Биыл 18 адам суға кеткен
Биыл 18 адам суға кеткен
Төтенше жағдайлар департаментінің бастамасымен Тараз қаласында шомылуға тыйым салынған және жабдықталмаған орындарда судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау жөнінде жергілікті полиция қызметінің қатысуымен баспасөз туры өтті. Бақылайтын учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Бақытжан Жүрсінов бұл бағытта төтенше жағдай, жаяу патруль, жергілікті полиция қызметінің өкілдері, әскерилер мен құтқарушылар бірлесе жұмыс атқарып жатқандығын айтты. Бастысы – бұл су айдынында биылдыққа ешқандай оқыс оқиға тіркелмепті. Биыл 24 мамырдан басталған шомылу маусымы қыркүйек айына дейін жалғасады екен. «Күніге мұнда шамамен 200-500 демалушы келеді. Біз оларға әрдайым ережелерді түсіндіріп отырамыз. Өйткені шомылушылар жағалаудан 4-5 метрден асып кетсе, тереңдігі 2 метрден жоғарылап, қауіп тудыруы ықтимал. Ал суға батып кеткендердің көбі рұқсат етілмеген жерлерге шомылу, жүзе алмау сияқты жайттарда орын алды. Қазір көлде кезекшілікпен 24 құтқарушы жұмыс істейді. Маусым басталғалы мұнда 5 адам құтқарылды», – дейді өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстарының бас құтқарушысы Шоқан Кенжеғұлов. Тараз қаласы төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы, азаматтық қорғау подполковнигі Қайрат Оразбаев: «Біз күнделікті рейдтер өткізіп тұрамыз. Бүгін жергілікті атқарушы орган қызметкерлерімен бірлесіп түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Өйткені жыл басынан бері өңірімізде 18 адам суға кетті. Батып кеткендердің 11-і бала болған. Қайғылы жағдайлардың басты себебі – салғырттық. Су айдындарында шомылушылар балаларын қараусыз қалдырады. Кейбіреулері ішімдік ішіп, суға түседі. Белгіленбеген орындарда шомылады», – деді. Осылайша облыс бойынша бүгінге дейін жалпы саны 36 оқиғаға қатысты әкімшілік іс қозғалып, 342 мың теңге айыппұл салыныпты.
Альмира Омарова