Қоғам

Сабақтан қалуға еш себеп болмауы тиіс

Сабақтан қалуға еш себеп болмауы тиіс

Әр баланың арманы асқақ. Әсіресе жаңа оқу жылы жақындағанда олардың қиялына қанат біте түсетіні бар. Өйткені мектепке жаңа киім, сөмке, қажетті құрал-жабдық алады. Осының өзі оларға ерекше әсер сыйлайды. Құрбы-құрдастарымен жаңалығын бөлісуге асығады. Бірақ кейбірінің қалтаның жұқалығы қолын байлайды. Қоғамнан осындай мүмкіндікті күтетін жас жеткіншектер сала мамандарының назарынан тыс қалған емес. Әр жыл сайын өткізілетін республикалық «Мектепке жол» акциясы аясында оларға қажетті қолдау көрсетіліп келеді. Бұл акция биыл жылдағыдан бір ай ерте басталып отыр. Облыстық білім басқармасының мамандары жүргізген зерделеу жұмыстарының нәтижесінде көмекке мұқтаж көп балалы және аз қамтылған отбасынан шыққан 28230 бала анықталыпты. Оларға 1 шілде мен 30 қыркүйекке дейін жалғасатын игі шара аясында қолдау көрсетілмек. Өскелең ұрпаққа қамқорлық пен қайырымдылық көрсетуге үндейтін акцияны ұйымдастырудағы түпкі мақсат балалардың сабақтан қалу мәселесіне қоғамның назарын аудару екені белгілі. Барлық жеткіншек білім алуға құқылы. Сондықтан Білім және ғылым министрлігі биыл «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы бойынша қосымша шаралар қабылдамақшы. Нақтырақ айтсақ, көмекке мұқтаж балаларды барынша қамту мақсатында жылжымалы пункттер, сондай-ақ еріктілерді тарту арқылы мобильді топтар ұйымдастырмақ. Акция биыл «Жүректен жүрекке!» ұранымен өтеді. Былтыр аталған акция аясында 324 миллион 752 мың теңгеге 32106 балаға материалдық көмек берілген болса, оның 14388-іне жергілікті бюджет арқылы тиісті қаржы қарастырылған. Ал 17718-іне демеушілер қолдау көрсеткен. Биыл облыс әкімдігі «Мектепке жол» қайырымдылық акциясын ұйымдастыру және өткізу жөнінде арнайы өңірлік іс-шаралар жоспарын бекітіп отыр. Жоспарға сәйкес барлық аудандар мен Тараз қаласында «Қайырымды жүрек», мектеп жәрмеңкелері, «Бірінші сыныпқа бірінші рет», «Балаға мейірім сыйла» атты мерекелік іс-шаралармен қатар, сайттарда «Сіздің балаңыз мектепке дайын ба?» тақырыбында ақпараттық акциялар өткізілмекші. Сондай-ақ көмекке мұқтаж балалардың дерек қоры да жасалған. Ешқандай себепсіз сабаққа бармайтын немесе сабақтан жиі қалатын балаларды анықтау және есепке алу мақсатында құқық қорғау органдары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін тарту арқылы компьютерлік клубтарда, саяжайлар мен базарларда, вокзалдарда және тағы басқа қоғамдық орындарда бірлескен рейдтер ұйымдастырылады. Акцияға үн қосуға ниеттілер үшін білім басқармасында «жедел желі» телефоны іске қосылған (43-88-25, 43-88-32, 43-88-42, 43-88-41). Осындай байланыс телефондары барлық білім бөлімдерінде бар.  

Камила Борашова