Қордайлықтар қай істе де қажырлылық танытуда
Қордайлықтар қай істе де қажырлылық танытуда
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Қордай ауданының әкімі Болатбек Байтөленің қатысуымен аталған ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары туралы баспасөз мәслихаты өтті. Ауданда мемлекеттік бағдарламалар аясында жыл басынан бері атқарылған жұмыстар аз емес. Ауданның өнеркәсіп кәсіпорындары есепті кезеңде 6999,9 миллион теңгенің өнімін өндіріп, нақты көлем индексі 104,9 пайызды құраған. Ауданда жалпы құны 49 миллиард 840 миллион теңгені құрайтын 6 жоба іске асырылыпты. Жалпы құрылыс жұмыстары барысында – 510, ал нысандардың іске қосылуы кезеңінде 877 жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланған. – Бүгінде ауыл шаруашылығы саласы – Қордай ауданының экономикасын алға сүйреуші салалардың біріне айналды. Бүгінгі күні салаға 1 281 миллион теңге көлемінде инвестиция тартылып отыр. Жыл сайын мемлекеттік бағдарламалар аясында қомақты қаржы бөлініп, ауыл экономикасы мен тұрғындардың әлеуметтік тұрмысы айтарлықтай даму үстінде. Биыл аудан бойынша барлық ауыл шаруашылығы мақсатындағы егістік жерлердің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 593 гектарға артып, 132039 гектарға жетті. Сондай-ақ облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасымен арадағы келісімге сәйкес егіс алқаптары құрылымын әртараптандыру ісі 112620 гектар аумақта жүзеге асырылды. Ағымдағы жылы себілген 36800 гектар жерге қажетті 6624 тонна арпа тұқымымен шаруашылықтар толығымен қамтылып, жоспарлы көлемі себілді. Шаруашылықтар 8000 гектарға қажетті 160 тонна дәндік жүгері тұқымын Алматы облысындағы «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ», «Будан» және аудандағы «GR-Agro» ЖШС-ларынан сатып алды. Жүгерінің ЗПСК-704, Арман-689, Тулпар-539, Марко-419, НК-Термо сорттары себілді. Қазіргі уақыт талабына сай тамшылатып суару технологиясымен қамтылған аумақтың көлемі 7627 гектарға жетті, – деді Болатбек Байқонысұлы. Оның айтуынша, аудандағы «Первомайские деликатесы» ЖШС 54,9 тонна қозы етін араб елдеріне экспорттаған. Жеке қосалқы шаруашылықтардың бірігуімен бүгінде ауданда сүт бағытында – 5, бал өнімін өндіретін, егін өсіру бағытында 8 ауыл шаруашылығы кооперативі жұмыс істеуде. Ағымдағы жылы «КазМеатКордай» ЖШС Қырғыз Республикасына 107,8 тонна сиыр етін өткізіп, бұл тұрғыда бекітілген межеге сәйкес индикатор 179,7 пайызға артқанын да атап өту жөн. Ауданда жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін жер телімін алу кезегіне 11 514 азамат тіркелген, олардың 50 пайызы халық көп қоныстанған Қордай ауылына тиесілі екен. Осыны ескере отырып, аудан орталығын дамытудың бас жоспарына сәйкес инженерлік және коммуникациялық инфрақұрылымды дамытудың облыстық жол картасына жалпы көлемі 1471 гектар құрайтын 6560 жер учаскесіне 4 жаңа тұрғын алқабы қосылып, бүгінде 3 тұрғын жай алабы бойынша мәселелер шешімін тауыпты. Аталған аумақтарда 280 орынға арналған балабақшаның, 240 орындық мектептің, спорт кешені мен 5 қабатты 10 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жүргізілетін болады. «Бүгінде жаңа тұрғын алабының инфрақұрылымын жетілдіру бойынша 6 нысанның жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, оның ішінде 50 пәтерлі көп қабатты тұрғын үйдің мемлекеттік сараптамасы алынып, құрылыс жұмыстары басталды. Жарықтандыру жұмыстарын жүргізу үшін аудандық бюджетке өтінім берілді», – деді баяндамашы бұл тұрғыда. Басқосуда журналистер тарапынан қойылған сауалдарға да жан-жақты жауаптары қайтарылды.
Ерман ӘБДИЕВ