Әлеумет тік саясат әділ жүруі тиіс
Әлеумет тік саясат әділ жүруі тиіс
өңір тұрғындарының жартысына жуығы мемлекет жәрдеміне арқа сүйейді
Негізгі фактор – адам. Өркениетке бастаушы да сол, ізгі қоғам құруға деген талпыныс та тағы өскелең ұрпақ үшін жасалады. Мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты нысаны әрқашан халық болатыны да сондықтан. Қоғамдағы экономикалық жағдайды бақылауда ұстайтын Қазақстанның әлеуметтік саясаты еңбекақыны реттеуге, ана мен баланы қорғауға, мұқтаж жандарға қолдау көрсетуге бағытталған. Сәуір айынан бастап көп балалы аналарға төлене бастаған атаулы әлеуметтік көмек – соның бір көрінісі. Әлеуметтік саясатта масылдық пен мұқтаждықты ажырата білу қашанда маңызды. Көп балалы отбасыларды қолдау үшін берілетін қаржы діттеген жерге жетіп жатыр ма, міне мәселе осында?! Жасыратыны жоқ, жуықтап алғанда жиырма бір мың теңгеге жететін жәрдемақының «жырын» күннен-күнге құбылтып айтатындар көбейді. Біреу жиған-тергенін тығып, екіншісі бәлкім танысын жағалаған шығар?! Кімді-кім алдап отырғаны белгісіз. Бірақ тиісті сала басшылары тексере келе әлеуметтік көмекті тағайындауда кеткен кемшіліктерді анықтады. Табысын жасырып, бір тоқсанда едәуір қаржыны қарпып қалғысы келгендер тағы да мемлекет қолдауына зәру жандардың несібесіне ортақтасыпты. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев қатысқан облыстық әкімдіктегі жиында айтылды. Жиында облыс әкімінің міндетін атқарушы Нұржан Календеров еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бағытында жүктелген міндеттердің қалай орындалып жатқанын баяндады. Нақты мәліметтер арқылы тұрғындардың тұрмыс ахуалынан хабардар еткен Нұржан Сәбитұлы басқа да әлеуметтік қолдау шараларына тоқталып өтті. Сонымен негізгі статистика мынадай: өңір тұрғындарының саны 1,1 миллионнан асса, оның 124,7 мыңы зейнеткер, 45 мың мүмкіндігі шектеулі жан бар. 32,5 мың отбасы немесе 162 мың адам атаулы көмек алып отыр. 4 657 шаңыраққа шартты, 25462-сіне шартсыз ақшалай жәрдемақы төленеді. Осыған қарап-ақ ахуалды болжай беруге болады. Бұл шамамен облыс азаматтарының тең жартысына жуығы мемлекет тарапынан берілетін түрлі әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларға арқа сүйеп отыр деген сөз. Ал еңбекке қабілеттілері, тұрақты табыс тауып жүргендері қанша? Халықтың тұрмыс жағдайын түзеу үшін қаншалықты қолдау көрсетіліп жатқандығының дәлелі – осы. – Зейнетақының орташа мөлшері 69 мың теңгені, мүмкіндігі шектеулі жандардың орташа жәрдемақысы 44 мың теңгені, атаулы әлеуметтік көмектің орташа мөлшері 1 алушыға шамамен 14 мың теңгені құрайды. Атаулы әлеуметтік көмекке биыл 21,2 миллиард теңге қарастырылса, оның 1,2 миллиард теңгесі жергілікті бюджеттен бөлініп отыр. Осындай қолдауға ие болғандар арасынан жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартылғандардың үлесі 16,5 пайызды құрап отыр. Бүгінге дейін 2332 адам жұмыспен қамтылды. 12 отбасы бір реттік атаулы әлеуметтік көмек алып, жеке шаруашылықтары мен кәсіптерін дамытты. Тараз және Жаңатас, Қаратау, Шу қалаларында баспанаға мұқтаж 612 отбасын тұрғын үй кезегі жеткенше жатақханамен қамту жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа жергілікті бюджетттен 2,6 миллиард теңге қаралды. Ал мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту шараларына облыстық бюджеттен 793,6 миллион теңге бөлініп отыр. Соның нәтижесінде берген сұраныстарына қарай 54,8 пайызы тиісті құрал-жабдықтармен қамтылды, - деді Нұржан Календеров. Иә, мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау үшін жасалған жағдай – әлеуметтік теңдікті сақтаудың бір жолы екені белгілі. Дегенмен осы мақсатта тиісті қаржы бөлініп, нақты