Саясат

Күн тәртібінде – ашықтық және қоғаммен кері байланыс

Күн тәртібінде – ашықтық және қоғаммен кері байланыс

Берік Уәли, Президенттің баспасөз хатшысы:

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Президенті қызметіне кіріскеніне 4 айдан асты. Жалпы, өзіңіз де білесіз, ақпараттық кеңістікте қалыптасқан дәстүр бо­йынша, үш айдың ішінде атқарылған шаралардың қорытындысы жасалатын еді. Алайда, жаңа Президенттің 100 күндік жұмысы жөнінде көп ресми ақпарат жарияланбады. Мұның қандай да бір себебі болды ма? Әлде Президенттің өзі айтпақшы, сөзден гөрі нақты іске ден қойды ма?

– Ең алдымен, тәуелсіз Қазақстанның тарихында екінші президенттің сайлануы – еліміз үшін үлкен тарихи кезең. Өздеріңіз де куә болдыңыздар, барша халықтың алдында ант бергеннен кейін Қасым-Жомарт Кемелұлы Мемлекет басшысы ретінде бірден жұмысқа білек сыбана кірісіп кетті. Міне, сол уақыттан бері көптеген маңызды іс-шаралар атқарылды. Халықаралық кездесулер өтті, өңірлерді аралады, шетелдерге сапарлады, келіссөздер жүргізді. Президент қызметінің 100 күндігіне қатысты ресми БАҚ-та мақалалар жарияланып, телеарналарда сюжеттер беріліп жатты. Бірақ дәл осы 100 күндік қарсаңында Арыста күллі Қазақстан жұртшылығын алаңдатқан төтенше оқиға болды. Ол Арыстағы ағайынның ғана емес, бүкіл қазақтың қабырғасын қайыстырған өте қиын жағдай еді. Президент жергілікті билікке, құзырлы органдарға шұғыл тапсырмалар берді. Кешкісін, жұмыс күнінің соңына қарай Арысқа ұшып барды. Енді ол кездегі ахуалды өздеріңіз де жақсы білесіздер, БАҚ-тан көрдіңіздер. Міне, осындай күрделі уақытта «мен 100 күнде не бітірдім» деп емес, дәл сол сәт­те көмекке зәру, бірауыз демеу күткен ел­дің жанынан табылуы маңыздырақ болды. Арыс халқы сол күні Президенттің тіке­лей қамқорлығын сезінді деп ойлаймын. Жалпы Мемлекет басшысының наурыз айынан бері атқарған жұмысы халықтың көз алдында. Осы уақыт аралығында Қазақстан Пре­зи­денті 14 облысқа жұмыс сапарымен барды, 4 мемлекетте болды, 2 ірі халықаралық саяси ұйымның жұмысына қатысты. Оның арасында, өздеріңіз білесіздер, сайлау науқаны өтті. Сайлаудың ертесі күні Қасым-Жомарт Кемелұлы баспасөз мәслихатын өткізді. Оған жалпы, 66 БАҚ-тан 107 журналист қа­тысты, оның 22-сі – Қазақстанда тіркел­ген шетелдік тілшілер. Сол конфе­ренцияда 3 тілде 30-дан астам сұраққа жан-жақты жауап берді. Президент барлық жағынан, мейлінше ашық болды. Алдағы уақытта да солай боларына сенімдімін.

– Жалпы Мемлекет басшысы осы баспасөз мәслихатынан бөлек төрт айда БАҚ-қа қанша сұхбат берді?

– Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы төрт айда шетелдік және отандық БАҚ-қа 10 сұхбат берді. Олардың қатарында Мем­ле­кет басшысының лауазымына кірісе салысымен өздеріңізге, яғни «Egemen Qazaqstan» және «Айқын» республикалық газеттеріне бер­ген сұхбаты, ресейлік «Ком­мерсант», «Рос­сийская газета» басылымдары, «Россия» телеарнасы, Өзбекстанның «УзА» ұлттық ақпараттық агенттігі, амери­калық White House Chronicle телехабары, Wall Street Journal газеті, израильдік Israel Hayom басылымы, Euronews телеарнасы, Bloomberg агенттігі және белгілі ресейлік журналист Алексей Пивоваровқа берген сұхбаттары бар. Соңғысы 21 шілдеде «31 канал» арнасынан фильм ретінде көрсетілді.

