Саясат

Құқық саласындағы Көрсеткіштер көңіл көншітпейді

Құқық саласындағы Көрсеткіштер көңіл көншітпейді

Ағымдағы жылдың 6 айында былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда жол-көлік оқиғаларының саны 543-тен 598-ге артып, қаза болғандар 71,8 пайызға және жарақат алғандар 26,2 пайызға өскен. Республикалық маңыздағы автожолдарда орын алған жол-көлік оқиғалары – 12,6, қаза болғандар 169,2 және жарақат алғандардың саны 38,9 пайызға өскен. Ал жергілікті маңыздағы автожолдардағы жол-көлік оқиғаларының саны 95,3 пайызға, қаза болғандар 80 және жарақат алғандар 143,5 пайызға өскен. Бұл туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековтің қатысуымен өткен құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында айтылды. Аудан басшылары мен комиссия мүшелері қатысқан селекторлық отырыста негізінен адам саудасы, нашақорлық және есірткі бизнесіне қарсы күрес, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларының жартыжылдық көрсеткіштері сөз болды. Жиында қаралған бірінші мәселе – адам саудасына келер болсақ, былтыр 2018-2020 жылдарға арналған жоспар бекітіліп, соның шеңберінде мүдделі мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыстар атқарылып жатқан көрінеді. Мәселен, биылғы 1 ақпан мен 30 наурыз аралығында облыс аумағында полиция департаментімен «Қашар» жедел-профилактикасы ұйымдастырылып өткізілген болатын. Іс-шараның негізгі міндеттері заңсыз еңбек көші-қонын және балалар еңбегін пайдаланушылықты анықтау болатын. Аталған мақсатта 1715 шаруа қожалығы тексерілген. Қуанышқа орай, олардың ешқайсысынан мұндай факт тіркелмепті. Алайда Қылмыстық кодекстің 125-бабы, яғни адам ұрлау бойынша соңғы айда екі дерек тіркелген. Оның бірі жақында облыстық перинаталдық орталықта болған нәресте ұрлығы болса, екіншісі – 16 маусымда түнгі сағат 2:30-да орын алған оқиға. Онда үш тұлға 1980 жылы туған Р.Н. есімді азаматты еркінен тыс ұрлап Шымкентке қарай бет алған. Осы және өзге де деректерді келтірген облыстық полиция департаменті криминалды полиция басқармасының бөлім басшысы Кенжалы Смағұлов: – Қылмыстық кодекстің 128-бабы бойынша, яғни адам саудасына байланысты бір қылмыстық іс құпиялық режімде тергелуде. Сонымен қатар есеп беру мерзімінде қабылданған жедел-тергеу іс-шараларымен Қылмыстық кодекстің 309-бабы бойынша жезөкшелікпен айналысуға арналған притондарды ұйымдастыру немесе оларды ұстау және жеңгетайлық жасағаны үшін 9 қылмыстық іс қозғалды. Мысалы, Қордай ауылынан оннан аса әйелді теріс жолмен табыс табуға итермелеп, притон ұйымдастырғандар құрықталған. Ұсталған жеңілжүрістілердің бесеуі – қырғыз азаматшалары. Одан бөлек, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 450-бабы – көрінеу жезөкшелікпен айналысу немесе жеңгетайлық үшін үй-жайлар ұсынғаны үшін екі азаматша әкімшілік жауапкершілікке тартылды және 449-бабына сәйкес, қоғамдық орындарда тиісу фактілері бойынша 32 әкімшілік іс қозғалды, – деді. Ал биылғы алты айдағы заңсыз есірткі айналымына қарсы күрес жөніндегі жұмыстар туралы есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы Асхат Алметов есеп берді. Баяндамашы бұл мәселе бойынша синтетикалық есірткі заттарын анықтау бағытында Тараз қаласының үйлері мен ғимараттарының қабырғаларындағы граффити жазуларды жою бойынша тұрақты негізде іс-шаралар ұйымдастырылып келетіндігін жеткізді. Нәтижесінде қала бойынша 450-ге жуық жазба жойылыпты. Жүргізілген іс-шаралар барысында 2000 жылы дүниеге келген тараздық Константин Шарунов ұсталып, оған қатысты әкімшілік хаттама толтырылған. Қорытындылай келе, Асхат Аманқұлұлы аймақта нашақорлық пен есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жұмысының тиімділігін әрі қарай арттыруға байланысты өз ұсыныстарын да ортаға салды. – Бүгінгі таңда қоғам дерттерінің бірі ретінде синтетикалық есірткіні атап өтуге болады және оны байланыссыз сатудың жаңа әдістері пайда болды. Жоғарыда айтып кеткендей, граффити жазбаларды өшіру департаменттің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы тарапынан ұйымдастырылған іс-шара кезінде ғана өшірілді. Осыған орай сізден, Бекболат Серікбекұлы, «Жасыл ел-Тараз» және тағы басқа ұйымдарға күнделікті жұмыс барысында немесе әр сенбілік сайын граффити жазуларды жою бойынша нұсқау беруіңізді сұранамын, – дей келе, ол өзге де жайттарға тоқталды. Есірткі бизнесіне қарсы күрес жүргізу өңірімізде ғана емес, бүкіл республикада өзекті саналады. Тіпті Президент назарында тұрған нашақорлық барша отбасы, әрбір шаңырақ үшін қауіпті екені айтпаса да түсінікті. Ал ұсталған граффити жазбалардың 19 жасар «шебері» Костяға Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы бойынша ұсақ бұзақылық жасады деу тым жұмсақтау көрінгені де жасырын еместігін айтқан ләзім. Өйткені ол аталмыш баптағыдай, «қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, жеке тұлғаларға қорлап тиiсу, тұрғын үй-жайларды қорлау, ортақ пайдалану орындарын, саябақтарды, скверлердi ластау, оның iшiнде белгiленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастау және айналасындағыларға сыйламаушылықты бiлдiретiн, қоғамдық тәртiптi және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын басқа да осындай әрекеттер» жасап қана қоймай, ұсталғанға дейін синтетикалық есірткіні ашықтан-ашық жарнамалау арқылы кейбір азаматтардың санасын улап үлгермеді десек шындыққа жанаспас. Селекторлық отырыс соңында облыс әкімінің бірінші орынбасары, облыс әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия төрағасы Бекболат Орынбеков алты айдың қорытындысы бойынша бірқатар жұмыстар атқарылып жатса да, көрсеткіштер көңіл көншітпегенін қадап айтты. Әлі де кемшіліктер барын айтып, тиісті мамандарға нақты тапсырмалар берді.

Альмира Омарова