Экономика

Қамбаға шамамен 167 мың тонна астық құйылды

Қамбаға шамамен 167 мың тонна астық құйылды

Өңірімізде астық орып, дән бастыру ісі екі апта бұрын басталды. Биыл облыста Жамбыл және Т.Рысқұлов аудандарының шаруашылықтары ақ егіске алғашқылар қатарында орақ салды. Ал облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Құлкеевтің айтуынша, бүгінгі таңда бұл іске барлық ауыл шаруашылығы құрылымдары жұмылдырылуда. – Олардың саны 19 мыңға жетіп жығылады. Алпыс пайызы өсімдік шаруашылығына мамандандырылған. Алайда барлығының жеке техникасы жоқ, бұл тауарлы өндірістік уақ шаруашылықтардың егін жинауда артта қалуына себеп болды. Сондықтан олар өз кезегін күтуде, – дейді ол. Биыл облыс бойынша 328,7 мың гектар алқаптан астық жиналуға тиіс. Өткен жылмен салыстырғанда дәнді масақты дақылдар алаңы 50 мың гектарға ұлғайтылған. Шаруашылықтар иелігінде 780 бірлік астық жинайтын комбайн бар. Қазіргі уақытта егіс даласында 436 адам еңбектенуде. Бүгінде барлығы 85,7 мың гектар алқаптың дәнді дақылдары жиналып, 166,8 мың тонна астық бастырылды. Өңірімізде астықтың орташа өнімділігінің гектар айналымы 19,5 центнер деңгейінде тіркеліп отыр. Өңірде астықты ұйымдасқан түрде қабылдау пункттері жоқ, себебі жергілікті бидай негізінен үй жануарлары азығына пайдаланылады. Ұн тарту өндірісі үшін жарамдыларының көлемі аз сыңайлы. Сондықтан шаруашылықтар жиналған астықты өз беттерінше ұйымдастырылған сақтау орындарына жинап отыр. Жеңілдетілген бағамен берілетін дизель отынының қоры жеткілікті және ол агроқұрылымдарға белгіленген мөлшерде операторлар арқылы таратылып отыр. – Дизельдік отын жеткізу мәселесі шешілген, бірақ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді баға мәселесі толғандыруда. Қазіргі уақытта жанар-жағар май құны реттелмейді. Бұл тұрғыдағы қолдау көрсетудің бірден-бір жолы, ол – дизель отыны фермерлерге нарықтық бағадан 15 теңгеге төмен бағамен сатылады. Сонымен қатар операторлар қоймаларында жанар-жағармай қоры да жеткілікті, – деп атап өтті Ерлан Құлкеев. Бүгінгі күні өңірдегі шаруашылықтарда тағы бір мәселе – техниканы жаңарту өткір күйінде қалып тұр. Облыста өндірістің ұсақ тауарлылығына байланысты ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға мүмкіндігі жоқ шаруашылықтар да бар екен. – Егер фермерде 20 немесе 40 гектар егістік алқабы бар болса, ол заманауи астық жинайтын комбайн сатып ала алмайды, өйткені шығындар өтелмейді, – деп түсіндірді бұл мәселені облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары. Сондай-ақ ол қуаттылығы аз бір комбайнның маусымдық өнімі 200-300 гектарды құрайтындығын да алға тартады. Ұсақ шаруашылықтар үшін мұндай сатып алу тиімсіз. Сондықтан шағын шаруашылықтарды кооперативтерге біріктіру бағдарламасы керек. Ол астық өндірісіндегі еңбек өнімділігін арттыруға бағытталады. Әлбетте, ескі комбайндар көп астық жоғалтады. Мысалы, СК-5 бір гектар аумақтан 30 пайызға дейін өнімсіз шығынға жол береді. Айталық, егер бір гектарда жоспарланған өнім екі тоннаны құраса, шығын 600 килограмға жетуі мүмкін. Қазіргі заманауи комбайндар шығыны бар болғаны үш-ақ пайызды құрайды. Айырмашылық айтарлықтай, – дейді Е.Құлкеев. Сондықтан диқандарға инвестициялық субсидиялау сияқты мемлекеттік қолдауды пайдалану ұсынылып отыр. Ол жаңа заманауи ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға ықпал етеді, бұл ретте шығындардың 20 пайызын мемлекет өтейді. Бұл-тауар өндіруші ұсақ шаруашылықтар үшін тиімді-ақ іс.

Ерман Әбдиев