– Президент жұмысты өңірлерді аралаудан, жұртшылықпен жүздесуден бастағанын айттыңыз. Берік Уәлиұлы, барша журналистер қауымы осы сапарлар жөнінде алғашқы ақпаратты сіздің әлеуметтік желідегі парақшаңыздан алып отырды. Әр ақпаратты Мемлекет басшысымен келісіп отырасыз ба, әлде шұғыл хабар тарату үшін өзіңіз де шешім қабылдай бересіз бе?

– Иә, жаңа айтқанымдай Президент 100 күнде емес, тіпті алғашқы екі айдың ішінде өңірлерді аралап шықты. Барған жерінің бәрінде жұртшылықпен кездесті. Қарапайым еңбек адамдары, кәсіпкерлер, бюджет қызметкерлері, жастар, бәрі де өз өңірінің дамуына аз болса да қолғабыс жасағысы келеді. Осындай маңызды кездесулер кезінде кейде Мемлекет бас­шы­сының бізге нұсқау, тапсырма беруге не­месе біз таратқалы отырған ақпарат­қа көз жүгіртіп шығуға қолы тие бер­мейді. Ондай жағдайда, әрине Президент Әкімшілігі Басшысының немесе бірінші орынбасарының келісімін алып жатамыз. Жауапкершілікті өз мойныма алуға тура келе­тін сәттер де болады. Қазіргі ең жедел ақпарат тарату құралы – әлеуметтік же­лілер. Сондықтан көп жағдайда ақпаратты әлеу­меттік желі арқылы таратуға тырысамыз. Мемлекет басшысы атап көрсеткен түйткілді мәселелердің шашауы шықпай, бұрмаланбай, елге шұғыл жетуін қам­та­масыз етеміз, қадағалаймыз. Мысалы, төтенше жағдай болған Арыс қаласына баратынын Президент екі кеш­­тің арасында айтты. Шамамен түнгі сағат 22:00-ге таяу Арысқа жеттік. Пре­зи­дент бірден арыстықтар орналасқан кө­мек көрсету штабына атбасын тіреді. Халықпен кездесті, пікірлесті. Осы сәтті біз­дің қырағы камераларымыз да қалт жі­бер­мей, түсіріп жатты. Өте жылдам әре­кет ету керек болды. Мәселен, екі-үш ны­сан­ның арасы 15-20 минуттай ғана. Осы уақыт аралығында түсіріп алған бейнематериалды орталыққа жіберіп үлгермейсің. Оның үстіне қауіпсіздік үшін Арыста электр энергиясы сөндірілген, интернет өте әлсіз болды. Осындай кезде бар жауапкершілікті мойныма ала отырып, өзімнің ұялы телефоныма түсірген бейнематериалдарды әлеуметтік желіге әрең жүктеп, хабар таратуыма тура келді. Өйткені тек біз­дің әріптестеріміз – журналистер ғана емес, күллі жұрт Арысқа қарап алаңдап отыр­ған болатын. Барлық сайттар, телеарналар менің сол материалымды бөлісіп, шар­тарапқа таратып жатты. Президенттің Арыстағы оқиға орнында болған сәтінен және Шымкенттегі ауруханада зардап шеккендермен кездесуінен түсірген фото-бейне жазбаларымды сол сәтте ғана 3 мыңнан астам адам әлеуметтік желіде бөлісті. Мұны не үшін айтып отырмын? Кейде осындай шапшаң шешім қабылдауға тура келеді. Бұл жалпы ел үшін керек. Олай жасамасақ, жағдай күрделене түсетін еді. Өйткені әлеуметтік желілерде әркім жағдайды сан-саққа жүгіртіп жатты. Ал бұндай жағдайда әбжіл қимылдау керек, бірақ ешқандай қателікке жол берілмейді. Оперативтілік жауапкершіліктен босатпайды. Бәрі қолмен қойғандай, көзбен көргендей анық, нақ болуы керек.

