Қоғам

Еңбеккердің қорғаны – кәсіподақ

Еңбеккердің қорғаны – кәсіподақ

Қазіргі таңда Кәсіподақтар Федерациясының құрамында жалпы еліміз бойынша еңбек ететін 6,4 миллион еңбеккердің 2 миллионын қамтитын 18 000 бастауыш кәсіподақ ұйымы бар. Былтыр ғана 35 000 адамды қамтитын 470 жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылды. Осы мерзімде республиканың көптеген өңірлерінде 2000-нан аса кәсіподақ мүшесі қатысқан 60-тан аса бастауыш кәсіподақ ұйымдарының ірі форумдары өткізілді. Облыстық кәсіподақтар бірлестігі құрамына 120 мыңнан аса еңбеккерді қамтитын 15 салалық кәсіподақ ұйымдары кірді. Бастауыш кәсіподақ ұйымдарының саны қазір 1300-ге жуық. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Төлепберген мен бірлестік төрағасының орынбасары Бақтияр Қарауловтың қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында айтылды. «Кәсіподақтар – еңбеккердің қорғаны» тақырыбында өткен жиында «60560 жамбылдық қауіпті және зиянды еңбек жағдайларында жұмыс жасайды» деген Мейрамбек Төлепберген өңірде «Қауіпсіз еңбек» бағдарламасы қабылданып, іске асырылып жатқанын да мәлім етті. Баяндамашының сөзіне сүйенсек, кәсіподақтар бірлестігі республикалық деңгейде қабылданған еңбекті қорғауға қатысты барлық іс-шараларға да атсалысып келеді. Ал жалпы облыстағы кәсіпорындар мен мекемелерде еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі бойынша 964 өндірістік кеңестер құрылып, еңбекті қорғау бойынша 1282 техникалық инспектор жұмыс атқаруда. Олардың мақсаты жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі бойынша бірлескен іс-әрекеттерін ұйымдастыру, өндірістік жарақаттану мен кәсіби аурулардың алдын алу, жұмыс орындарында еңбек қауіпсіздігі жағдайларын тексеру болып табылады. – Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыстың 377 кәсіпорнында 60560 еңбеккер қауіпті және зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейді. Оларға еңбек заңнамасы талаптарына сәйкес қосымша еңбек демалыстары, емдік тағамдар, сүт өнімдері мен қосымша ақы төленеді, – дей келе, Мейрамбек Мылтықбайұлы өндірістік жарақаттар мен жазатайым оқиғаларға қатысты деректерді де келтірді, – 2017 жылы 63 жазатайым оқиға тіркелсе, өткен жылы аймақта осындай 48 оқиға орын алды. Зардап шеккендер алдыңғы жылы 67 болса, қайтыс болғандардың саны 16-ны құраған. Ал былтыр 60 адам зардап шегіп, 10 адам қаза болды. Пайызға шақсақ, зардап шеккендер 10,5 пайызға, ал қаза болғандар 37,5 пайызға кеміген. Ал «Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Бақтияр Қараулов ұжымдық шарт жайлы сөз қозғап: – Егер 2018 жылдың соңында кәсіпорындар мен ұйымдардың ұжымдық шартпен қамтылу деңгейі 39 пайыз болса, бүгінде ол көрсеткіш 45,5 пайызды құрап отыр. Сайып келгенде, атқарылған жұмыстардың барлығының мақсаты еңбек адамының заңды құқықтары мен мүдделеріне, оларды қорғауға бағытталған. Бұл тұрғыда кәсіподақ ұйымдары қай деңгейде болмасын әрқашан аянбай еңбек етуге әзір, – деп сөзін түйді. Баспасөз мәслихаты соңында спикерлер журналистердің сұрақтарына жауап берді.

 

Альмира ОМАРОВА

Тараз қаласы.