Қазіргі уақыт тың өтейбойдағы
Қазіргі уақыт тың өтейбойдағы
Сейтхан Жошыбаев «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына лайық
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында көрініс тапқан он маңызды бағыттың алтыншысында елімізде тұрғындарды сапалы медициналық қызметпен қамту жайы қозғалады. Мемлекет басшысының бұл бағдарламасы жүзеге асып, дәрігерлік қызмет көрсету жоғары сатыға көтерілуі ең алдымен салада еңбек етіп жүрген мамандардың біліктілігі мен білгірлігіне, өз істеріне жауапкершілікпен қарауларына тікелей байланысты. Осы орайда облысымызда бұрын да, қазір де орасан табыстарға жетіп отырған, үлгі етуге әбден тұрарлық орталық барын, оны отандық медицинаның дамуына орасан зор үлес қосып келе жатқан замандасымыз, көрнекті кардиохирург Сейтхан Жошыбаев басқаратынын мақтанышпен айтар едік. Қасиетті Әулиеата өңірінің төл перзенті, Тұрар Рысқұлов ауданының Ақыртөбе ауылында туып-өскен Сейтхан Жошыбаев 1962 жылы Қырғыз мемлекеттік медицина институтын бітіргеннен бері денсаулық сақтау саласында еңбек етіп келеді. Жүрекке ең алғашқы отасын да осы жылы Қырғыз жерінде, Нарын қаласында жасаған. Арада жыл өткен соң жүрек хирургі деген атақ алып, тәжірибесі толыса келе, небір күрделі оталарды сәтті аяқтап, бауырлас қазақ пен қырғыздың қаншама ұл-қыздарының өмірін сақтап қалып, үлкен құрмет пен беделге ие болды. Қолы жеңіл, емі шипалы, білікті де білгір, ізденгіш маман орда бұзар отызында ғылым кандидаты, араға он жыл салып ғылым докторы атанған. Кардиология жөніндегі көптеген халықаралық ұйымдар мен одақтарға мүше болып қабылданып, сол кезде-ақ есімі шетелдерге танылды. 1976 жылы Бішкекте көрші елдің ең алғашқы кардиохирургиялық орталығын ашқан. Қазақстан және Қырғыз Республикасында жүрек хирургиясын дамытуда жоғары жетістіктерге жеткен Сейтхан Жошыбаевтың Таразда, біздің көз алдымызда атқарған игі істері қаншама?! Туған өлкесіне оралған 2007 жылы қаланың дәл іргесіндегі Тұрар Рысқұлов атындағы шипажайдан жекеменшік кардиологиялық орталық ашты. Тез-ақ емдеу шараларын жүргізуде жақсы істерімен танылған орталыққа көрші облыстардан, тіпті жақын шетелдерден келушілер ағыла бастады. Іскер де ізденгіш , табанды да тапқыр, ересен еңбекқор Сейтхан Жошыбаев Тараздың орталығынан сәулетті де келісті ғимарат ашты. Ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығы осында орналасқан. Сейтхан Жошыбаевтың өзі құрған және табысты басқарып келе жатқан бұл медициналық мекеменің даңқы соңғы он жылдан бергі уақытта алысқа кетіп, шетелге де жетті. Инновациялық жаңа технологиялар қолданылатын орталықта Орта Азия аймағында ең алғаш рет жүрекке имплантация жасалған! Бертін келе ол жүрек ақауымен дүниеге келген сәбилерге де жасалынатын болды. Бұл деген үлкен жетістік. Орталықта 2008 жылдан бері 3600 ота жасалған болса, оның 3000-ын Сейтхан Жошыбаевтың өзі атқарған. Олардың арасында жүрек ақауымен дүние есігін ашқан 30 сәби бар және ол нәрестелердің өмірі сақтап қалынды. Жүрек-қан тамыры хирургтері зор сенім білдіріп, үлкен құрметпен алтын қолды оташыны өздерінің республикалық Ассоциациясының президенті етіп сайлаған. Жалпы алғанда, Сейтхан Жошыбаевтың басқаруымен адам жүрегіне 20 000 ота жасалынған. Осындағы 6000 науқастың жағдайы өте қиын болғандықтан, оларды өзі жүргізіп, сәтті аяқтаған. Мұны ерлік демей немене?! Қаншама адамды ажал аузынан аман алып қалды. Әрқайсысының да отбасы бар, мың-мыңдаған жан қуанышқа кенелді. Бүгінде Тараздағы ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығына Сейтхан Жошыбаевтың шеберлігінен тәлім алып, үйренуге алыс және жақын шетелдерден келіп жатқандардың қарасы көп. 2010 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығы берілген орталықта дүниежүзіне танымал кардиолог мамандардың қатысуымен халықаралық конференциялардың өткізілуі қалыпты жағдайға айналған. Сейтхан Жошыбаевтың өзі де шақырумен жиі шетелге шығып, кәсіби шеберлік сағаттарын өткізіп қайтады. Дәрігерлер