– Мемлекет басшысы алғашқы сапарын Түркістаннан бастады. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне, одан кейін киелі Маңғыстауға, Бекет атаның басына зия­рат етті. Жалпы, еліміз киелі жерлерге кенде емес. Президент сол жерлердің бәрін аралап, бабалар рухына тағзым жасады. Шыны керек, бұған дейін Қасым-Жомарт Кемелұлы көбіне сыртқы саясатта, дипломатиялық миссиямен шет­елдерде жүргендіктен, жұртшылық жалпы жақсы қабылдағанымен, ол кісіден дәл осындай қазақилық күтпеп еді...

– Иә, айтпақ ойыңызды түсіндім. Қазақ – ата-бабасының рухын қастерлеген халық. Мемлекет басшысы өзінің алғашқы сапарын Түркістаннан бастағанын нағыз түркілік ұғымнан туындаған дүниетаным деп айтуға болады. Бұл Қасым-Жомарт Ке­мелұлының шетелде көп жүргенімен, ата-баба дәстүрін берік ұстанатынын және ұлттық рухы мықты екенін көрсетеді. Соны­мен қатар Қазақстанның сыртқы саяса­тының салмағын қара нардай көтер­ген Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақы қал­пынан еш айнымағанын, бабалар салған салтқа берік екенін білдіреді. Мемлекет басшысы ретінде жауап­кер­шілігі аса зор міндетті киелі жерлерге ке­ліп, бабалар рухына тағзым етуден бас­та­ғаны – ізгіліктің белгісі. Осыған байла­нысты Президенттің «Түркістанның жаң­ғыруы және жаңаруы даму жолымыздың дұрыстығын көрсетеді» дегенін де біле­сіздер. Киелі жерлері мен дана тұлғаларын ерек­ше қадірлей білген қазақ халқында «Ме­динеде – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет, Маңғыстауда – пір Бекет» деген ұла­ғатты сөз бар. ШҚО сапары барысында Жи­дебайға арнайы атбасын бұрып, Абай атамыздың басына барды, Алматыда Ра­йымбек бабаға зиярат етті. Сондықтан Мемлекет басшысының еліміздің қа­сиетті жерлеріне зиярат жасап, айтулы тұлғаларына Құран бағыштап, халқының амандығы мен жұртының тыныштығын тілегені – өскелең ұрпаққа үлгі. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген дана хал­қымыз. Сондықтан Президент аса үлкен лауазымды қызметке кірісер алдында осылайша бабалар рухына тағзым етіп, олардан рухани күш-қуат алған болар. Бұл әдептің дәстүрге айналуы түркілік тегіміз бен қазақы қанымыздың мықтылығын айшықтай түседі. Орайы келгенде айта кетейін, Мемлекет басшысы өткен Рамазан айында да мұсылман қауымымен бірге болып, мешітке барып, Құран оқытып тұрды. Қазақылық – Қасым-Жомарт Кемелұлының қанында бар қасиет.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық беделі зор. Тұңғыш Пре­зи­дентімізді күллі әлем қауымдастығы біледі, құрметтейді. Қасым-Жомарт Тоқаев қызметіне кіріскен сәттен бері бір­неше мемлекетке сапармен барды. Жал­пы Қазақстанның жаңа Президен­тін шетелдіктер, оның ішінде әлемдік сая­сатқа ықпалы бар саясаткерлер қа­лай қабылдады? – Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасымыз – әлем қауымдастығына сыйлы, өте беделді саясаткер тұлға. Егемен елі­міздің дүние жүзіне танымал болуы, өзге елдермен терезесі тең мемлекетке айналуы Елбасының еңбегі екені сөзсіз. Елбасымен қатар еліміздің сыртқы сая­сатын қалыптастыру, әлемнің өркениетті елдерімен терезесі тең болуы жолында бүгінгі Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының да сіңірген еңбегін ешкім жоққа шығармас. Әлемдік қауымдастыққа да өте танымал және ықпалды саяси тұлға. Сон­дықтан жаңа Президентімізді әріп­тес­тері, басқа мемлекеттердің басшылары үл­кен құрметпен қабылдады деп айта аламын. Осы аз ғана уақыттың ішінде, Мемлекет басшысы Ресей Федерациясына