Жобаға қатысып, тегін білім ал
Жобаға қатысып, тегін білім ал
2014 жылдан бастап Елбасы тапсырмасымен «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» – «Серпін – 2050» жобасы қолға алынды. Жоба мақсаты – оңтүстік аймақтың жастарына өндіріс орындары дамыған, жұмысшы күші тапшы Ақтөбе, Атырау, Батыс, Шығыс, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Қостанай, Қарағанды өңірлерінің жоғары оқу орындары мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында тегін білім беріп, жұмысқа орналасуларына мүмкіндік туғызу. Оған 2014 жылы аталмыш өңірлердегі 7 жоғары оқу орны мен 25 колледж қатысса, былтыр 24 ЖОО, 25 колледж қатысқан. Біздің облыстан алғашқы жылы 172 жас тегін білім алса, былтыр олардың саны 224-ке жеткен. Бес жыл ішінде «Серпін-2050» аясында барлығы 1384 студент білім алған. – Оның басты талабы – бұған тек ауыл жастары қатыса алады. Биыл Қазақстан бойынша жобаға 5109 грант бөлініп отыр. Грант бойынша оқу үшін жоғары балл жинау да міндетті емес. Балы 50-ден асқан кез келген түлектің тегін оқуға мүмкіндігі бар. «Серпін-2050»-дің бұдан басқа да артықшылықтары көп. Студенттер шәкіртақымен, жатақханамен, туған жерлеріне барып-келу жолақысымен қамтамасыз етіледі. Колледж студенттерін 3 мезгіл тамақпен қамтамасыз ету жағы да қарастырылған. Ауыл жастарын неғұрлым көбірек тартып, тегін білім алуларына ықпал ету мақсатында біз үгіт-насихат жұмыстарын ұдайы жүргізіп келеміз. Аудандарда көшпелі отырыстар, мектептерде кездесулер, журналистермен брифингтер өткізіп, бұқаралық ақпарат құралдарына жарнамалар жариялаудамыз, – дейді М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың техникалық-кәсіптік білім беруді дамыту орталығының директоры Бекбол Қайыпчаев. Ал Қостанай облыстық Рудный индустриалды институтының кафедра меңгерушісі Зәуреш Хабдуллина: – Біздің оқу ордамыз «Серпін-2050» жобасы аясында 11 мамандық бойынша білім береді. Студенттер жатақханамен, шәкіртақымен, тегін интернет желісімен, wi-fi-мен, жолақымен толықтай қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ біз ҰБТ-да 50 балдан төмен жинаған жастарды да тегін оқыту мәселесін қарастырамыз. Ол үшін облыс әкімінің, оқу орнының, өңіріміздегі түрлі мекемелердің арнайы гранттары бар. Жалпы, институтымызда оқығысы келетін түлекке біз 1 қыркүйекке дейін тегін білім алудың түрлі жолдарын көрсетеміз, – дейді. Ал жоба бойынша еліміздің басқа өңірінде тегін білім алғысы келетін түлектер Тараздағы М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің, Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің қабылдау комиссиясына 20 шілдеге дейін құжаттарын тапсыра алады.
Эльвира Жарылқасынова