Саясат

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі – ашық диалог алаңы

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі – ашық диалог алаңы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрылуы көңілімізге үлкен сенім ұялатқаны рас. Бұл Президент жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып саналатындықтан, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда, саяси реформалар, əлеуметтік, экономикалық шешімдер жасауда кеңеске айтарлықтай маңызды мәртебе беріліп отыр. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің негізгі мақсаты – жұртшылықтың, саяси партиялардың, азаматтық қоғам өкілдерінің мемлекеттік саясатқа қатысты өзекті, маңызды мәселелер бойынша бастамалары мен ұсыныстарын тұжырымдау. Ал тұжырымдамалардың, мемлекеттік бағдарламалар мен нормативтік-құқықтық актілердің жобаларына қоғамдық сараптама жүргізу, жұртшылықтың, азаматтық қоғамның пікірін ескере отырып, маңызды стратегиялық проблемаларды қарау, сындарлы диалогті қамтамасыз ету – кеңестің негізгі міндеттері саналады. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың елге етене жақын болуының алғашқы алғышарттары осында болса керек. Кеңестің құрылуы бір жағынан қоғамдағы сан алуан пікірлерді ескеріп, ұсыныстарды жинауға мүмкіндік береді. Екінші жағынан қоғамда негізгі ашық диалог алаңын құруға көмектеседі. Мұндай шынайы диалог алаңы қоғамға өте қажет. Сенім кеңесінің құрамы 42 адамнан жасақталғаны және оның мүшелердің түрлі сала өкілдерінен құралғанының өзі біздің демократиялық зайырлы қоғам екендігімізді көрсетсе керек. Кеңес мүшелеріне үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Жалпы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жұмысы қоғам үшін де, билік үшін де жаңғыру уақытының келгендігін айқындаса керек. Өйткені қазіргі қоғам биліктің елдегі қоғамдық-саяси үдерістерді белсенділікпен жүргізгенін қалайды. Алмас МҰХТАРОВ, аудандық мемлекеттік архивтің директоры.

Талас ауданы.