бригадаларын басқарып Алматы, Қарағанды, Семей, Көкшетау қалаларында жүрекке күрделі ота жасап оралған кездері де аз емес. Медицина ғылымында өз мектебі қалыптасқан профессор Сейтхан Жошыбаев 4 ғылым докторын, 12 ғылым кандидатын тәрбиелеген. Бүгінде олар еліміздің әр қиырында жемісті қызмет атқарып жүр. Кардиология саласына қатысты 250-ден аса ғылыми еңбектерін жариялады, 10 өнертапқыштық еңбегі патент алды. Жамбылдықтар Сейтхан Жошыбаевтың бастамасымен қолға алынып, өткізіліп келе жатқан «Таза жүрек» жобасы жайынан да хабардар. Бұл жоба бойынша ауыл тұрғындары тексеруден тегін өтеді, құнды дәрігерлік кеңестер алады. Жалпы, Сейтхан Жошыбаевтың ғалымдық, азаматтық тұлғасын биіктете түсетін мұндай жарқын мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Біз білетін, кездесе қалсақ кішіпейілдігі мен кісілігін танытып, алдымен өзі хал сұраудан бастайтын Сейтхан Жошыбаев – өмірде өте қарапайым, артық ауыз сөзі жоқ, туған халқына қызмет етуді мақсат тұтқан азамат. Адамдарға, әсіресе жанына дәру іздеп алдына келген науқастарға деген қайырым-мейірімінің шексіздігі таңдандырмай қоймайды. Сірә, халықтың қадірлісіне айналуының бір ұштығын бойындағы жақсы қасиеттердің молдығынан іздеген дұрыс-ау. Биік жетістіктерге жету арқылы болмысы, жаратылысы ерекше екендігін дәлелдеген Сейтхан Жошыбаев тәуелсіз еліміздің жоғары марапаттары – «Парасат» және екінші дәрежелі «Барыс» ордендерінің, бірқатар медальдарының иегері. Бұл марапаттарын Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан алған. КСРО мен Қазақстанның денсаулық сақтау ісінің үздігі, Жамбыл облысы мен Тұрар Рысқұлов ауданының Құрметті азаматы, академик Сейтхан Жошыбаев туралы «Всем сердцем своим..» атты деректі фильм де түсірілген. Ел алғысына бөленген Сейтхан Жошыбаевты қазіргі заманның Өтейбойдағы деп те атайды. Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы – XV ғасырда жасаған қараүзген шипагер, ғұлама ғалым, талай елде болған жиһангез. Екеуінің арасында ұқсастық шынында да көп. Шипагерлік пен ғалымдықты қатар алып жүргендері, әлемге танылғандықтары... Жасы сексеннің сеңгіріне шықса да академик Сейтхан Жошыбаев әлі тың, аса еңбекқорлығы да сол қалпында. Еліме көп пайдамды тигізсем, Таразды таңдаулы медицина орталығына айналдырсам дейді. Тынымсыз әрекет иесі өзі басқаратын орталыққа жүректі ауыстыруға қажет барлық жабдықтардың орнатылуына қол жеткізді. 2018 жылы Сейтхан Жошыбаевтың өзі орталықта науқасқа жасанды жүрек салу отасын сәтті жүргізді. Бір-ақ рет. Осы арқылы орталықтың трансплантациялық оталар жасауға барлық жағынан дайын екендігін дәлелдеп шықты. Ал бұл істі әрі қарай жалғастыру үшін рұқсат алуға біршама уақыт берілген екен. Сол бөлінген мерзім біткеннен кейін орталықта жүрек алмастыру оталары жалғасатын болады. Қорыта келгенде айтарымыз – мыңдаған адамдардың ғұмырын ұзартқан, қолы жеңіл оташы, алғысқа бөленген шипагер, зерделі ғалым, биік адамгершілік қасиеттерімен де ел сүйіспеншілігіне ие болған жайсаң азамат Сейтхан Жошыбаевтың еңбегі лайықты бағаланса демекпіз. Өйткені өңіріміздің алдағы 80 жылдық мерекесіне орай алтын қолды оташыны ең мәртебелі «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алуға ұсынудың уақыты жетті деп білеміз. Бізді облыс жұртшылығы қолдайтынына, биліктегілер де құлақ асатынына сенеміз. Тілеуқабыл ТӨРЕБЕКОВ, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, ҰОС ардагері; Жандар КӘРІБАЕВ, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, ҚР Парламент Сенаты екі шақырылымының депутаты; Нәрейім СЕЙДУАЛИЕВ, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, тыл еңбеккері; Аманкелді КАРЕНТАЕВ, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, экономика ғылымдарының кандидаты; Өскенбай МӘДИЕВ, ҚР ҰҒА академигі; Саттар ЖАНӘБІЛОВ, Жамбыл облысының Құрметті азаматы; Шәріп ДӘУЛЕТБАЕВ, облыстық ардагерлер кеңесінің төралқа мүшесі.
Редакциядан: түпнұсқаға аталған кісілердің қолы қойылған.