ресми сапармен, Өзбекстан Республикасына мем­лекеттік сапармен, сондай-ақ Шанхай ын­ты­мақтастық ұйымы және Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі Кеңестің саммитеріне қатысу үшін қырғыз еліне, одан әрі Тәжікстанға барды. Қай елде болмасын, өте жылы қабыл­дап, Президентімізге үлкен құрмет көр­сетіп жатты. Бұл – біріншіден, әрине, Ел­басының осыған дейінгі салған сара жолы, беделі, екіншіден, Қасым-Жомарт Кемелұлының әлемдегі ең ірі, ықпалды халықаралық саяси ұйым – БҰҰ-ның Бас хат­шылығында жоғары лауазымда болуы, Женевадағы бөлімшесін басқаруы – мұ­ның бәрі оның жеке басының саясаткер ре­тіндегі абыройын, беделін көрсетсе керек. Одан кейін Нұр-Сұлтан қаласында Ас­тана экономикалық форумы, Еура­зиялық эко­номикалық одақтың мерейтойлық сам­миті, жақында ғана Президент жанындағы ше­т­елдік инвесторлар кеңесінің жиыны өтті. Осы жиындар қарсаңында шетелдік де­легациямен жеке құрамда, кейін кеңей­тілген құрамда кездесулер өтіп жатты. Сонда байқағаным, әр елдің делегация­сын қабылдағанда әуелі қазақша сөйлеп, барлық мемлекеттік рәсімдерді толық сақтап отырды. Кейін олармен аудармашысыз-ақ, со­лар­дың тілінде еркін әңгімелескеніне куә болдым. Мысалы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бес тіл білетінін елдің бәрі біледі. Бірақ бір күнде бес тілде сөйлегенін ешкім көрмеген шығар. Біз соны көрдік. Астана экономикалық форумына арнайы келген Қытай Халық Республикасының Мемлекеттік кеңесі Премьерінің орынбасары Хань Чжэнмен қазақша бастап, сөзін қытайша жалғастырды. Одан кейін бұрын Францияның экономика және қаржы министрі болған, бүгінде Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Кристин Лагардпен французша тілдесті. Сондай-ақ форумға қатысушы шетелдік жетекші сарапшылармен өткен басқосуда ағылшын тілінде, ал Арменияның пре­зи­денті Армен Саркисянмен және Ресей Сбер­банкінің басқарма төрағасы Герман Грефпен орысша сөйлесті. Ақыры орайы келгенде айта кетейін, Бішкектегі ШЫҰ саммитінен кейінгі қонақ­асы кезінде Қытай мен Үндістан мем­лекет басшыларының ортасында отырып, бірімен қытайша, екіншісімен ағылшынша әңгімелесіп отырды. Ал өзге елдің басшылары аудармашы арқылы сөйлесіп отырғанын көрдік. Қазақтың «жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл» дейтін даналығы осы болса керек. Осы маңызды халықаралық алаңдардың барлығы – мемлекетіміздің және ел Пре­зидентінің дүние жүзінің саяси элитасында алатын орнын көрсетеді деп ойлаймын. Шетелдік әріптестері, жалпы шетелдік сары тісті саясаткерлер қалай қабылдады дегенге келсек... Мысалы, сайлау нәтижесінен кейін Пре­зиденттің атына 134 елдің мемлекет және үкімет басшыларынан, 26 ірі халықаралық ұйымның жетекшілерінен құттықтау жеделхаттар келіп түсті. Олардың арасында Владимир Путин, Дональд Трамп, Си Цзиньпин, Эммануэль Макрон, Ангела Мер­кель, Тереза Мэй, Режеп Тайип Ердо­ған, Антониу Гутерриш, Дональд Туск, Пан Ги Мун және басқа да көптеген ірі саясат­керлер бар. Одан бөлек, Қасым-Жомарт Кемелұлын жеке танитын әлемдік тұлға­лар да өз құттықтауларын жолдап жатты. Олардың бәрі де Қазақстанмен ынты­мақ­тастықты одан әрі жалғастырып, достық байланыстарды тереңдетуге ниетті екендіктерін жеткізді. Қасым-Жомарт Кемелұлының әлемдік саясаттағы, халықаралық қауым­дас­тықтағы беделінің өзі, еліміздің дамуы­на, елге инвестиция тартуда, шетелдік алпауыт компаниялармен серіктесіп жұмыс істеуде көп ықпалын тигізетініне сенімдімін.

