Қоғам

Ауылда тіршілік жандана бастады

Ауылда тіршілік жандана бастады

Халықтың табысын арттырудың ең тиімді жолы – тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту. Әлемде қазіргідей күрделі экономикалық ахуал қалыптасқан кезеңде әрі өнеркәсіп саласын автоматтандыру қарқынды жүргізіліп жатқан шақта өндіріс орындарында жұмыс орнын сақтап қалу өте қиын мәселе екені белгілі. Тұрақты жəне қарқынды экономикалық өсім арқылы ғана бұл мəселені шешуге болады. Ал өсім бізге азаматтарымыздың өз елінде алаңсыз өмір сүріп, еңбек етіп, ұрпағын тəрбиелеу үшін қажет. Ауданда өткен 6 айда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2,2 пайызға, ауыл шаруашылығы өнімдері 2,3 пайызға, негізгі капиталға салынған инвестициялар 12,2 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 4,2 пайызға, бөлшек сауда тауар айналымы 5 пайызға, жолаушылар тасымалы 1,4 пайызға артқан. Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында берілетін шағын несие қаражатының көлемі де жылдан-жылға кеңейіп келеді. Осы есепті кезеңде «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде 5 жоба қаржыландырылып отыр. Қолға алынған шаралардың нәтижесін беруі өз кезегінде әлеуметтік көрсеткіштердің оң өзгеруіне әсер етуде. Ауданда тұрғындардың әл-ауқатын көтеру және жұмыссыздықты жою бағытында біршама жұмыстар атқарылған. Жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 1 185 адам қамтылып, 383 тұрақты жұмыс орны құрылған. Әлеуметтік жағдайдың жақсаруының оң көрсеткіші жас жеткіншектерге тәрбие және білім беру ісін дұрыс ұйымдастырудан көрінетіні анық. Кезекті оқу жылын қорытындылаған сала басшылары мамандарды қазір балалардың жазғы сауықтыру шараларына жұмылдыруда. Биыл ауданда 8 365 баланы жазғы демалыспен қамту жоспарланған. Мектеп жанында ұйымдастырылған лагерьлерде 1602 оқушы тартылып отыр. Ал жергілікті бюджет есебінен 756 баланы кезең-кезеңімен қала сыртындағы демалыс орындарына демалысқа жіберу көзделген. Олар Тараз қаласындағы «Бәйтерек» және «Тау самалы» сауықтыру орталықтарында, 150 жеткіншек ата-аналар есебінен «Қаратау» тау-кен өнеркәсібіне қарасты «Жұлдыз» сауықтыру лагерінде демалды. Бүгінде өңір басшысы Асқар Мырзахметовтің тапсырмасына сәйкес барлық деңгейдегі әкімдер мен орынбасарларының жұмыс алгоритмі жасалғаны мәлім. Жалпы алгоритм негізінде наурыз-шілде аралағында кеңейтілген алқа мәжілісінде 4 мәрте ауданның статистикалық көрсеткіштері зерделенді. Құжатта көрсетілгендей, индикаторлардың орындалуына қол жеткізу шаралары ұйымдастырылуда. Ауданда жұмыс алгоритмінде көрсетілгендей, тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсарту үшін әлеуметтік ахуалды зерделеуге баса мән берілуде. Осы мақсатта арнайы құрылған жұмыс тобы Жаңатас қаласы мен 9 ауылдық округті түгел аралап, азаматтар көтерген 44 маңызды мәселенің шешімін табуға ықпал етуде. Қазір соған қажетті қаржы көздері қарастырылуда. Жалпы көрсетілер қолдау болса, ешкімнің қарап жатқысы жоқ. Тұрғындармен кездесуде 2 357 отбасы үй ауласында бизнес ашуға ниет білдірген. Оның ішінде 900 азамат 2,2 миллиард теңгеге бизнес жоспарларын дайындауға және оны іске асыруға шағын несиелер алуға сұраныс беріп отыр. Егер осы жобалар іске