Жұмыртқа қабығы сүйек тінін өсіреді
Жұмыртқа қабығы сүйек тінін өсіреді
Массачусетс университетінің ғалымдары таңғаларлық жаңалық ашты. Олар қарапайым жұмыртқаның қабығынан сүйек тінін өсіріп шығаруды тапты. Бұл туралы mir24.tv хабарлады. Ғылым докторы, химиялық инженерия доценті Гулден Камчи-Уналдың бастаған ғалымдар тобы жұмыртқа қабығының пайдалы тұстарын зерттеді. Әзірге зерттеулер егеуқұйрықтарға ғана жасалып, сынақтан өткізілуде. Дегенмен сынақ нәтижесінде: жұмыртқаның үгітілген қабығы мен гельден жасалған қоспа кемірушілердің сүйек жасушаларының қарқынды өсуіне септігін тигізген. Ғалымдардың айтуынша, бұл технологияны болашақта тіс тінін өсіру үшін де пайдалануға болады. «Бұл сүйекті қалпына келтіру үшін жұмыртқаның үгітілген қабығы мен гельден жасалған қоспа қолданылып тұрған алғашқы зерттеу. Біз тәжірибе жұмыстарының нәтижелеріне қатты қуандық. Жаңа материалды патенттеп алғымыз келеді», – деді доктор Камчи-Унал. Ғалымдар мұндай емдеу әдісі сүйек ауруларына шалдыққан адамдарға зор көмегін тигізеді деген сенімде. Олар ойлап тапқан әдіс арқылы қартайып, сүйектері түрлі аурудан немесе жарақаттан зардап шеккен адамдарды емдеуге де болады. Сонымен қатар бұл әдіс трансплантологияда зақымданған сүйекті қалпына келтіру үшін де қолданылуы мүмкін.