Қоғам

Өзгерісті өзімізден бастайық!

Өзгерісті өзімізден бастайық!

Абайды оқы, таңырқа!

Бүгінде мына Аспан асты елінің тұрғындары Конфуций ілімімен тәрбиеленуде. Ұлы ойшылдың ғақлият-сөздерін қытайлықтар көрнекі орындарға, көшелерге жазып іліп қойған деп естиміз. Ал біздің Абай хакімнен тағылым аларлық жөніміз бар. Ұлттық ойымыздың ұйытқысы ол! Осы орайда елімізде туғанына 175 жыл толуы қарсаңында Шығыс пен Батыстың мәдениетін, өркениетін жетік білген дара тұлға, ұлы ақынымыз Абайдың өлеңдерін жатқа оқу эстафетасы басталуы әбден құптарлық-ақ іс болып отыр. Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл эстафетаны әу басында Ләйлім Шырақ есімді 9 жастағы мектеп оқушысынан қабылдап алып, өзінің Instagram желісіндегі парақшасында жариялаған еді. Ел Президенті Абай өлеңдерін оқу эстафетасын алғашқы кезекте білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке, мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға және бүкіл әлемді мойындатқан талантты әнші Димаш Құдайбергенге жолдады. Бүгінгі күні бұл бастамаға қолдау танытушылар қарасы молая түсті – күллі қазақ елі Абай ілімімен тәрбиелену үстінде! Эстафетаға көрнекті мемлекет және қоғам, өнер, әдебиет қайраткерлері, облыс әкімдері атсалысуда. Жуырда оған өңір басшысы Асқар Мырзахметовтің де үн қосқанын жақсы білеміз. Оны айтасыз, жыр эстафетасының географиясы кеңіп, Еуразия кеңістігінде де кең тарап жатыр. Мәселен, әзірбайжандық танымал журналист Аида Эйвазова бұл эстафетаны қабыл алып, ары қарай Қырым, Саха еліне жолдапты. Аида ханымнан бөлек бұл эстафетаға Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Якуб Өмероғлу да үн қосқан. Ол өз парақшасында Абай өлеңін оқыған бейнебаянын жариялапты. Әлеуметтік желіден қазақтың ұлттық киімін киінген алманиялық немістердің «Көзімнің қарасы» әнін қосыла шырқағанын көріп қалдық... Қалай болғанда да бұл Абайды, Абай арқылы қазақты жер-жаһанға танытудың бір оңтайлы мүмкіндігі. Шынтуайтында, ұлы ақынымыздың 45 қара сөзінің өзі адамзат баласын тал бесіктен жер бесікке дейін тәрбиелеуге қаптал жетіп тұр емес пе?! Кемел ақын, кемеңгер ойшылдың «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген, адамгершілік пен ізгілікке суарылған өсиетінің қазір де мән-маңызы айрықша. Әрине, Абай айтқан еркіндік, теңдік, мейірім мен тазалық идеясы күллі адамзатқа тән. Сондықтан Абай айтқан сөз – қазаққа ғана емес, баршаға ортақ. Абай нұсқаған жол – бәріміздің бағдарымыз болуға тиіс. Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін оқығанда қазақы ойды, философияны, ұстанымды, ерекшелікті танисың. Абай «Атаның баласы болма, адамның баласы бол», – деп айтып, осы қағидатты өзі орындап кетті. Атаның ғана емес, өз халқының, адамзаттың адал ұлы бола білді. Оның философиялық терең мұрасы күллі адамзаттың игілігіне айналғанының бір себебі – оның шығармашылығындағы жалпыадамзаттық құндылықтарды талмай лұғаттап өткендігінен де болар... Ұлыны ұлықтау, ұрпаққа қалдырған ұлағатын ұмытпау – бізге парыз. Өйткені ол да ұлтын әсте ұмытқан емес. Әр сөзінде келешегі кемел ел үшін тағылым аларлық рухани күш пен қайрат беретін нәрлі қайнар бар. «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең, істің бәрі бос», деген бір ғана сөзі еліміздің байтақ болашағы – бірлігінде, халқымыздың татулығында екендігін айқындап тұр. Әр адам Абайдан өзіне өмірлік ұстаным, рухани тірек таба алады. Абай хакім қазір де еліне өз тұғыры биігінен күнбе-күн тіл қатып «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым, ойлап қой – бес асыл іс, көнсеңіз» деп ақыл айтып тұрғандай көрінеді.