– Елдер мен олардың президенттері арасындағы өзара ынтымақтастық, достық қатынастар өз алдына. Ал бас­пасөз хатшылары қаншалықты бел­сен­ді байланыс орнатқан? Сіз осы уақыт ара­лығында қай елдердегі әріптестеріңізбен қандай қарым-қатынастар орнатып жатырсыз?

– Жалпы халықаралық қатынастардың өзі дипломатиялық байланыстардан бө­лек, жеке адами қарым-қатынастарға тіке­лей байланысты. Бұған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының достық қарым-қаты­настарға сүйене отырып, кезіндегі Ресейдің президенті Б.Ельцинмен, ҚХР және Өзбекстан басшыларымен шекара мәселесін ың-шыңсыз шешуі, сондай-ақ АҚШ-тың бұрынғы президенттері Дж.Буш, Б.Клинтонмен жақсы байла­ныс­тарының арқасында Қазақстанға АҚШ инвестициясының келуі секілді мысалдарды көптеп келтіруге болады. Сол сияқты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да көптеген елдер бас­шы­ларымен және халықаралық ұйымдар же­текшілерімен, жекелеген бе­дел­ді саясат­кер­лерімен жеке таныстығы, дос­тығы бір төбе. Осы соңғы сапарлар барысында Ре­сей пре­зидентінің баспасөз хатшысы, пре­зи­дент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Дмитрий Песковпен, Өзбекстан президенті әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары, баспасөз хатшысының мін­детін атқарушы Азиз Магруповпен, Бе­ларусь президентінің баспасөз хатшысы Наталья Эйсмонтпен, Қырғызстан прези­дентінің баспасөз хатшысы Толғонай Стамалиевамен, Тәжікстан президентінің бас­пасөз хатшысы Абдуфаттох Шариф­зодамен жақын танысып, араласып кеттік. Бір-бірімізге хабарласып, мерекелерде құттықтап тұрамыз. Баспасөз хатшылары арасындағы жақ­сы қарым-қатынас, ең алдымен, біздің жұмысымыздың тиімділігін, сапасын арт­тырады. Сондықтан әріптестермен тығыз қарым-қатынас орнатудың маңызы зор. Мысалы, Президенттің Өзбекстанға мемлекеттік сапары кезінде Қазақстанның Өзбекстандағы жылының ашылу салтанатын әріптесім Азиз Магруповпен келісіп, 2 сағаттың ішінде іс-шараны біздің елімізде де көрсетуге мүмкіндік туғыздық. Сол сияқты, бұрын екі ел басшы­лары­ның Мәскеуде өтіп жатқан кездесулерінен тікелей трансляция жасау болмаған екен. Әрине, тілшілер тікелей байланысқа шы­ғып, репортаждар беріп жатады. Алайда, Президенттердің 1 сағатқа жуық баспасөзге арналған мәлімдемелерін тікелей көрсету жолға қойылмапты. Біз сол баспасөз мәс­лихатын республикалық «Хабар 24» арнасынан толық трансляция жасауға мүмкіндік алдық. Содан кейін Қырғызстаннан ШЫҰ-ның, Тәжікстаннан АӨСШК-нің саммиттерінен тікелей қосылып, алқалы жиындардың жұмысын халыққа көрсеттік. Біз бұдан ұтпасақ, ұтылған жоқпыз. Мұның бәрі, ең бірінші кезекте президенттердің баспасөз хатшыларының ауызбірлігі, түсіністігі деп ойлаймын.

– Мемлекет басшысы өз қызметіне кіріскен күннен бастап баспасөз қыз­метінің әлеуметтік желілердегі белсен­ділігі айтарлықтай артты. Желі қолда­ну­шылары көптеген мәліметтерді жедел оқу мүмкіндігіне ие болды. Бұл үрдіс немен байланысты?

