Жастарға терроризм жат
Жастарға терроризм жат
Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының хатшылығы мен «Махаббат империясы» агенттігі бірлесіп, сенбі күні Тараз қаласындағы Тұңғыш Президент саябағында «Жастар терроризмге қарсы» атты акция өткізді. Мұндағы мақсат – адамзат баласын тек қасіретке душар ететін терроризм індетінің алдын алу және оған жол бермеу. Шараға облыстық ішкі істер департаментінің, дін істері басқармасының өкілдері, облыстық этномәдени бірлестіктер жанындағы жастар орталықтарының көшбасшылары, жоғары және арнаулы орта оқу орындарының білімгерлері мен мектеп ұжымдары қатысты. Акция салтанатты түрде ашылған соң жиналған жұртшылық 2011 жылғы 12 қарашада Тараз қаласындағы жантүршігерлік лаңкестік әрекеттің құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды. Мұнан соң облыстық ішкі істер департаменті мен дін істері басқармасының өкілдері терроризмнің қоғамға тигізер кесапаты туралы ойларымен бөлісіп, жастарды одан аулақ болуға шақырды. Өз кезегінде өнерпаз жастар отаншылдық рухтағы әндерді шырқап, қала тұрғындары мен қонақтарының көңілін бір серпілтіп тастады. Сонымен қатар, бұл кеште жастар ұйымы дайындаған флеш-моб та көрсетілді. – Біз осы акицяны өткізу арқылы жастарға ой салуды көздедік. Албырт жастардың әр нәрсеге ұрыншақ келетіні айтпаса да түсінікті. Сондықтан да оларға дұрыс жол көрсетуіміз керек. Жастардың жарқын болашаққа деген сенімі мен қызығушылығын оятуға талпындық. Қазіргі кезде кең өріс алған флеш-моб ұйымдастырудағы басты мақсатымыз да осы, – дейді облыстық «Достық үйі» мекемесі директорының орынбасары Ринат Бәушенов.
Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».