Бір түйір картоп

Бүгінде ел-жұртымыздың кәдімгідей бақуаттана бастағанының мысалымен жиі беттесіп қалатын болдық. Бұл жақсы ғой. Бұрын... бағасы қымбаттағаннан кейін бе, нанның қиқымын жерге түсірмей жеу дағдыға айналғандай еді. Ал қазір... қайран наныңыздың қоқысқа тасталып жатқаны қаншама! Тойханалардағы ысырапшылдықты былай қойыңыз. Көшеде, үй маңында, жүрер жолда пырдай болып алма, өрік төгіліп жатса, оны орағыта өтетін болдық. «Азық қой» деп иіліп, жерден көтеріп алуға «арымыз» жібермейді. Олар соншалықты харам ас емес қой. Әлдебіреудің сөмкесінен аңдаусызда түсіп қалғаны болмаса. Ана жер, мына жерде шашылып жатқан бес, он теңгелік бақырларды көзге де ілмеуге айналдық. Бұл кесірлік дегенді қойсаңызшы! Ол да кекірлік, жалған намысшылдық, ысырапшылдық, бос мақтан секілді бойымызға баттаса сіңіп қалды ғой! Осыған байланысты бір жайттың есіме түсіп отырғаны. Бірде өзім тұратын үйдің үшінші қабатындағы пәтеріме баспалдақты өрлей көтеріліп келе жатқанымда, бір жерде домалап жатқан жұдырықтай картопты көріп қалдым. Бақшалықтан жаңа қазылып алынғаны көрініп тұр. Алайда ол сол жатқанында мол жатты-ау. Оны ешкім де иіліп жерден көтеріп алмады. Бір күн өтті, екі күн өтті... Оның бұл жатысы ыңғайсыздау еді, қараңғыда оған аяғың шалынысып, тобығыңды тайдырып алуың да мүмкін. Несі бар, қабығын аршып, көжеқатық етуіңе де жарап тұр. Соны ойлап, оны үйге әкеліп, картоптарға қосып қойғанмын. Сосын бұл жайды ұмытып та кеттім... Бір жолы... демалыс күні-ау, үйде ешкім болмады да, жеңіл-желпі түскі асты өзім дайындай қоймақ болып, асханаға бас сұқпаймын ба. Қырсыққанда, тоңазытқышта бір түйір ет қалмапты. Әкеле қоярға дүкен алыстау. Бір бас пияз табылды. Ал шелек түбінде бар-жоғы бір ғана түйір картоп жатыр. Баяғы... кіреберіс баспалдақ алаңынан өзім әкелген картоп! Таңданысымда шек болған жоқ. Кездейсоқтық па, әлде... Сол күнгі түскі астың айрықша дәмді болғанын тілмен айтып жеткізу қиын, енді. Бәлкім ол, картопты айтам, маған деген ризашылығын осылай жеткізген болар!

Он мың теңге

Бұл әңгімені маған жас әріптесім айтып берді... – Бір газетте бірер жыл қызмет еткенмін. Мінәйім себеппен жұмыстан босап қалдым. Жұмыссыз бос жатыр едім. Ешкімнің де басына бермесін, үйде нан аларлық ақша жоқ. Мұндай да болады екен. Бір кезде үй телефоны без-без етіп шырылдап қоя берді. Үншалғының тұтқасын көтеріп едім, ар жағынан бейтаныс бір келіншек «Сіз біз жариялаған байқаудың жүлдегері атандыңыз. Аздаған ақшалай сыйымыз бар, келіп алып кетіңіз», – деді. Абдырап қалдым. Енді ше... үйде үнем жоқ кезде бұл бір көмек болғалы тұр емес пе? Өзімді бәйгеге кім, не үшін ұсынғанын да білмеймін. Көңілімде сенімсіздік те бар. «Батпан құйрық айдалада неғып жатқан құйрық» деген. Өзім қызмет еткен редакциядағы бір кездегі бөлім бастығына «Осылай да осылай» деп хабарласып едім, ол «Барып алмасаң, ақшаңды қайтарып алып қояды» деп ақыл қосты. Әйеліме де айтпай, барып сыйақымды алып келдім. Конверт ішінен он мың теңге шықты. Несін айтасың, сол ақшаның берекесі болды. Әлде Тәңір сыйы ма екен бұл? Нанға да, тұзға да, баламның туған күніне аз-кем сыйлық алуыма да жетті де тұрды. Қызмет істеп жүрген кезімде жүз мыңдап алған ақшамның да мұншалықты қадірі болмаған шығар-ау! «Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі аузыңнан кетпейді» деген сөздің жайдан-жай айтылмағанына сол жолы көз жеткіздім, – деп ағынан жарылды ол.

Біз мәдениеттіміз бе?