– Дұрыс айттыңыз, Президенттің бас­пасөз қызметі бүгінде барлық танымал әлеуметтік желі платформаларында бар. Біріншіден, бұл – қазіргі уақыттың талабы. Мұнымен санаспауға болмайды. Екіншіден, Мемлекет басшысы 2011 жылдан бері Твиттер әлеуметтік желісінің белсенді қолданушысы. БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, Женевадағы бөлімшенің Бас директоры қызметінде жүріп, «виртуалды желінің» мүмкіндіктерін кең пайдаланған. Бүгінде Мемлекет басшысының твитінде 130 мыңға жуық оқырманы бар. Қазір Президент Твиттердегі парақ­ша­сынан еліміздегі қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық, саяси мәселелерге неме­се оқиғаларға қатысты пікірін жазып, ұсы­ныстары мен тапсырмаларын беріп отыр. 280 таңбалы қысқа әрі нұсқа жазбаның ықпалы өте зор. Себебі қазіргі заман ұзақ-сонар баяндамаларды емес, мейлінше ықшамдылықты талап етеді. Сондай-ақ мұндай жұмыс стилінің басты ұтымды тұсы – уақыт үнемдейтіні. Президент үшін бұл – өте маңызды фактор. Себебі берілген тапсырманың дереу назарға алынып, қажетті шешімін табуы – басты мақсат. Егер салыстырмалы түрде айтатын болсақ, әлемдегі Твиттер желісін ең бел­сенді пайдаланатын саясаткер Дональд Трамп екен. Оның өзі твитін тек ағыл­шын тілінде жазады. Ал Қасым-Жомарт Кемелұлы қазақ, ағылшын және орыс тіл­дерінде, яғни 3 тілде жазады. Біздің Пре­зиденттің осы артықшылығын кешегі фильмінде ресейлік журналист А.Пиво­варов та атап өтті. Президент өзінің сайлауалды бағдар­ла­масында, кейін өткізіп жүрген жиындарда да мемлекеттік органдардың барлық деңгейдегі бірінші басшылары әлеуметтік желілерге тіркеліп, сол арқылы жұмысты жеделдетуді, тиімділігін арттыруды тапсырып келеді. Бұдан бөлек, сәуір айында Қасым-Жомарт Кемелұлының Инстаграмм же­лі­сінде ресми аккаунты ашылды. Қазір онда жарты миллионнан астам оқырманы бар. Бұлар – Мемлекет басшысының жеке аккаунттарына қатысты. Сондай-ақ ресми Ақорда сайтынан бөлек, баспасөз қызметінің Фейсбуктегі, Твиттердегі және Инстаграммдағы аккаунттары жедел түрде соңғы жаңалықтарды таратып отыр. Бұлардың тағы бір жақсы жағы – ақпаратты жедел таратып қана қоймайсыз, бірден кері байланыс орнайды. Оқырмандар өз пікірін білдіріп қана қоймай, сауал жолдап, ұсыныстарын жаза алады.

– Берік Уәлиұлы, кері байланыс демекші, осыдан біраз бұрын akorda.kz ресми сайтында Президенттің виртуалды қабылдауы ашылды. Сол виртуалды байланысқа шығып, хат жазып, хабарласып жатқандар бар ма? Жалпы оның тиімділігі қандай? – Иә, биыл 22 сәуірде www.akorda.kz сайтында Қазақстан Республикасы Пре­зи­дентінің виртуалды қабылдауы ашылды. Оның негізгі мақсаты – азаматтардың жеке немесе түрлі қоғамдық мәселелерге қатысты өтініштерін қарау, Ақорданың қоғаммен тікелей диалог орнатуына жол ашу, ел ішінде болып жатқан оқиғаларды бақылап отыру және жедел шаралар қабылдау. Виртуалды қабылдау ашылғалы, осы 3 айдың ішінде 1500-ге жуық хат келіп түсіпті. Оның жартысынан көбі қара­лып, тиісті жауаптар берілді. Ал оның тиімділігі туралы айт­сақ, есіңізде болса, маусым айының со­ңында Президент табысы аз, әлеуметтік тұрмысы төмен топтағы азаматтардың осы уақытқа дейін алған тұтыну несиелері мен олардың үстемелерін кешіру туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл санатқа көп балалы отбасылар, мүгедек балалары бар отбасылар, жалғыз асыраушысынан айырылған отбасылар, атаулы әлеуметтік көмек алатындар, жетім балалар кіреді. Олар – түрлі себептермен қиын жағдайға тап болып, өз аттарына алған кредиттік міндеттемелерін орындай алмай қалғандар. Ал бұл проблема қайдан шықты? Жаңағы айтып отырған Президенттің виртуалды қабылдауына ең көп жазылған мәселе осы кредит проблемасы екен. Сондықтан Мемлекет басшысы әлгіндей өтініштердің барлығын жинақтап, осындай шешім қабылдады. Күні кеше ғана өткен Үкіметтің кеңейтілген жиынында Президент мұның бір реттік акция еке­нін, қайта жалғасын таппайтынын ескерт­ті. Міне, виртуалды қабылдаудың тиімді­лігінің нақты мысалы осы болса керек. Президенттің виртуалды қабылдауына келіп түсетін әрбір өтініш міндетті түрде қаралады, оның бәрін бірдей Мемлекет басшысының қарауы мүмкін емес, ол кісінің басқа да шаруалары жетіп жатыр. Бірақ әр хатты Президент Әкімшілігінің қызметкерлері, құзырлы органдар қарайды. Оларға жауап жазылуы, шешім қабылдануы – Президенттің жеке бақылауында.