шаралар қолға алынып жатса да, нәтиже басқа. Жиында министр Бердібек Сапарбаев кері кеткен көрсеткіштерге тоқталды. – Елімізде жалпы 685 мың мүмкіндігі шектеулі жан бар. Олардың 421 мыңы техникалық-оңалту құралдарына мұқтаж. Бүгінгі күні соның ішінде 147 мыңы қажетті құралға қол жеткізген. Ал Жамбыл облысында 23,8 мыңнан астам азаматқа көмекші құрылғы қажет. Протездік-ортопедиялық көмекке зәру 4727 адамның 922-сі немесе бестен бірінің ғана сұранысы өтелген, – дей келе Бердібек Машбекұлы мемлекет қаржысын тиімді пайдалануды, көздеген мақсатқа жұмсалуын қатаң қадағалау қажеттігін ескертті. Қаржы мәселесі дегенде, түрлі айлаға басып, мемлекет қаражатын заңсыз алып келген атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған отбасылар туралы айтпай кетуге болмас. Бердібек Сапарбаев бұл қолдау тұрмыс жағдайын жақсартуға әрі қарай табысын еселеуге көмек ретінде беріліп отырғанын тұрғындарға түсіндіру керек дейді. Расында, бұл – үлкен қолдау. Нақтырақ болуы үшін министр келтірген мәліметтерге көз жүгіртіп көрейікші. Мәселен, облыста 32,5 мың отбасы көмек алады. Ал сол үйлердің 1332 адамы жұмыспен қамту шараларына қатыса алады екен. 1532 тұрғынмен әлеуметтік келісім-шарт жасалған. Өңірімізде ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшерінен төмен 60,6 мыңдай азамат бар. Ал атаулы әлеуметтік көмек 27,8 мың отбасыға тағайындалған. – Өзімізді-өзіміз алдауға шеберміз. Жасыратын несі бар, атаулы әлеуметтік көмек алу үшін бәріне баратын адамдар бар екенін көрдік. Сол үшін ажырасып жатқандар көбейді, жеке кәсіпкерлік нысанын жауып тастағандар да көп. Базардағы сауда нүктесін жауып, қазір жұмысым да, тауып жатқан табысым да жоқ дейтіндер шықты. Осыны мемлекеттік кірістер департаменті неге тексермейді? Әділет департаменті де отбасылық мәселелерге көңіл бөлгені жөн. Сәуір айынан бері ажырасып кеткен отбасылардың әлеуметтік жағдайын арнайы комиссия тексеруі тиіс. Жеке кәсібін тоқтатқандарды да назарда ұстасақ, мұндай жөнсіздікке жол бермес еді. Мемлекет қаржысы – халықтың қазынасы. Оны біреуі қулыққа басып, негізсіз алғысы келеді, – дей келе Бердібек Машбекұлы атаулы көмекті заңсыз жолмен алған тұрғындардың атын атап, түсін түстеп, нақты мысал келтірді. Әр нәрсенің сұрауы бар. Ал мемлекет қаржысының әр тиынының есебі шығарылады. Министр қазір заңсыз атаулы әлеуметтік көмек алып келгендердің алған қаржысын тиісті органдар қайтарып жатқанын айтты. Көпшілігіне берілетін көмек тоқтатылған. Біздің өңірімізде алдын ала тағайындалған көмектің 102 миллион теңгесі тоқтатылыпты. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Тимуржан Нұрымбетовтің айтуынша, атаулы көмек алған отбасылардың әлеуметтік жағдайы қайта зерделеніп, біразының қаржысы кері қайтарылған. Министр қолдау шарасы көмекке мұқтаждарға ғана берілуі тиіс екендігін ескертіп, барлық сала мамандары бұл мәселеге келгенде бірлесе жұмыс істеуі керек екендігін айтты.
көп балалы аналармен кездесті
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевтың өңірімізге сапары Т.Рысқұлов ауданында жалғасты. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жұмысымен танысқан министр бір топ көп балалы аналармен кездесті. Бердібек Машбекұлы аналарды сөзге тарта отырып, оларға атаулы әлеуметтік көмектің беріліп жатқанын, қазір қарап отырмай өзінің жеке кәсібін ашып, жұмыс істеймін дегендерге үлкен қолдау көрсетілетінін айтып өтті. Мемлекет тарапынан беріліп отырған көмек тек балаларға жұмсалуы қажеттігін сөз етті. Сондай-ақ кездесуде қойылған бірқатар сұрақтарға министр тиянақты жауап берді.
«Aq jol»-дың тілшілер тобы: Камила Борашова, Альмира Омарова, Ардақ Үсейінова. Сейсен Қожеке, журналист.