Біз тұратын көп қабатты үйдің алдына да әдемі әрі жайлы орындақтар қойылған. Қасында қоқыс жәшігі де бар. Басқасы-басқа, осы жәшік үй тұрғындарының «бас ауруына» айналғалы қаш-шан! Таңертеңгілікте келіп қарасаң, көр-жерге аузы-мұрнынан лықа толып жатқанын көресің. Біреу әдейі түн жамылып келіп бөтелке, баклашкасын, басқа да бөлек-салағын үйіп-төгіп кетеді. Осы, әлде басқа үйдің тұрғыны ма, ересектер ме, балалар ма, әрі-бері өткендер ме – кім екенін бір Құдайым білсін! Көрдім-білдім деген бір жан болса неғылдейсің! Кім болса да, оны аттам жердегі контейнерге аяғы жетпей қалды ма деп күстаналаймыз, баяғы. Бұл іс күнде қайталанады да жатады. Жыл бойы сөйтті. Өйтіп-бүйтіп әлгінің «артын» тазалаған боламыз. Яғни қоқысын контейнерге апарып төгіп оның «қолын да ұзартамыз». Үй тұрғындарының жалпы жиынын өткізгенбіз. Бәрібір «ұры» ұстатпады. Сосын... әлгі қоқыс жәшігін түбінен қопарып алдық та тастадық. Мәдениетті ойлап, мәдениетсіздікке тап болғаннан гөрі осынысы дұрыс болды-ау. Өз басым бұдан мынадай қорытынды шығардым. Әлгі адам – ересек, мейлі бала болсын отбасында, қоғамдық ортасында дұрыс тәрбие көрмеген, ортақ игілік пен құндылық атаулыға жаны қас, адамгершілік әдебінен ада біреу. Қоғамдық санамыздың құбыласынан жаңылуына да сондайлардың қосып отырған «үлестері» қомақтылау болып отыр. Өкініштісі, осы!

Тілші түйіні:

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының айрықша құнды идеологиялық құжат екені баршаға белгілі.«Қоғамдық сананы жаңғырту» жобасы – жауапты да күрделі реформа. Оған тек саяси емес, елдегі экономикалық ахуал да тәуелді. Қоғамға деген көзқарас, яғни сана жүйелі түрде жаңаруға тиіс. Бұл тарихымызда бұрын-соңды болмаған жалпыға бірдей мақсат ретінде күн тәртібіне өткір қойылып та отыр. Осынау ұлы мақсатқа жету үшін әрбір адам, әрбір мекеме – баршамыз болып, жұдырықша жұмыла әрекет етуіміз қажет-ақ. Ең басты бағдар, ол – адами капиталды дамыту. Бұл тұрғыда тағы да Абай хакімге жүгінуімізге тура келеді. Ұлы ойшылымыздың өзі өмір бойы жырлаумен өткен тақырыбы, Шығыс философиясындағы хауас, иманигүл, жәуәнмірттілік танымдарынан нәр алып барып қалыптасқан толық адам туралы анықтамасы қазір қашанғыдан да маңызды. Әрбір ұлтжанды азамат осынау тұжырымдама-түйінді саналы түрде ұлты үшін, бірінші кезекте өзі үшін жүзеге асыратын болса, онда бізді алдымыздан нұрлы болашақ күтіп тұр деуге негіз жоқ емес. Ой-санамызды жаңғыртуға, рухани жаңғыруға әлі де кеш емес. Өзгерісті өзімізден бастайық, әлеумет!

 

Баймаханбет АХМЕТ

  Абайдың бесінші қара сөзі Көкірек толған қайғы кісінің өзіне де билетпейді, бойды шымырлатып, буынды құртып, я көзден жас болып ағады, я тілден сөз болып ағады. Қазақтар: «Ә, құдай, жас баладай қайғысыз қыла гөр!» деп тілек тілегенін өзім көрдім. Онысы – жас баладан гөрі өзі есті кісі болып, ескермес нәрсесі жоқсып, қайғылы кісі болғансығаны. Қайғысы не десең, мақалдарынан танырсың: әуелі – «Түстік өмірің болса, күндік мал жи», «Өзіңде жоқ болса, әкең де жат», «Мал – адамның бауыр еті», «Малдының беті – жарық, малсыздың беті – шарық», «Ер азығы мен бөрі азығы жолда», «Ердің малы елде, еріккенде қолда», «Берген перде бұзар», «Алаған қолым – береген», «Мал тапқан ердің жазығы жоқ», «Байдан үмітсіз – құдайдан үмітсіз», «Қарның ашса, қаралы үйге шап», «Қайраны жоқ көлден без, қайыры жоқ елден без» деген осындай сөздері көп, есепсіз толып жатыр. Бұл мақалдардан не шықты? Мағлұм болды: қазақ тыныштық үшін, ғылым үшін, білім үшін, әділет үшін қам жемейді екен, мал үшін қам жейді екен, бірақ ол малды қалайша табуды білмейді екен, бар білгені малдыларды алдап алмақ яки мақтап алмақ екен, бермесе оныменен жауласпақ екен. Малды болса, әкесін жаулауды да ұят көрмейді екен. Әйтеуір ұрлық, қулық-сұмдық, тіленшілік, соған ұқсаған қылықтың қайсысын болса да қылып жүріп, мал тапса, жазалы демесек керек екен. Бұлардың жас баланың ақылынан несі артық? Бірақ, жас бала қызыл ошақтан қорқушы еді, бұлар тозақтан да қорықпайды екен. Жас бала ұялса, жерге ене жаздаушы еді, бұлар неден болса да ұялмайды екен. Сол ма артылғаны? Қолымыздағыны үлестіріп талатпасақ, біз де өзіндей болмасақ, безеді екен. Іздеген еліміз сол ма?