дау-дамайы да бар. Сондықтан, басқа ұтымды жолды қарастыруымыз керек,– деді ол. Ондай бір ғана жол – жекеменшіктен және шаруа қожалықтарынан сүт жинау төртінші нұсқа болып алға шығып тұр. Қаласа да, қаламаса да осы. Егер көзін тауып ұтымды ұйымдастыра білсе, сүттің селі осында екенін жоғарыда айттық та. Бұл жерде ауылдық аймақ әкімдерінің белсенді қолдауына сүйеніп, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізуі қажет. Қолындағы малын қайда жіберерін білмей отырғанда сүті ақшаға айналып, күн сайын қалтаға түсіп жатқанын көрген жұрт та бұған шындап көңіл бұра бастайды. Сиырдың санын көбейтіп, сүтін шашау шығармай қабылдаушыларға көбірек өткізуге ынталанар еді. Серіктестік тарапынан осы бағытта біршама жұмыстар қолға алынып жатыр екен. Бірақ, Қарасай, Қаракемер, Масаншы, Сортөбе, Ауқатты ауылдық округтеріне қарасты елді мекендер тұрғындарынан жиналған сүт мөлшері әзірге тәулігіне 1500-1700 литрдің ар жақ, бер жағында ғана. Үш-төрт күн бойы салқындатқыш танкерлерде жинап, төрт-бес тоннаға жеткенде барып, зауытты іске қосу амалсыздың күні. Жұмысты ширату қамымен серіктестік таяуда жеті шағын жүк көлігін сатып алып, оның бесеуін іске қосыпты. Қорабына бір тонналық цистерналар орнатылған ықшам көліктер барлық ауылдық округтерден сүт жинауға қолайлы-ақ. Қазір ауыл-ауылда тұрғындардан сүтті жинап дайындап отырушы адамдармен келісім– шарттар түзілуде. Сүт таситын арнайы көліктер, жер-жерде сүт сақтайтын танкерлер сатып алуға мемлекет елу пайыздық субсидия төлейді дегенмен, оған қол жеткізе алмаған. Төрт тонналық бір «молоковоз» сатып алатын болып субсидия жайын білмекке облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына хабарласқанда, олар әзірге асықпауды, заңдық негіздер даяр болғанда өздері хабарлайтынын айтып, кідіртіп қойған көрінеді. Өндірістің адымы тұсалып, шығарылатын өнім түрлерінің аздығынан серіктестік мемлекет тарапынан берілетін тиісті көмек- қаржыға да қол жеткізе алмауда. Сүт өңдеуші кәсіпорындардың үш түрлі өніміне: қатты сырға (голландтық), құрғақ сүтке және сары майға субсидия берілетін болса, «Үміт Қордайда» мұның алғашқы екеуі шығарылмайды. Ал өткен жартыжылдықта небәрі он тонна сары май өндірілген. Бұл зауыттың жобалық қуатының он пайызына да жетпейді. Былтырғы ашылу салтанатында арнайы қағаз қапшықтарға құйылған сүттің, айранның, иогурттың, сары майдың бірнеше түрін, сүт, ірімшік, сыр өнімдерін шығаруға уәде еткен серіктестік әзірге уәде үдесінен көріне алмай келеді. Қордайдай халқының саны көп әрі елді мекендері жинақы орналасқан ауданда тұрғындардың қолындағы малының өнімінен-ақ сүт бұлағын тасытуға болатынын дәлелдеп жату артық. Бұл сүтті өндірушілерге де, оны қайта өңдеушілерге де тиімді табыс көзі, екі жаққа да пайдалы бизнес болмақ. «Үміт Қордай» ЖШС-да қазір қолға алынып жатқан бұл істен қандай нәтиже шығарын алдағы уақыт көрсетеді.

Құрманбек Әлімжан,

«Ақ жол».

Қордай ауданы.