– Қазақстан тарихындағы екінші Президенттің алғашқы баспасөз хатшысы болу – тарихи оқиға. Жауапкершілік жүгі де жеңіл емес екені түсінікті. Жалпы Президенттің баспасөз хатшысы қандай болуы тиіс?

– Иә, Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы болу – мен үшін, шын мәнінде, тарихи оқиға. Қасым-Жомарт Кемелұлы жауапкершілігі аса зор осы міндетті ма­ған сеніп тапсырды. Президенттің сені­мін ақтау үшін және елге, мемлекетке қалт­қысыз қызмет ету үшін, журналист әріп­тестерімнің де көңілін қалдырмай, мейлінше ашық болуға тырысып, бар күш-жігерімді салып жұмыс істеп жатырмын. Баспасөз қызметі – Қазақстан Прези­ден­тінің атқарып жатқан қызметінің айнасы. Мемлекет басшысының ақпарат кеңіс­тігіндегі негізгі сенімді өкілі болғандықтан, баспасөз хатшысының жауапкершілігі өте жоғары. Қателесуге жол жоқ. Сондықтан баспасөз хатшысы осындай талаптарға сай болуға ұмтылуы тиіс.

– Сұхбат барысында Қасым-Жомарт Кемелұлының 5 тіл білетінін айтып өттіңіз. Президент көп жерде қазақша сөйлеп жүр, дегенмен былайғы жұрт ол кісіні орыстілді деп ойлайды. Мемлекет басшысы қазақ тілді БАҚ-ты оқи ма?

– Әрине, «Egemen Qazaqstan», «Айқын», «Астана ақшамы» газеттерін күнделікті оқиды. Олардан басқа «Ана тілі», «Түркістан», «Қазақ әдебиеті», «Жас қазақ», «Алматы ақшамы» секілді апталықтарды қарап, бақылап отырады. Егер жақсы мақалалар, сұхбаттар шықса, асықпай оқып, астын сызып, тіпті кейбіріне қатысты бұрыштама соғып жатады. Мерзімді басылымдарға шыққан сыни немесе проблемалық мақалаларды оқып, құзырлы органдарға арнайы тапсырмалар беретін кездері де болады. Қоғамдағы маңызды мәселелерді көтеретін телехабарларды көріп, әлеуметтік желі арқылы өзінің пікірін білдіріп отыратынын өздеріңіз де жақсы білесіздер. Мәселен, өзім жүргізген «1-студия» саяси ток-шоуына қатысты кезінде Қасым-Жомарт Кемелұлы твит жазып, жылы лебізін білдірді. Бұл ұжым үшін үлкен қуаныш болған еді. Сол сияқты ұлттық арнадағы «Дара жол» бағдарламасына да ықыласын білдіріп, шығармашылық ұжымға және журналист Дана Нұржігітке алғысын білдірген болатын. «Таңшолпан» бағдарламасының да тұрақты көрермені. «Шалқар» радиосын үнемі тыңдап отырады. «Нағыз қазаққа жақын әңгімелер айтылады» деп пікір білдіргені есімде.

Яғни қазақ газеттерін оқиды, тележобаларды қарайды, қазақ радиохабарларын тыңдайды.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Серік Әбдібек.

(«Egemen Qazaqstan», 24 шілде 2019 жыл).