асырылса, қосымша 1 109 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туады. Кәсіпкер ретінде 615 азамат кірістер органына тіркелуді жоспарлауда. Сонда аудандағы жеке кәсіпкерлердің саны 1748-ден 2363-ке артады. Аудан әкімі Қанатбек Мәдібек қала мен әр ауылдық округтердің тұрғындарын бірыңғай бағытқа бейімдеуге көңіл бөліп отыр. Осы мақсатта қала мен ауылдық округтердің әкімдеріне меже ретінде жеке-жеке тапсырма да берген болатын. Мәселен, Жаңатас қаласында әр үйдің ауласына жеміс ағаштарын егумен қатар, талапқа сай 47 мал бордақылау алаңшаларын ашу көзделуде. Ал Байқадам ауылдық округінің әкімі 3 жылыжай жобасын іске асырумен қатар, 11 аулаға 20 бастан асатын ірі қара малын бордақылау қораларын салдыруды ұйымдастыратын болады. Жаңаталап ауылдық округінде қосалқы шаруашылықпен айналысып отырғандар аулада қызанақ, қияр өсіруді және 7 аулада жылқы малын бордақылау алаңдарымен қатар, 4 жылыжай құрылысын салмақ ниетте. Қосалқы шаруашылықтарды дамыту үшін тұрғындарға қолдау көрсету қажет. Аудан әкімі Игілік, Өндіріс ауылдарының тұрғындарын сиыр сүтін жинайтын танкермен қамтамасыз етсе, өнім ысырап болмай, бір кәдеге жарары анық. Ауылда 3 жылыжай, сонымен қатар әрқайсысы 30-дан аса мүйізді ірі қара малын бордақылайтын 4 алаң ашылса, шаруалардың ісі алға басары сөзсіз. Ауыл әкіміне осындай міндет жүктеген Қанатбек Мәдібек Жайылма ауылдық округінің азаматтарын ауылдағы әр ауланың іргесіндегі бос жатқан жерлерді игеруге шақырып отыр. Бұл елді мекенде де 100 аулада түрлі жеміс талдарын өсірумен бірге 13 аулаға мал бордақылау алаңдарын ашуға болады. Ал көкөніс егетін 18 арнайы жер учаскесі дайындалса, шаруалардың маусымдық табысы да арта түсері сөзсіз. Сонымен қатар ауданда шағын несиелер мен мемлекеттік грант қаражаттарын алуға 7 үміткер іріктеліп, шұбат дайындайтын цех ашу ұйымдастырылмақшы.Ұзақбай Сыздықбайұлы мен Ақтоғай ауылдарының тұрғындарына да бақша өсірудің жаңашылдығы қажет. Онда 4 аулаға жылыжай, 50 үйдің ауласына түрлі жаңа жеміс талдарын отырғызу жоспарлануда. Осы жобаны іске асыруға қажетті несие қаражаттарын алу үшін 1 ай ішінде барлық әкімдер тұрғындардың құжаттарын жеке-жеке жинап, облыстық кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалына «Бизнес бастау» мен «Бизнес кеңесші» оқу курстарынан өтуге сұраныс жасауы тиіс. Шу бойындағы үш ауылда да іске асыруға мүмкіндігі бар бизнес жоспарлар бар. Онда мал саны өсіп келеді. Ендігі кезекте 1000 үйрек, 500 қаз өсіретін шаруашылықтар ашылса, құс етінен бастап, төрт түліктің етін осы ауылдардан алуға болады. Ал Қамқалыда 1 аулада жылыжай салынса, тұрғындар көкөністі алыстан тасымайтыны анық. Шалғай ауылдағы шаруалардың тұрмысын жақсарту бағытында қолға алынатын бұдан басқа көптеген тиімді жобалар түзілген. Қолға алған шаруалар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін берері анық. Өңір басшысы Асқар Мырзахметовтің тапсырмасына және көрсетіп берген жұмыс үлгісіне сәйкес шаруаны ширатуды қолға алған аудан әкімі Қанатбек Мәдібек осылайша жоспарын айқындап, мақсатын нықтап отыр. Соның нәтижесінде ауылдарда тіршілік жанданып, болашаққа тың жобалар жасалуда.

Дариха ҮМБЕТИЯРОВА, аудан әкімдігінің баспасөз хатшысы.

Сарысу ауданы.